Accessibility links

Қазақстанның үкіметтік комиссиясы Шахтинск шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына өтемақы мен жәрдемақыны белгіледі

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қарағанды облысындағы «Испат-Кармет» ашық акционерлік қоғамының Шахтинск шахтасында болған қайғылы оқиға қазақстандықтардың қатты қобалжуын туғызып отыр. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар жөніндегі министрі Владимир Школьник пен Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Мұхамбет Көпей басқарған үкіметтік комиссия апаттың себептерін зерттеуде.

Тәуелсіз кәсіподақтардың жетекшілері «Испат-Кармет» тарапынан зардап шегушілерге және қаза тапқан шахтерлердің отбасына моральдық және материалдық өтемақының өз дәрежесінде көрсетілетіндігіне күмән келтіріп отыр. Қазақстанның еңбекшілер конфедерациясының президенті, Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Әбдрахманов қайғылы оқиғаның орын алуына «Испат-Кармет» акционерлік қоғамының басшылығы кінәлі деп есептейді. Қазақстанның Премьер министрінің орынбасары Бірғаным Әйтімова болса, «Шахтинск» шахтасындағы жарылысқа байланысты құрылған үкіметтік комиссияның сол жерде жұмыс жасап жатқандығын, алдын-ала болжам жасауға әлі ерте екендігін айтады.Қазақстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Талас Сағымбаевтың айтуынша, «Шахтинск» шахтасында қаза тапқан 24 жұмысшы осы кәсіподақ ұйымының мүшелері екен. Қазақстанның «Еңбек кодексіне» сәйкес, өндіріс орнында қаза болған жұмысшылардың отбастарына он жыл көлеміндегі орташа айлық жалақы мөлшеріндегі сома төленуі тиіс көрінеді.Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары конфедерациясының төрайымы Валентина Севрюкова болса, «Испат-Кармет» акционерлік қоғамы мен жұмысшының жасасқан келісім-шартында мұндай жағдайда материалдық шығын мәселесі қаралмаған болса, оны сот арқылы шешу қиын екендігін айтады. «Егер де келісімде бұл жай көрсетілмеген болса, онда асыраушысынан айрылған отбасы өз проблемасымен өзі қалады»,-дейді. Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының Қарағанды облысындағы өкілі Павел Шумкин «Егер жапа шеккендердің отбасылары мен өздері табанды түрде талап етпейтін болса, онда өндіріс басшылары қанша қаржыны қолайлы деп тапса, солай шешіледі»,-дейді. Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев болса, он жылдық жалақы шамамен 30 мың доллар болса, шахтердің отбасына өтемақы болып жарытпайды деген ойда. Өндірісші қаза болған жағдайда оның өтемақысы халықаралық заңдарда қандай деңгейде орындалатындығы туралы түсініктеме беруін сұрағанымызда Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орта Азия бойынша өңірлік департаментінің директоры Фридрих Буттлер мырза: « Біз қандай елде өтемақы мөлшері қандай болуы керектігін бағламаймыз. Ол ұлттық заң негізінде қаралады» деген жауап берді. Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Бірғаным Әйтімова қазаға душар болған отбасыларға көмек жайын үкіметтік комиссияның сараптау қорытындысы анықтайтындығын айтып отыр. «Азаттық» радиосының оқиға орнында жүрген тілшісі Ерлан Атамбайдан соңғы мәліметтер туралы сұрап білген едік. Ерлан Атамбайдың айтуынша, «Испат-Кармет» ашық акционерлік қоғамының басшылығы қаза тапқандардың әйелдеріне 10 жылдық орташа жалақы көлемінде өтемақы төлейтіндігін мәлімдеген. Сонымен қатар қазаға ұшырағандардың кәмелетке толмаған балаларына 18-ге келгенше жәрдемақы төленіп тұрмақ. Ал қаза тапқандардың артында кәмелетке толмаған 31 бала қалыпты.
XS
SM
MD
LG