Accessibility links

Дариға Назарбаева: Парламентке БАҚ туралы баламалы екі заң жобасынан бір жоба жасалып ұсынылады


Қазақстанның Журналистер конгресінің атқару комитеті «БАҚ туралы» заң жобасын желтоқсанның 7-сі күні Астанада өткен кезекті отырысында қарады. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың айтуынша, бас қосуға қатысқандар бұқаралық ақпарат құралдарына салынатын қосымша құн салығынан босату мерзімін ұзарту, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу мәселелерін қараған. Аталған ұйымның өкілдері «БАҚ туралы» үкіметтік жобамен келіспейтін тұстары бойынша келісім комиссиясын құруды ұсынып отыр.

Қазақстанның Журналистер конгресінің төрайымы Дариға Назарбаева қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын 2010 жылға дейін қосымша құн салығынан босату жөнінде Қазақстан Президентінің атына хат жолдағандығын атап өтті. Журналистер конгресінің мұндай қадамға бару себебін «Айғақ» газетінің редакторы Дулат Әбіш қазақстандық басылымдардың әлі нарыққа бейімделе алмай отырғандығын, сондықтан қосымша құн салығынан бес жылға дейін босатудың қажет екендігін айтады. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев болса, Қазақстанның баспасөз құралдары нарыққа әлі бейім емес. Бәсекеге төтеп бере алмайды дей келіп қоғамдық телеарна құруға да ерте деген ойын айтты. Ал, «Әділ сөз» қоғамдық ұйымының өкілі Ғалия Әженова болса, қоғамдық теледидар құруға ерте емес деп есептейді. «Билік басындағылар мен соған жақын жүргендер Қазақстанды демократиядан алшақтата түскісі келеді»,-дейді. Қазақстанның Журналистер конгресінің төрайымы Дариға Назарбаеваның айтуынша, ұйымның атқару комитеті теледидар мен радиода мемлекеттік тілдің 50-де 50 пайыз ретіндегі берілу мерзімін тәулік ішінде реттеу жөнінде ұсыныс жасалған. «Әділ сөз» қоғамдық ұйымының өкілі Ғалия Әженова : «Журналистер конгресі ұсынып отырған заң жобасында ақпарат құралдарын тіркеу күрделене түскен және ақпарат құралдарына монополияны сақтап қалғысы келетіндігі білініп тұр»,- дейді. Дариға Назарбаева қазіргі таңда «БАҚ» туралы үкіметтік жоба мен Қазақстанның Журналистер конгресі ұсынып отырған жоба негізінде келісім комиссиясы жұмыс істеуге тиіс екендігіне тоқталды.
XS
SM
MD
LG