Accessibility links

Студенттер мен академия арасындағы сот ісі оқу орнының пайдасына шешілді


Сейсенбі, желтоқсанның 7-і күні Алматы қаласындағы Жетісу аудандық сотының судьясы Лариса Ким Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы студенттерінің талабы бойынша сот отырысын өткізіп, студенттердің үстінен қарсы шағым түсірген академия өкілдерінің пайдасына шешім шығарды.

Аталған оқу ордасында 2 жыл білім алған Қайрат Жасұзақов: «академия басшылығы оқу ақысын негізсіз қымбаттатып жіберді. Осы талаппен келіспей, оқуды ары қарай жалғастырудан бас тартқан соң, бізден өткен 2 жылға 80 мың теңгеден ақы төлеуімізді талап етті. Біз бұл шешіммен келіспейміз. Алдағы уақытта қалалық сотқа, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шағым жолдамақпыз» дейді. Академия проректоры Нұржан Сүтемгеновтің айтуынша, керісінше, студенттердің бұлайша мінез көрсету қисынға келмейді.

Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының студенті болған Қайрат Жасұзақовтың айтуынша, оқу ақысының қымбаттауына наразылық білдірген 1 топ студент сотқа жүгінбес бұрын, оқу орны басшылығының алдына талай мәрте барыпты:

- Біз өткен 2 жыл ішінде сотқа бермес бұрын ректорға бінеше рет бардық. Сонда ректор бізге: «сендер онсыз да су тегін оқып жатырсыңдар, ұнамаса басқа жоғары оқу орнына ауысыңдар» деді. Біз осы оқу жылының басында басқа институтқа ауысамыз дегенде, академия басшылығы бізге құжаттарымызды бермей қойды. Ақыр аяғында біздің 1 жылымыз текке кетті. Қазір енді бізді ешбір жоғары оқу орны оқуға қабылдамайды ғой.

Аталған академияда Тараз қаласынан келіп білім алып жатқанын айтқан Қайрат Жасұзақов: «оқу орны басшылығының бізден талап етіп отырған 80 мың теңгесі қайдан алынған сома екенін білмеймін» дейді:

- Бұл 80 мың теңгенің қайдан келгенін анықтау туралы сотқа өтініш бергенбіз. Шынтуайтына келсек, 80 мың деген аз ақша емес. Біздің топтағы балалардың жағдайлары жақсы емес. Сондықтан, олар басында осы жылына 64 мың теңге төлейтін оқуға түсті емес пе. 120 мың төлеп оқуға біздің шамамыз жетпейді. Яғни, академия басшылығы талап етіп отырған 80 мыңды беруге менің жағдайм көтермейді.

Академия заңгері Кәрібай Тасшабаевтың айтуынша, Үкімет жыл сайын әрбір студенттің 1 жылдық оқуына қанша қаражат кететіндігін белгілеп отырады. «Биыл бұл сома - 120 мың теңге болды. Осыған орай, біз де оқу ақысын қымбаттатып отырмыз» дейді:

- Оқу ақысы 120 мың теңгеден төмен болатын болса, лицензия берілген кездегі талаптарға сәйкес, жоғарғы бақылаушы органдар келіп оқу орнын тексеріп, оның лицензиясын уақытша тоқтата алады, болмаса, мүлдем алып қоюға құқықтары бар. Сондықтан, бұл студенттерге осыған дейін жарты ақшасын академия есебінен төлеп келдік. Бұл дерек сотта дәлелденді. Сонда 1 студент 64 мың төлесе, жыл сайын академия қалтасынан 40 мың теңге шығып отырған. 2 жылда ол сома 80 мың болады.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан 2 жыл бұрын Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының ақылы бөліміне жыл сайын 64 мың теңге төлеп отыратын болып келісім-шарт толтырып, оқуға қабылданған студенттер араға екі жыл салып, ол соманың қымбаттап кеткеніне наразылық танытып, Алматы қаласындағы Жетісу аудандық сотына шағым түсірген болатын. Судья Лариса Ким студенттердің ол талабын қанағаттандырмай тастады. Академия студенті Диляра Баймұқашева: «жуырда президент Нұрсұлтан Назарбаев несиелік жүйемен оқитын студенттердің оқу ақысын қымбаттатқан министр Жақсыбек Құлекеевке сөгіс жариялағанда, біздің талабымыз да оң шешілетін болар деп үміттенгенбіз» дейді:

- Біз академия басшылығынан: «неліктен біз 80 мың төлейміз» десек, олар: «сендер үшін 80 мыңды алдын-ала төлеп қойғанбыз» дейді. Сондықтан, құжаттарымызды ала алмай, осы 1 жылымыз босқа кетті.

Сотқа шағымданған 10 студенттің үстінен қарсы шағым түсірген Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының проректоры Нұржан Сүтемгенов: «сот шешімі әділ болды» деп отыр:

- Академия мен студенттің арасында келісім-шарт жасалынған. Сол құжатқа сәйкес, олар біздің академиядан кеткенде, біздің олар үшін жіберген барлық шығынымызды өтеп беруге міндеттелген. Яғни, мына 10 студент біздің талап етіп отырған 80 мың теңгемізді төлесін де, құжаттарын алып, кетемін деген жағына кете берсін.

Біз осы мәселеге қатысты түсінік алу мақсатымен Білім және ғылым министрлігіне хабарласқанымызда, министрліктің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова: «жекеменшік жоғары оқу орнының мәселесіне министрлік тарапынан ешқандай ықпал жасалынбайды» дегенді айтты:

- Бұл – жекеменшік жоғары оқу орны ғой. Сондықтан, олар оқу бағасын көтере ме, азайтады ма өздері біледі. Заң бойынша, ақылы бөлімде оқитын студенттер несиелік жүйемен оқитындарға қарағанда, жыл сайын келісім-шартқа қол қойып отырады. Негізінде академия басшылығы студенттерге алдын-ала ескерту керек еді. Бұл ретте, олардікі шамалы дұрыс емес.

Жетісу аудандық сотының шешімімен келіспейтіндерін айтқан Қайрат Жасұзақов: «біз алдағы уақытта қалалық сотқа, сосын президент Н.Назарбаевтың атына шағым олдаймыз» дейді.
XS
SM
MD
LG