Accessibility links

Қазақстандағы Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюро: Арқалық абақтысында түрме бақылаушыларының соққысына жығылған екі адам ауыр халде жатыр


Қазақстан абақтыларында отырғандардың саны жөнінен әлем бойынша 3 орыннан 19 орынға түсіпті. Бұл туралы ОБСЕ-нің және құқыққорғаушы ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Адамдарды азаптауды болдырмаудың халықаралық механизмі» тақырыбында Сенатта өткен талқылауда айтылды. Құқық қорғаушылар пікірінше Қазақстан түрмелерінде азаптау, қол көтеру фактілері азайып келе жатқанмен өрескел оқиғалар болып тұрады. Мысалы, Арқалық абақтысында соққыға жығылған екі адам ауыр халде жатыр.

Парламент Сенатының заң және құқықтық реформа жөніндегі комитет төрағасы Ермек Жұмабаевтың айтуынша, Қазақстанның адамдарды азаптауды болдырмаудың халықаралық конвенциясына қосылғанына 6 жыл өтсе де бұл бағыттағы жұмыс баяу жүргізіліп келеді. Әсіресе, алдын ала тергеу кезіндегі полиция қызметкерлерінің жұмысына шағымданушылар көп. Қазақстандағы Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, биыл өткен жылға қарағанда аталмыш ұйымға шағымданушылар саны екі есеге азайған. Бірақ, соның өзі жүздеген факті. «Оның ішіндегі ерекше уақиға Арқалық түрмесіндегі жағдай. Оның қорытындысымен келіспеймін. Өйткені, соққы көрген азаматтардың мүгедек болып қалу қаупі туып отыр. Абақтыдағы адамды ұрып соққан төрт бақылаушы сотталды. Ал, оларға бұйрық берген басшы тасада қалып отыр »,-дейді Жеміс Тұрамағамбетова. Сенатор Зәуреш Батталова болса:» Қазақстан абақтыларындағы түрме әкімшілігімен келіспеушілік салдарынан жазасын өтеушілердің жаппай өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін тексеру аяғына дейін жеткізілмейді. Абақтылардағы шектен шыққан жағдайларды тыю үшін Қазақстанда «Ақ жаулықтылар» қоғамы құрылды. Қоғам мүшелері абақтыларда орын алған 15 шақты заң бұзушылық туралы маған шағымдар тапсырды» ,-дейді. Қазақстандағы Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, абақтылардағы толқуларға абақты кестесі жөніндегі Әділет министрінің № 155-ші бұйрығы да ықпал етіп отыр деген пікірде. «Өйткені, ол бұйрық абақтылардағы жандардың туыстарымен хат-хабар алмасуы, кездесуі, таза ауаға шығуы секілді құқықтарын шектейді»,-дейді. Ұлыбританияның Қазақстан мен Қырғыз Республикасындағы елшілігінің үшінші хатшысы Дэвид Хинчон Ұлыбританияда Адамдарды азаптау жөніндегі халықаралық конвенция талаптары қатаң орындалатындығын, Қазақстан үшін адам құқығының сақталуын қоғамдық мониторинг негізінде бақылау жоғары тиімділік әкелетіндігін айтады. Халықаралық түрме реформасы жөніндегі Орта Азиядағы өкілдіктің директоры Вера Ткаченконың айтуынша, Парламентте қылмыстық атқару жүйесінің жұмысына қоғамдық бақылауды күшейтетін заң жобасы жасалып жатқан көрінеді. «Заң жобасы бойынша Қазақстанда қоғамдық комиссияның бақылауы күшеймек. Қазірдің өзінде Қазақстанның жеті облысында мониторинг жасау жұмысы жүйелі түрде атқарылып отыр»,-дейді.

Халықаралық түрме реформасы жөніндегі Орта Азиядағы өкілдіктің директоры Вера Ткаченконың айтуынша, Қазақстан соңғы бес жылда абақтылардағы адам саны жөнінен әлемде үшінші орыннан 19-орынға түскен. Ал, тәуелсіз сарапшылар Қазақстандағы абақтыда отырғандар санын тұрғындардың жан басына шаққандағы орташа көрсеткішпен қараса , онда Қазақстан әлемдегі ондықтың қатарынан көрінуі де мүмкін деген пікірде.
XS
SM
MD
LG