Accessibility links

Мерзімді басылымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Отан” фракциясы депутаттарымен кездескен кезінде ауыл әкімдерін сайлау мәселесін көтергендігіне айрықша тоқталыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда “Шахтинскідегі” шахтада қаза тапқан кеншілерді жерлеу рәсімінің болып өткендігі айтылыпты.


“Айқын” газетіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Амангелді Сыздықов ауыл әкімдерін сайлаудың күз мезгілінде өтуге тиіс екендігін атап өтіпті. Амангелді Сыздықовтың айтуынша, депутаттар ауыл әкімін сайлаудың заңдық жағын қамтамасыз етіп беруге кірісуі тиіс. Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті сенатаның депутаты Тасбай Симамбаев болса “Айқын” басылымы арқылы ауылдық, поселкелік әкімдерді сайлаған дұрыс, алайда аудан, қала, облыс әкімдерін сайлауға асықпау керек деген пікірін білдіріпті. Оның себебін Тасбай Симамбаев, солтүстік және шекара аймақтарында билікке ұлты басқа басшылар келіп жатса, сепаратизмнің бас көтеруі мүмкін екендігімен түсіндіріпті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл әкімдерін сайлау туралы Жарлыққа қол қойғандығына айрықша тоқталған “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы, құжатқа сәйкес бұл шараның 2005 жылдың тамыз айынан бастап өте бастайтындығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, ауыл әкімдерін сайлаумен қатар Мемлекет басшысы тәжірибе ретінде кейбір аудандардың әкімін сайлау туралы Жарлыққа да қол қойған. Бұл тәжірибелік негіздегі сайлау Астана және Алматы облысының кейбір аудандарында өткізіледі екен. “Егемен Қазақстан” басылымы да бұл тақырыпқа айрықша назар аударып, осы мәселеге байланысты әр түрлі пікірлерді беріпті. Қазақстан Азаматтық Партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Азат Перуашов “Егемен Қазақстан” басылымына берген сұхбатында ауыл әкімдерінің сайлауын өткізер тұста, олардың мәртебесін заңдық тұрғыдан көтеру қажеттілігін сөз қылыпты. Оның айтуынша, қазіргідей қолында мөрінен басқа ештеңесі жоқ ауыл әкімдерінің ешкімге де қажеті жоқ. Сол себептен де Азат Перуашов ұлттық бюджетті қабылдағанда, болашақта әкімі сайланатын ауылдардың да бюджетін ойластырған жөн деп есептейді. “Заң” газеті болса, Мемлекет басшысының “Отан” партиясының Парламенттегі фракциясы мүшелерімен кездескендігін айта келіп, ауыл әкімдерін сайлауға қатысты Президент бастамасының мәжіліс депутаттарының арасында әр түрлі пікір талас туғызғандығын тілге тиек етіпті. Атап айтқанда, депутат Серік Әбдірахманов Франция тәжірибесіне сілтеме жасай отырып, жергілікті әкімдердің қызметін тек жергілікті жерде нақты шектеу қажет екендігіне баса назар аударыпты. Депутат Валерий Котович егер біз әкімдерді сайлауға көшсек, дау-дамайдың ұрығын сеуіп алуымыз мүмкін”, - деп өзінің қаупін білдіріпті. Бұған депутаттар Нұртай Сабильянов, Бағила Баймағамбетова, Тұрарбек Асанов қарсылық танытыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдар “Шахтинск” шахтасындағы жарылысқа да айрықша назар аударыпты. “Экспресс К” басылымының хабарлауынша, бұл трагедияны зерттеуге қатысты құрылған комиссияның төрағасы Владимир Школьник асыраушысынан айырылған отбасылырға он күннің ішінде материалдық көмек көрсетілетіндігін мәлімдепті. Владимир Школьниктің айтуынша, асыраушысынан айырылған отбасылардағы жұмыссыз қалғандар таяу уақытта жұмыспен қамтамасыз етіледі. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы әзірше Үкімет комиссиясының “Шахтинскідегі” жарылысқа байланысты әлі тиянақты бір қорытындынының жасамағандығын айтып өтіпті. Үкімет комиссиясының төрағасы Владимир Школьниктің айтуына қарағанда, жарылыстың орын алуына техникалық қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы себеп болды деген болжам расталып отырған жоқ. Оның айтуынша, қолда бар құжаттар бойынша, техникалық ережелердің бұзылғандығы туралы қорытынды жасауға еш негіз жоқ. Сондай-ақ “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы “Шахтинскіде” қаза тапқан кеншілерді жерлеу рәсімінің болып өткендігін де хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, қаза тапқан кеншілердің ішіндегі ең жасы жиырма сегізге ғана толады. Ал, ең үлкені Хамид Галиев елу төрт жаста екен. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Шахтинскідегі” кеншілерді жерлеуге алты мың жұмысшы жиналған. “Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасының тілшісі Роберт Келлердің айтуынша, қаза тапқан кеншілердің күйіп кеткендігі соншама, тіпті оларды туған-туысқандарының өздері әзер таныған. Қаза тапқан кеншілердің туған-туысқандары оларды табельдегі сандарына қарап қана білген. Мақала авторы, қазірге кезде осы жарылыстың себебін зерттеуге байланысты құрылған Үкімет комиссиясының бірде-бір көрсеткіш құралдың шоғырланып қалған метанды не себептен көрсете алмағандығына байланысты негізгі сауалдың жауабын іздестіріп жатқандығын атап өтіпті. “Литер” басылымы “Шахтинскідегі” кеншілерді жерлеу рәсіміне Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Дербісалының келгендігін хабарлапты. Ол, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтыпты.
XS
SM
MD
LG