Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында 8 Катар азаматы 13 ителгімен қолға түсті

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

«Аңшылық өнеркәсіп» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Михаил Титоровтың айтуынша, Қазақстан жерінде саятшылық құру құқығына тек Сауд Арабиясы мен Араб әмірліктері мемлекеттерінің азаматтары ғана ие. «Сондықтан олардың Қазақстан аумағына аңшылық жасау мақсатымен келдік деген уәжінің өзі Қазақстан Үкіметінің қаулысын аяқ асты еткен болып табылады» дейді Михаил Титоров. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы басқармасының бас маманы Сұңғат Дәулетов: «Катар азаматтары Қазақстан заңдарынан хабарсыз болғандығынан қолға түсіп отыр. Анығында, олар ешқандай заңсыз әрекет жасаған жоқ» деп отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысында жүрген 8 Катар азаматын алғашқы болып «Аңшылық өнеркәсіп» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері бақылапты. Филиал директоры Михаил Титоровтың айтуынша, 13 ителгі құсымен қолға түскен олар Оңтүстік Қазақстан облысына Түркменстаннан Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда қалалары арқылы Катар мемлекетінің нөмірілері тағылған 5 бірдей машинамен жеткен. «Араларында Маңғыстау облысының нөмірі көрсетілген 1 автокөлік болды» дейді Михаил Титоров. Оның айтуынша, Шымкент қаласындағы Астраханцев көшесіндегі 84-ші үйде қолға түскен Катар азаматтарының иелігіндегі 13 ителгі құсының бірде біреуінде арнайы сақина болмапты. «Оларда құстарды алып жүруге рұқсат беретін ешқандай құжат та болмады. Қолдарында тек кедендік декларация ғана болды» дейді Михаил Титоров. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы басқармасының бас маманы Сұңғат Дәулетов: «Михаил Титоровтың құстарда арнайы сақина болмады деп байбалам салуына негіз жоқ» деп отыр. Оның айтуынша, Катар азаматтарының құстарының ішінде кішкентай чип бар. «Сонымен ителгілердің қай жерде ұсталғандығын анықтауға болады» дейді Сұңғат Дәулетов:

- Олар да ештеңе білген жоқ қой. Контрабандалық әрекет жасаған жоқ. Оларға аң аулау үшін қандай құжаттар қажет екенін кеден қызметкерлері айтуға тиіс болатын. Соның кесірінен және Қазақстан заңдарын білмегендіктен олар осындай күйге душар болып отыр.

Ал «Аңшылық өнеркәсіп» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Михаил Титоров: «Қазақстан жерінде Араб Әмірліктері мен Сауд арабиясы елдерінің азаматтары ғана саятшылық құра алады. Катар мемлекетінің азаматтары Қазақстан Үкіметі аңшылық жасауға арнайы рұқсат берген елдер тізімінде жоқ» дейді. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы басқармасының бас маманы Сұңғат Дәулетовтың айтуынша, керісінше, ақшасын төлесе, Қазақстан жерінде кез-келген адамға аң аулауға рұқсат беріледі:

- Алдын-ала өтініш жазса, кез-келген адам ондай мүмкіншілікке ие болады. Ең бастысы, ақшасын төлесе болды.

Осы мәселеге орай түсінік алу мақсатымен біз Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІБ бастығының 1-ші орынбасары Шымырбай Ағабековке хабарласқанымызда, ол ешқандай ақпарат бермейтіндігін айтты. «Аңшылық өнеркәсіп» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Михаил Титоровтың айтуынша, бүгінде Катар азаматтарының ителгі құстарын қайдан әкелгендігі және олардың Оңтүстік Қазақстан облысына қалай тап болғандары жайында облыстық прокуратура қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Осыған орай, біз Оңтүстік Қазақстан облыстық арнайы табиғатты қорғау прокуроры Әбу Мұстафаевқа хабарластық:

- Мен ешқандай түсінік бермеймін. Бізге сондай нұсқау берілген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы басқармасының бас маманы Сұңғат Дәулетовтың айтуынша, Катар азаматтарының құстарының ішіндегі микро-чиптарды тексеруге басқарма қызметкерлері дәрменсіздік танытуда. «Өйткені, Қазақстанда ондай чиптарды тексеретін 3-ақ сканер бар. Олардың үшеуі де Алматы қаласында» дейді Сұңғат Дәулетов.
XS
SM
MD
LG