Accessibility links

Мерзімді басылымдарда Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссияның алғашқы отырысының қалай өткендігі туралы мақалалар жарық көріпті. Ал, кейбір тәуелсіз басылымдар оппозиция өкілдерінің аталмыш комиссияның жұмысына не себептен қатыспай отырғандығына айрықша назар аударыпты.


8 желтоқсан күні өткен Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссияның алғашқы отырысына айрықша тоқталған “Казахстанская правда” басылымының бейсенбі күнгі санында жарық көрген Виктор Пряниковтың мақаласында күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылаудың кешке шейін жалғасқандығы айтылыпты. Аталмыш комиссияның төрағасы Болат Өтемұратовтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда ең алдымен саяси жүйені дамыту және азаматтық қоғамды құру мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Мақала авторының айтуынша, “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев та саяси реформаларды жүзеге асыру қажеттілігіне ерекше тоқталған. “Литер” басылымында Демократия және Азаматтық қоғамды құру мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысына “Ақ жол”, “Қазақстан Коммунистік партиясы” және “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы өкілдерінің қатыспағандығы хабарланыпты. Мақалада сондай-ақ, осы отырыс барасында азаматтық қоғамды дамыту және саяси жүйені реформалауға қатысты мемлекеттік бағдарламаның қажеттігі туралы сөз болып, мұндай құжатты әзірлейтін комиссия құру туралы шешім қабылданғандығы да тілге тиек етіліпті. Осыған қатысты құрылған жұмысшы топты басқару міндеті экс-депутат Ғани Қасымовқа жүктелген. Ал, “Ауыл” партиясының төрағасы Ғани Қалиевқа парламенттің рөлін күшейту қажеттілігі туралы жұмысшы топты басқару тапсырылған. “Айқын” басылымы болса, осы отырыс барысында Демократиялық партияның төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың “Ақ жол”, “Қазақстан Коммунистік” және “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық” партиясы өкілдерінің комиссия жұмысына қатыспағандығына наразылық білдіргендігін тілге тиек етіпті. Отырыс кезінде сөз сөйлеген Мақсұт Нәрікбаев билікпен келіссөз жүргізудің мүмкіндігін пайдаланбаған аталмыш партиялардың бағдарламаларының шынайлығына күмән келтіретіндігін мәлімдепті. Мақсұт Нәрікбаевтың пікірінше, өз қызметін елдің саяси элитасына қарсы пайдалана алатын, билік үшін ұлттық мүддені құрбан қылатын ұйымдар ғана осылай жасай алады. “Время” апталығы Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына қатыспаған саяси қайраткерлерден сұхбат алыпты. Демократиялық күштердің үйлестіру кеңесінің төрағасы болып сайланған экс-спикер Жармахан Тұяқбай “Время” газетіне берген түсініктемесінде “біз келіссөз жүргізуге қарсы емеспіз. Бірақ келіссөз жүргізілу үшін, екі жақ тепе-тең дәрежеде сөйлесе алатын болуы керек. Ал екі жақ тең дәрежеде сөйлесу үшін билік сайлаудың легитімдігіне байланысты мәселені әділ шешіп беруі тиіс” деген ойын білдіріпті. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев билік Ғалымжан Жақиянов, Әкежан Қажыгелдин, Болат Әбілов, Сергей Дувановқа байланысты сот істерін қайтадан қарап, бұл мәселелер төңірегінде әділ шешім қабылдағанда ғана демократия туралы әңгіме айтуға болады деп есептейді екен. . “Жас Алаш” басылымы болса, Қазақстандағы оппозиция өкілдерінің экс-әкім Ғалымжан Жақиянов жазасын өтеп жатқан Шідерті ауылында бас қосып, жиын өткізгендігін хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, президент сайлауының алдында Демократиялық күштер Мемлекет басшысымен екі мәселе бойынша келіссөз жүргізу қажет деп санап отыр. Оның біріншісі Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов, Әкежан Қажыгелдин, Сергей Дуванов секілді саяси тұтқында отырған немесе саяси көзқарасы үшін қысым көргендердің ісін қайта қарап, азаматтық құқығын қалпына келтіру. Екіншісі – Мәжіліс сайлауының қорытындысын қайта құрудың саяси-құқықтық тетіктерін табу. Сондай-ақ “Жас алаш” басылымында Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақияновпен жүргізілген көлемді сұхбат жарық көріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында, Ғалымжан Жақиянов Тұрақты Кеңестің орнына құрылған комиссия жиындарынан пайда жоқ деген ойын білдіріпті. Демократиялық күштердің “Шідерті” ауылында бас қосқандығына айрықша назар аударған “Сөз” басылымында Қазақстандағы демократиялық күштердің Үйлестіру кеңесінің мәлімдемісі жарық көріпті. Ал, “Сөз” газетінде жарық көрген Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында Шідерті ауылында бас қосқан кезде Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақияновтың “оппозициялық күштерге” “Біздің Қазақстан” атты қозғалыстың аясына бірігуге шақырғандығы айтылыпты. Сондай-ақ Гүлжан Ерғалиева өз мақаласында Президенті құрған комиссияның жұмысына оппозиция өкілдерінің бас тартқандығын да айрықша атап өтіпті. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев “Сөз” газетіне берген сұхбатында демократияландыру және азаматтық қоғамды құру жөніндегі ұлттық комиссия өзінің дәрежесіне сәйкес ешқандай да маңызды мәселелерді шешуге ықпал жасай алмайды деген пікір айтыпты. Алтынбек Сәрсенбаевтың пікірінше, аталмыш комиссия мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтеру үшін де құрылуы ықтимал.
XS
SM
MD
LG