Accessibility links

Ақмола облысының Державин қаласында қарамағындағы қызметкерлерін соққыға жыққан қос әділет капитаны қамауда жатыр


Ақмола облысының Державин елді-мекеніндегі ЕЦ 166\26 түзету колониясы бастығының орынбасары мен бөлім бастығы қоғамдық тәртіп бұзған қарамағындағы екі абақты бақылаушыларын қызмет бабында пайдаланатын арнайы құралдар арқылы ауыр жарақаттаған. Артынан қолдарына кісен салып айыптау изоляторына қамаған. Лауазымды басшыларды Ақмола облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті қамауға алды.

Әділет министрлігінің Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесінің бастығы Талғат Ахметовтың айтуынша, Державин елді-мекеніндегі ЕЦ 166/26 түзету колониясының кезекшіліктен шыққан екі абақты бақылаушысы бірлесіп қоғамдық орында ішімдік ішеді. Соңынан төбелеседі. Екеуін полиция қызметкерлері ұстап, басшыларына хабарлайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері араласқан соң, оқиға басқаша сипат алды»,-дейді. Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова Қазақстанның абақтыларында құқық бұзушылық оқиғалары жиі кездесетіндігін айтады. Сенатордың айтуынша, «Қостанайлық Жүсіповты Құшмұрында абақтыда орын жоқ болғандықтан Державиндегі абақтыға қамайды. «Мен Құшмұрында болдым. Онда бір адамға орын табылмауы мүмкін емес. Түрме басшыларының қысастығы Жүсіповтың шешесі Әділет министрі Оңласын Жұмабековпен кездесіп, шағымданған соң басталды,»-дейді Зәуреш Батталова. Халықаралық түрме реформасы жөніндегі Орта Азиядағы өкілдік директоры Вера Ткаченконың айтуынша, бұл келеңсіз оқиғалар мемлекеттің қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру жұмысына сенімді жоғалтады. « Мұны жай қалдырмай кінәлілер жауапкершілікке тартылуы тиіс. Жауапкершілікке тарту үрдістері ашық өткізілуі қажет. Жұрт оның қалай болатынын білсін»,-дейді. Сенатор Зәуреш Батталова болса, Қылмыстық атқару жүйесінің басшылығы тәртіпті өздерінен бастаса ғана істің алға басатынын айтады. Шідерті еркін қоныстану орнындағы ОБСЕ өкілінің көзінше Ғалымжан Жақияновқа жасалған қиянатты мысалға келтіреді. Ол Ғалымжан Жақияновтың шетелдік өкілді шығарып саламын деп кешіккені үшін сөгіс алғандығын айтады. Халықаралық түрме реформасы жөніндегі Орта Азиядағы өкілдік директоры Вера Ткаченконың айтуынша, расында соңғы кездері абақтыда жазасын өтеушілердің тарапынан колония әкімшілігіне бағынбау оқиғалары жиі кездесіп жүр. « Ол оқиғалар қалай шешіліп жатқандығын қылмыстық атқару жүйесі ашық хабарлауы тиіс. Сол мақсатта комитеттегі баспасөз қызметі маңызды рол атқаруы тиіс»,-деген пікірде. Аталған уақиғаның әрі қарай қалай өріс алғандығы туралы білу мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық департаменті басшылығымен хабарласқанымызда телефон арқылы ақпарат беруден бас тартты. Көкшетаулық журналист Жалмұрат Жанайдаровтан осы жайлы сұрағанымызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің тергеу бөліміне сілтеме жасап төмендегі жайды хабарлады. Жалмұрат Жанайдаровтың айтуынша, абақты бақылаушыларын қоғамдық тәртіп бұзғандығы үшін полиция қызметкерлері ұстап, колония басшылығымен хабарласып, мекемелеріне жеткізеді. «Оларды түрме бастығының орынбасары мен бөлім бастығы күтіп алып изоляторға қамап, тәрбие жұмысын бастайды»,-дейді. Жалмұрат Жанайдаров. Сонымен әріптестерін соққыға жыққан абақты басшылары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық департаментінің изоляторына қамалып, тергеу бөлімінде жауап беруде.
XS
SM
MD
LG