Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 11. 2004


Апта соңында жарық көрген тәуелсіз басылымдарда “Қазақгейтке” қатысты сот процесінің тағы да кейінге қалдырылғандығы хабарланыпты. Сондай-ақ Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақиянов тәуелсіз басылымдардың негізгі қаһарманына айналыпты.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында жарық көрген журналист Ермұрат Бапидың мақаласында Америка Құрама Штатында өтуге тиіс “Қазақгейт” сотының тағы да кейінге, атап айтқанда 4 сәуірге қалдырылғандығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Қазақгейт” сот процесінің қайта-қайта кейінге қалдырыла беруіне басты айыпталушы Джеймс Гиффеннің “Орталық барлау басқармасының тапсырмасымен Америка Құрама Штатының стратегиялық мүддесіне қызмет еткен тыңшысы едім, Қазақстан басшыларына пара беру – Орталық Барлау басқармасының нұсқауы” деген талабын қабыл алуы мұрындық болып отыр. Журналист Ермұрат Бапидың айтуына қарағанда, айыпталуыш өзінің Американың агенті болғанын, Орталық Барлау басқармасының тапсырмасымен Назарбаевты ықпалына көндіргенін, ол үшін орталықтың кеңесі бойынша Қазақстанның президентіне миллиондаған доллар пара бергендігін дәлелдеу қажет.

Америка Құрама Штатындағы ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, жалпы жиыны 127 миллион доллар көлемдегі пара Америка Құрама Штатының мемлекеттік департаменті мен барлау басқармасының рұқсатымен берілгенін дәлелдеу үшін үш мыңға жуық құжат сот талқысына ұсынылуы керек. “ Соттың осы орайда шығарған құпия шешімі бойынша Гиффеннің Америка басшылығына барлау мақсатында жөнелткен барлық ақпар-хабары арнайы комиссияның тексеруінен өтуі қажет. Егер сот талап етіп отырған, құжат-қағаздарды Америка Құрама Штатының мемлекеттік органдары комиссиясының қарауына бере қойған күннің өзінде оны оқып-зерттеуге аз уақыт кетпейді” дейді журналист Ермұрат Бапи “Жұма таимс немесе Дата недели” атауымен жарық көретін басылымда жарық көрген “Қазақгейт” оқиғасына байланысты талдау мақаласында.

“Республика” басылымының бірінші бетінде жарық көрген “Қазақгейт жаңалақтары” айдарымен берілген бас мақалада “Қазақгейтке” қатысты істі жүргізіп отырған сот Уияльям Полидың Қазақстан Президентнің кеңесшісі қызметін атқарған американдық бизнесмен Джеймс Гиффеннің Американың барлау ұйымдарымен жұмыс істедім деп мәлімдеуіне байланысты, керекті құжаттардың бәрінің де соттың қарауына берілетіндігін мәлімдегендігі айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Джеймс Гиффен мен оның қорғаушылары мұнай компанияларынан алынған 127 миллион доллар көлеміндегі параны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының шет елдегі құпия есеп шоттарына Орталық барлау басқармасының және Ақ үйдің мемлекеттік мекемелерінің тапсырымен аудардық дегенді алдыға тартқан. Нью-Иорктың заң бұлақтарынан алынған мәліметтерге сүйенсек, Америка Құрама Штатының Әділет Департаменті бұл сот процесінде жеңіске жететіндігіне және Джеймс Гиффеннің сот алдында жауапқа тартылатындығына сенімді.

Сондай-ақ “Республика” басылымында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мен президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтың құпия түрде Вена қаласында кездескендігі айтылыпты. Мақала авторы соңғы кездердегі президент пен оның отбасы мүшелерінің экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен кездесуге құштарлық байқатып жүрген пиғылдарын “Қазақгейт” оқиғасымен байланыстырыпты. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы да “Республика” басылымына берген сұхбатында “Қазақгейт” оқиғасына байланысты өз ойын ортаға салыпты. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, “Қазақгейт” оқиғасының заңдық қана емес, саяси астары да бар. Алтынбек Сәрсенбайұлының пікірінше, “Қазақгейт” арқылы американдық әкімшілік Қазақстан билігіне үлкен қысым жасауға керемет мүмкіншілік алып отыр. “Олардың құпия материалдарды сотқа беру немесе бермеу туралы ойынды созу арқылы алдағы уақытта Қазақстаннан не талап ететіндігі белгісіз. Бұл саяси реформаларды жүргізуге қатысты қатаң талаптар да немесе трансұлттық компанияларға жаңа мұнай орындарын беру туралы өтініштер де болуы ықтимал” дейді “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Сондай-ақ Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақиянов та тәуелсіз басылымдардың негізгі қаһарманына айналыпты. “Ақ жол Қазақстан” басылымына берген сұхбатында Ғалымжан Жақиянов қазіргідей қала берсе, ешқашан да толық тәуелсіздікке жете алмаймыз деген пікірін білдіріпті. Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, мемлекеттің тағдыры бір-ақ адамның қолында болып тұр. “Ол Америкаға қараса, америкашыл, Ресейге қараса ресейшіл, Қытайға қараса қытайшыл болып қаламыз. Біз жан-жағына жалтақтаған бір адамға тәуелдіміз” дейді “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақиянов “Ақ жол Қазақстан” газетіне берген сұхбатында.

“Жас алаш” басылымының сенбі күнгі санында Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақияновтың “Өмір белестері” атты өмірбаяндық хамсасы жариялана бастапты.
XS
SM
MD
LG