Accessibility links

Жол апатынан 3 адам қаза болып, 20-дан астам адам жарақат алды


Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің желтоқсанның 13-і күнгі мәліметіне қарағанда, Петропавл-Ташкент бағытында кетіп бара жатқан автобус аударылып, бірнеше адам қаза тапқан. Автобус ішінде болған 38 жолаушының дені Өзбекстан азаматтары екен. Олардың 20-дан астамы Балқаш қаласының ауруханасы мен Приозерск кентіндегі әскери госпитальға жеткізілген. Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, ол азаматтар Ресейде жұмыс істеп Қазақстан арқылы елдеріне қайтпақ болған.

Екатеринбург-Алматы тас жолының Қарағанды-Балқаш бөлігінде кетіп бара жатқан жолаушылар автобусында болған жолаушылар Ресейден Петропавл қаласы арқылы Ташкентті бетке алып шыққандар екен. Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің қызметкері Қайрат Дәрібаевтың айтуына қарағанда, олардың арасында қаза тапқандар бар. «Жол апатынан 3 адам оқиға орнында қаза тауып, 19 адам Балқаш қаласының ауруханасына жеткізілді. Алдын-ала жеткен мәліметтерге қарағанда, зардап шеккендердің арасында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан республикаларының азаматтары бар. Ал ол азаматтардың қай жақтан қандай себепттермен келе жатқандығы туралы бізде мәлімет жоқ», - дейді Қайрат Дәрібаев.

Аты-жөнін атағысы келмеген Балқаш қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары ауруханаға 19 адамның жеткізілгендігін айтады. «19 адам, олардың екеуі қайтыс болды, біреуі аурухананың реанимация бөлімінде жатыр. Ал қалғандарының жағдайы туралы кесіп айту қиын», - дейді. Ал «Приозерск қалалық ауруханасына жеткізілгендердің арасында омыртқасы үзіліп, құйымшағы сынғандар да бар. Бізде жатқандардың жағдайлары жаман емес, ал госпитальда жатқан екі азамат ауыр халде. Біздің ауруханаға түскендер Өзбекстандық азаматтар екен», - дейді стационар меңгерушісі Әлия Найманова.

Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, бұл азаматтар ресейде жұмыс істеп елдеріне қайтып бара жатқанда жол апатына ұшыраған, олардың көпшілігі Өзбекстан азаматтары. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бөлім бастығы Сәрсен Дүйсеновтың айтуына қарағанда, Өзбекстаннан Қазақстанға да келіп жұмыс істейтіндер бар. Алайда ресми тіркелгендерінің саны көп емес. «9 айдың қорытындысы бойынша 92 адам тіркелді, бұл өте аз, тіпті жоқтың қасы деуге де болады. Ал Қазақстанға жұмыс істеуге келетіндердің көпшілігі Түркия, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Англия, негізінен осы 4-5 мемлекеттің азаматтары», - дейді Сәрсен Дүйсенов. Оның айтуынша, ақша тауып, пайда жасау үшін келетіндердің көпшілігі тіркеле бермейді, олардың көбі шекарадан заңсыз өткендер. Ал ресми деректерге қарағанда, соңғы аптада ғана шекара бұзған 300 адам ұсталған.
XS
SM
MD
LG