Accessibility links

Жақсыбек Құлекеев отставкаға кетіп, оның орнына Бірғаным Әйтімова тағайындалды


Жақсыбек Құлекеевтің отставкаға кетіп, оның орнына Бірғаным Әйтімованың білім және ғылым министрі болып тағайындалуы қоғамдық пікірге қозғау салып отыр. Қайсыбір пікірлер Құлекеевтің өз еркімен кетуі мүмкін емес, бұл биліктегі бақталас топтар арасындағы күрестің нәтижесі десе, кейбіреуінің пікірі жағдайдың ушығып бара жатқанын білгендіктен өз еркімен кеткен болу керек дегенге саяды. Саясатшы Жасарал Қуанышәлі Құлекеевтің министр болып тағайындалғанына о бастан-ақ қарсы болғандығын айтады. «Біріншіден, ол бұл саланың маманы емес, екіншіден өзінің кейбір қадамдарымен бұл жұмысты дұрыс атқара алмайтындығын көрсеткен», - дейді.

Ал «Ұрпақ тағдыры-білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсайын Ерғожа Жақсыбек Құлекеевтің отставкаға кетуінде саяси астар жатыр деп есептейді. Ол: «Өз еркімен арыз жазып жұмыстан кетуі мүмкін емес нәрсе. Жалпы, біздегі шенеуніктерде бұндай қасиет жоқ, сондықтан да бұның астында саяси астар жатыр. Қалай болғанда да жастардың бетін бері қарату, шенеуніктердің істеп отырған жұмыстарының дұрыс екендігін білдіру мақсатында жасалып отырған мәселе», - дейді.

Ал Парламент депутаты Оңалбай Аяшев «Жақсыбек Құлекеевтің арқасында Қазақстан бүкіләлемдік білім кеңістігіне енді, көп жұмыстар атқарылды. Мен өзім маман, тұлға ретінде бұл кісінің жұмыстарына жоғары баға беремін. Менің ойымша Құлекеев бір нәрседен қатты қателесті. Біз ол кісімен Парламентте кездестік. Алда тұрған проблемаларды талқылап айттық, түсіндірдік. Неге екенін қайдам, ол түсінсе де түсінбегісі келді ме, бір жақты өзінің алған бағытымен жүре беремін деп ойлады-ау деймін. Осы үлкен қателік болды», - дейді.

Жақсыбек Құлекеевтің орнына бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарып келген Бірғаным Әйтімова тағайындалды. Ол Қазақстан парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның Израиль және Италиядағы елшісі қызметтерін де атқарған болатын. Саясатшы Жасарал Қуанышәлі білім саласын Бірғаным Әйтімованың әрі қарай жалғастырып, іліп алып кететіндігіне сенімсіздік танытып отыр. «Бірғаным Әйтімоваға қатысты менің күмәнім бар, өйткені ол да бұл саланың маманы деп айта алмаймын, одан алшақ жүрген адам. Сосын дипломатиялық қызметте не бітіргенін біз білмейміз, өте жабық адам. Ол жақтан пайдалы жұмыс атқарып келді, әлде пайдасыз болды ма, оны да ешкім білмейді. Сондықтан мен Бірғаным Әйтімованың бұл маңызды саланы алып кетуге білімі, қабілеті жетеді деп айта алмаймын», - дейді Жасарал Қуанышәлі.

Ал «Ұрпақ тағдыры-білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсайын Ерғожа «Құлекеев кеткенімен де білім саласын қазіргі тағайындалған Әйтімова түзейді дегенге сенбеймін. Өйткені, ол білім саласында бір де бір күн жұмыс істемеген азаматша. Сондықтан да бұған дейінгі министр сияқты инициативаны көтеріп, бәрін бүлдіріп кететін министрлердің бірі болады деп есептеймін», - десе, Парламент депутаты Оңалбай Аяшевтың пікірінше, Бірғаным Әйтімова тәжірибелі басқарушы, сондықтан бұл саланы алып кету аса қиынға соқпайды.

Ал желтоқсанның 13-і күні Қазақстанның Отаншыл жастар ұйымы «Құлекеевті отставкаға кетіру» комитетінің мәлімдемесін таратқан болатын. Сондай-ақ, олар желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері наразылық акциясын да өткізетіндіктерін хабарлаған еді.
XS
SM
MD
LG