Accessibility links

Желтоқсанның 14-і күні БҰҰ даму Бағдарламасы 2004-ші жылғы Қазақстандағы адам дамуы туралы Ұлттық есепті жариялады

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстанда 1995-ші жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан бұл есеп жыл сайын бөлек тақырыпты қамтиды. Биыл Ұлттық есеп Қазақстандағы білім беру мәселесіне арналыпты. «Қазақстандағы баршаға білім беру» қауымдастығының президенті Шайзада Тасболатованың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы білім беру саласы айтарлықтай дамып келеді. «Тек алдағы уақытта осы салаға елдегі жалпы ішкі өнімнің қазіргідей 4 пайызын емес, 6 пайызын жұмсау қажет» дейді Шайзада Тасболатова.

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму Бағдарламасының 2004-ші жылғы Қазақстандағы адам дамуы туралы Ұлттық есебінде келтірілген деректерге тоқталсақ: 2004-ші жылы Қазақстандық оқушылар түрлі деңгейдегі 18 халықаралық олимпиадаға қатысып, 101 медаль иеленіпті. Оның 23-і алтын, 31-і күміс қалған 47-сі қола медаль. Бұл - Қазақстандағы білім жүйесінің жағымды көрсеткіштері. Ұлттық есепте көрсетілген жағымсыз көрсеткіштердің негізгісі - биылғы бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы екен. Аталған сынақта мектеп түлектерінің 24,2 пайызы өтпелі деңгей 120 мүмкіндік ұпайдың 40-ын да ала алмаған. «Бұл ретте жаратылыстану-математика пәндері қатты алаңдаушылық тудырып отыр» дейді мамандар. Осы ұлттық есепті жасауға ат салысқан «Қазақстандағы баршаға білім беру» қауымдастығының директоры Шайзада Тасболатованың айтуынша, Қазақстанда білім беру ісі қарқынды даму үстінде:

- Қазақстан білім беру саласында өте көп өзгерістер болып жатыр. Біздегі білім жүйесі ТМД-дағы басқа мемлекеттерге қарағанда, алда деп айтуға болады.

«Алдағы уақытта осы саланы қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аудару керек» дейді Шайзада Тасболатова:

- Қандай салаға болмасын, жалпы ішкі өнімнің 6 пайызы бөліндесе, ол сала дамымайды. Сондықтан, қазір біздің мемлекетіміздің экономикасы дамып келе жатыр. Соған сәйкес, білім саласына қазіргідей, 4,5 пайыз емес, 6 пайыз бөліну керек.

Қазақстандағы адам дамуы туралы Ұлттық есепті жасауға атсалысқан тағы бір азамат, «Стратегиялық көру» сараптамалық клубының атқарушы директоры Ербол Сүлейменовтың айтуынша, білім беру жүйесін қаржыландырумен қатар, білікті мамандар жетіспеушілгін жою және сапалы білім беру мәселелелері де кезек күттірмей шешілетін мәселелер қатарына қосылуға тиіс:

- Әрине, Қазақстан білім беру саласында мәселелер өте көп. Оның бәрін біз мына есепте көрсете алмадық. Сосын олардың бәрін қарастырудың да қажеті жоқ. Басты-басты проблемалар шешілсе, қосалқы мәселелер өздігінен-ақ шешімін табады.

Ұлттық есепті жария ету барысында мамандар білім беру жүйесіндегі қайшылықтарға да тоқталып өтті. «Барашаға білім беру» қауымдастығының директоры Шайзада Тасболатованың айтуынша, бүгінде ауыл мектебін бітіріп келген түлек көбінде қалалық өспіріммен білім таластыра алмайды. «Осы олқылықты жойып барып қана, оларға бірдей талап қою қажет» дейді Шайзада Тасболатова. Оның бұл пікірін Т.Жүргенов атындағы қазақ өнер академиясының өнертану факультетінің деканы Құдайберген Болатбаев қуаттап отыр:

- Ауылдағы мұғалімдердің барлығы өз дәрежесінде жыл сайын білім жетілдіру институттарында оқығанымен де, оқу құралдарының, жалпы кітап санының жетіспеушілігі ауылдағы мектеп оқушыларына кері әсер етеді. Бүгінде қолданысқа еніп жатқан жаңа технологиялардың бәрі ауыл үшін таңсық дүниелер. Кейбір ауылдарда қазір компьютер тұрмақ, жарық та жоқ.

Біз осы ретте «Қазақстандағы білім беру жүйесін реформалауда қандай мәселелерге баса назар аударылуға тиіс?» деген сауалмен Алматы қаласындағы студент жастарға да микрафон ұсынған едік:

- Қазақстандағы білім сапасын одан әрі арттыру үшін, грант, несиелік жағдайларды жақсарту керек.

- «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» дейді. Сондықтан, ең алдымен студенттердің материалдық жағдайын жақсарту керек. Студенттедің стипендиясын көтеріп, оларды жатақханамен қамтамасыз ету керек.

- Меніңше, студенттердің шет елге барып, білім жетілдіру мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Әдебиеттер де жеткіліксіз.

- Гранттар санын көбейтіп, оны ұтып алу турасындағы талапты күшейту керек.

Сейсенбі, желтоқсанның 14-і күні Алматы қаласында журналистер назарына ұсынылған Ұлттық есеп 2005-ші жылдың қаңтар айында парламент депутаттарының талқылауына жіберілмек.
XS
SM
MD
LG