Accessibility links

Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз бірлестігі экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттікті тарату керек деген ұсыныс жасап отыр

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз бірлестігінің президенті Талғат Акуов бұрынғы қаржы полициясы қазір экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі деп аталатын орынның қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлерге жиі қысым жасалып отыр дейді.

-

Қаржы полициясы бүгінде кәсіпкерлердің бас ауруына айналған. Аталған мемлекеттік мекеме түрлі заңсыз әрекеттермен шағын және орта бизнес өкілдеріне өз істерін дамытуға мүмкіндік бермей отыр.

Алматыда үй ішін безендіру, интерьер ісімен айналысатын “Реннессанс дизайн” фирмасының директоры Ирина Боровых, Алматы қаласының қаржы полициясы маған және менің фирмама қатысты заңсыз түрде қылмыстық іс қозғады деп отыр.

-

Бізге қатысты қылмыстық істі қаржы полициясы Рогова есімді азаматшаның шағымы бойынша ашып отыр. Ол кісі біздің фирманың клиенті болатын. Бізде арнайы перде тіктірген Рогова ханым пердені алып кеткеннен кейін 14 күн өткен соң бізге келіп, ақшасын қайтарып беруді талап етті. Осы талап бойынша болған сотта біз жеңіп шықтық. Артынша “Реннесанс Дизайнға” Алматы қаласының экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері заңсыз түрде қылмыстық іс ашты. Түн ортасына дейін 5 сағат бойы біздің жас қызметкерімізді департамент қабырғасында заңсыз ұстады. Сонда қаржы полициясы үшін сот шешімінің түкке тұрмайтындығын көріп отырмыз.

Кәсіпкер Ирина Боровых аталған Рогова есімді азаматша Мәскеуде тұрады, ол бұрынғы әділет министрі, қазір Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Игорь Роговтың әйелі, осылайша жоғары лауазымды шенеуіктің әйелі бізге қарсы өз жағдайын пайдаланып отыр дейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы “Транспаренси Қазақстан” халықаралық ұйымының президенті Сергей Злотников бұл Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Игорь Роговқа қарсы қара PR-акциясы болуы мүмкін деген ой айтады.

-

Соңғы кездері жоғары лауазымды адамдарға қарсы осындай жасырын PR шаралары өтуде. Сондықтан бұл оқиға осындай бір әрекеттердің бірі болуы да мүмкін.

Дегенмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы “Транспаренси Қазақстан” халықаралық ұйымының президенті Сергей Злотников мемлекеттік орындар тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан қысымның бар екендігі даусыз, тек онымен ашық қоғамда күресу қажет деп санайды.

-

Қазақстандық кәсіпкерлердің өзі мемлекет орындарына пара беруге дайын тұрады, яғни бұл жерде жемқорлық пен бопсалау мемлекеттік орындарда да қарапайым азаматтардың санасында да бір заңды жүйеге айналып кеткен. Ал өз құқығын ашық қорғау егкімге де қажет емес сияқты болып көрінеді.

Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз бірлестігі Алматы қаласының прокуратурасына осы мәселеге қатысты арыз түсірген. Алматы қаласының прокуратурасы қазір осы істі тексеру барысында. Алайда Алматы қаласы прокурорының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрмахан Исаевтан осы мәселеге қатысты қандай да бір түсініктеме алу бұл күні мүмкін болмады. Хатшы қыздың айтуынша Нұрмахан Исаев бірнеше сағат бойы жиналыс өткізіп жатты.

Ал экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармасының бастығы полковник Бәйкен Әлімғазин аталған оқиғадан хабарсыз екендігін, алайда мұндай кез-келген істің толық тексерілетіндігін жеткізді.

-

Бізге ол іс келген жоқ. Келген жағдайда біз оны толық тексеретін боламыз.

Ал Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Игорь Рогов мұндай оқиғалар туралы және әйелімнің Мәскеуде тұратыны жайлы сіздерден бірінші рет естіп тұрмын деді.

-

Менің әйелім Астанада тұрады. Егер сіз айтқан фирма заң талаптары бұзылды деп санайтын болса, заң бойынша сотқа шағымдансын. Бірақ мен аталған іс туралы ештеңе білмеймін.

Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз бірлестігі кәсіпкерлерге қарсы орын алып отырған заңсыздықтарды тоқтату үшін экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттікті таратып, оны салық комитетіне қосу керек деген ұсыныс жасап отыр. Бұл олардың пікірінше Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі бірқатар заңсыздықтарды тоқтатуға себеп болады.
XS
SM
MD
LG