Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 15. 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік күні қарсаңында шет елдік дипломатиялық корпустың жетекшілерімен кездескен кезінде, алдағы уақытта Парламент өкілеттілігінің күшейтіліп, оған бақылау функциясының берілетіндігін мәлімдегендігі айтылыпты. Сондай-ақ сәрсенбі күнгі шыққан басылымдардың бетінде терроризм туралы әңгіме сөз болыпты.

“Егемен Қазақстан” басылымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік күні қарсаңында шет елдік дипломатиялық корпустың жетекшілерімен кездескен кезінде, алдағы уақытта Парламент өкілеттілігінің күшейтіліп, оған бақылау функциясының берілетіндігін мәлімдегендігін хабарланыпты. Мемлекет басшысының айтуынша, келешекте Парламенттегі депутаттар санын көбейту де көзделіп отыр. Газет тілшісінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық корпустың жетекшілерімен кездескен кезде, Демократия және азаматтық қоғам жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғандығын, оған барлық партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың өкілдерінің мүше бола алатындығынан да хабардар еткен. Мемлекет басшысы сөзінің қорытындысында елшілер назарын Қазақстанның жаңа елордасы –Астанада дәлірек айтқанда, Есіл өзенінің жағалауында өз елшіліктерін ашу мәселесіне аударыпты.

“Экспресс К” басылымы болса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиялық корпустың жетекшілерімен кездескен кезінде Астанада шет ел резиденцияларын салу мәселесінде қол ұшын созуға, көмек көрсетуге әзір екендігін мәлімдегендігін хабарлапты. Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеев та елшілерге қала қызметінің оларға барлық мәселеде көмек көрсетуге әзір екендігіне уәде беріпті.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы болса қалалық шенеуніктердің Астана қаласында артық жердің қалмағандығына байланысты алаңдаушылық танытып отырғандығын хабарлапты. Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, кең далада орын тепкен Астанада жердің молдығына қатысты әңгімелердің көбісі шындыққа жанаспайды. Мақала авторының хабарлауынша, құрылыс салатын жерді Астанада тек екі жолмен ғана сатып алуға болады. Оның біріншісі жер аукционы екіншісі қожайынның құрылысын сатып алу арқылы. Ал, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуына қарағанда, келесі жылы Италияның, ҰлыБританияның, Испанияның, Францияның және Германияның елшіліктері Астанаға көшіп келеді.

“Казахстанская правда” басылымы болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын тәуелсіздік күні қарсаңында дипломатиялық корпустың өкілдерімен кездесуді дәстүрге айналдырғандығын атап өтіпті.

“Литер” басылымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиялық корпустың өкілдерімен кездесу барысында Қазақстанның жаппай қырып-жоқ қаруларын тараптауға байланысты барлық халықаралық келісімдерге қол қойғандығын мәлімдегендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Президенті келісімге қол қойғанымен, оның шарттарын орындамай жатқан елдерді де сынға алып өтіпті. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы уақыттары ядролық қарулардың террористердің қолына түсу қаупі күшейіп кеткен.

“Айқын” сондай-ақ “Аргументы и факты” және «Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшалары терроризм мәселесіне көбірек көңіл аударыпты.

“Айқын” газетінің сәрсенбі күнгі санында жарық көрген Ораз Әлімбековтың мақаласында Өзбекстанда терористік акті жасауды мақсат тұтқан бұрын белгісіз болып келген жаңа бір ұйымның пайда болғандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Өзбекстанның бас прокуратурасы оны шартты түрде “Жамағат” деп атап отырған көрінеді. Соғыс және бейбітшілік мәселелері жөніндегі институттың сарапшысы Эдуард Полетаевтың айтуынша, Орталық Азия елдерінде халықаралық терроризмнің ықпалы бар және ол аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға кедергі жасап келеді. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, терроризмнің қауіптілігін әрбір ел оған қарсы күрес өз мүддесі тұрғысынан ғана ойлайды.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында “Экстремистік қызметке қарсы күрес” туралы заңжобасының түрлі пікірталас туғызып жатқандығы баяндалыпты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, тіркеуден өтпеген діни және мемлекеттік емес ұйымдарды бірден экстремистік ұйымдардың тобына жатқызуға болмайды. Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрағасы Нинелб Фокинаның пікірінше, осы кезге шейін Қазақстанда жұмыс істеуіне тиым салынған бірде-бір ұйым болмаған. Ал, “Экстремистік қызметке қарсы күрес туралы заң қабылданғаннан кейін, көптеген ұйымдардың қызметін жабуға тура келеді. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Экстремистік қызметке қарсы күрес туралы” заң қабылданғаннан кейін, кез-келген ұйымды экстремистік топқа жатқызып, оның қызметін тоқтатуға болады.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Алматы қаласында тероризмге қарсы жаттығу ойындарының қалай өткендігінің мән-жайысы баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG