Accessibility links

Шетел сарапшылары «Экстремизмге қарсы күрес туралы» заң жобасы Қазақстанда адам құқықтарының шектелуіне соқтыруы мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдірулі

  • Ескендір ЕРТАЙ

Желтоқсанның 15-і күні Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы орталығы Астанада экстремизмге қарсы күрес тақырыбында қоғамдық форум өткізді. Оған Еурокомиссияның Қазақстан, Тәжікстан және Қырғыз республикаларындағы өкілдігінің жетекшісі Алан Ваддамс, АҚШ елшісі Джон Ордуэй, Нидерланды елшісі Петер Ван Леван, ОБСЕ-нің Алматыдағы орталығының басшысы Ивар Викки қатысты. Қоғамдық форумға қатысушылар Парламент Мәжілісінде мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілген «Экстремизмге қарсы күрес туралы» заң жобасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру туралы ойларын ортаға салды.

Еуропалық комиссияның Қазақстан, Тәжікстан және Қырғыз республикаларындағы өкілдігінің жетекшісі Алан Ваддамс: «Сенат қарауындағы «Экстремизмге қарсы күрес туралы» заң жобасында экстремизм туралы ұғымның өзі бұлдыр. Бұл ұғымды құқық қорғаушы орындар мен қауіпсіздік қызметі басқаша түсініп, ұлттық қауіпсіздікті адам құқықтарынан жоғары қоюы мүмкін»,-дейді Алан Ваддамс. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордуэй бұл заңды қабылдаудың оппозицияны құрту немесе оған қарсы күрестен туындап отырмағандығын, оның мақсаты - экстремизм мен терроризмге қарсы күресуге бағытталғандығын халыққа жан-жақты түсіндіру қажеттігін айтады.Қазақстандағы Адам құқы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис болса, бұл заң жобасы да Президенттің «Терроризм туралы» Жарлығы секілді саяси мәнге ие болатындығын айтады. Билікке жақпайтын діни ұйымдар мен саяси оппозициялық топтар мен партияларды осы заң негізінде қуғындауға жол ашылуы мүмкін деген пікірде.

Ал, Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі соттар алқасының төрайымы Райса Юрченко болса, Қазақстанның Конституциясында көрсетілген Конституциялық құрылымды төңкеріске шақыратын, зорлық-зомбылыққа, ұлтаралық қатынастарға іріткі салуға үндейтін қадамдардың барлығы 1998 жылғы Қылмыстық кодекс негізінде қаралып жатқандығын айта келіп, бұл заң жобасы соншалықты қажет емес деген пікір білдірді. Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахмановтың айтуынша, «Экстремизмге қарсы күрес туралы» заң жобасында экстремизм ұғымының анықтамасының айқын еместігін Сенат депутаттары байқаған. Бірқатар адам құқығын шектейтін баптарды алып тастаған. Парламент Сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жетекшісі Жабайхан Әбділдиннің айтуынша, « Экстремизмге қарсы күрес туралы» заң жобасында Үкімет пен Мәжіліс сүзгісінен өткеннен кейін де адамның құқығын шектейтін баптар болған.

«Менің ұлтым басқа лардан ерекше деген адам да, бір дінді екіншінен артық деп есептеген жан да экстремист деп жазылып келд»і,-дейді Жабайхан Әбділдин.

Қазақстандағы Нидерланды елшісі Петер ван Леван Экстремизммен терроризмге қарсы күрес барысында әр адамның негізгі құқықтарын сақтауды естен шығармауымыз керек десе,Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығының басшысы Ивар Викки экстремизмге қарсы әрекетте адам құқықтары мен бостандығының бұзылуына жол беруге болмайтындығын айтады. Қоғамдық форумды қорытындылаған Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдин «Экстремизмге қарсы күрес туралы «заң жобасын жасауда барлық халықаралық және қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары мен толықтырулары ескерілетіндігін атап өтті.
XS
SM
MD
LG