Accessibility links

Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізілген өзгерістер тиімсіз

  • Айнагүл САҒДИ

Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары мұндай қорытындыға соңғы бір жыл ішінде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде келіп отыр. Сарапшылардың бағамдауынша, биылғы өткізілген бірыңғай ұлттық тестке оқушыларды алдын-ала кем дегенде 4-5 жыл дайындау қажет еді, ал оқушылар болса дайындықсыз келген. Бұл мәселе бірыңғай ұлттық тест тапсыру кезінде тест сұрақтарына қатысты мамандар мен ата-аналар тарапынан да дау туғызған еді.

БҰҰ жүргізген «Баршаға білім беру-жаңа мыңжылдықтың негізгі мақсаты» тақырыбында жүргізген зерттеулер нәтижесінде биыл Қазақстанның білім жүйесінде қолданылған бірыңғай ұлттық тесттің заң талаптарына сай келмейтін тұстарының болғандығы байқалған. Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан зерттеулерге қатысқан сарапшылардың бірі Ербол Сүлейменовтің пікірінше, тест өткізу кезінде жұртшылықтың пікірі ескерілмеген және оқушылар дайындықсыз келген. «Тестті өткізу-өткізбеу туралы мәселе туындағанда тек қана үкіметтің ғана қарары қабылданған, Қазақстандық азаматтардың ойларымен, пікірлерімен санаспаған. Екіншіден, Қазақстандық жастар өздерінің білім деңгейлерін көрсетті, біз бұған объективті де, субъективті де тұрғыдан қарауымыз мүмкін. Еуропадағыдай дамыған мемлекеттердің қатарына қосыламыз деген ой болмай тестке жастарды алдын-ала ұзақ уақыт бойы дайындау керек еді. Бұл менің өзімнің жеке пікірім. Бұл бір айда, жарты жылда, тіпті, бір жылдың ішінде де іске аспауы мүмкін. Бұл жерде тек қана білім беру мекемесінің қызметкерлері, білім саласының мамандары ғана емес, бұған білім алып жатқан жастарды да дайындау керек. Жалпы, бірінші сыныптан бастап дайындағанымыз дұрыс», - дейді Ербол Сүлейменов.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне биылғы жылы 2 200-ден астам бала оқуға қабылданған, олардың 80 пайызы бірыңғай ұлттық тест тапсырып түскендер. «Жалпы, 40 баллдан төмен алалатындар бізде жыл сайын 30-35 болса, биылғы жылы 5-10 пайызға төмендеген. Оған былтыр мектеп оқушыларын дайындадық және өздері де дайындалды, соның әсері болса керек, сәл ілгері жылжу байқалады. Биылғы өткізілген тестке оқу жылының басында дайындықты бастауымыз қажет болатын, алайда біз дайындықты жарты жыл кейін бастадық. Негізі жыл бойы дайындалған дұрыс», - дейді университеттің 1-ші проректоры Ғиззатулла Имашев.

Ал Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының көмекшісі Асылбек Алтайұлының айтуынша, биылғы жылы университетке 3 жарым мыңнан астам бала қабылданған. Олардың көпшілігі бірыңғай ұлттық тест тапсырып, мемлекеттік грант пен несиеге ие болғандар. «Тест нәтижесінде мектепте орташа оқыған балалардың да грантқа түсіп кетуі мүмкін, алайда ондай балалар 1-ші семестрден кейін анықталатын болады. Бүгінде грантқа түскендердің нәтижесі де әртүрлі, орташадан жоғары деп айтуға болады. Егер бала осы семестрді дұрыс тапсырмаса, гранттан автоматты түрде айрылады», - дейді Асылбек Алтайұлы.

Бірыңғай ұлттық тестке бірқатар мұғалімдер мен ата-аналар да көңілдері толмайтын-дықтарын білдірді. Өзін Серік деп таныстырған азамат тарих пәні бойынша берілген сұрақтардың қиын болғандығын айтады. Ал Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Амангелдіқызы «Кейбір сұрақтар жауаптарымен сәйкес келмейді, берілетін сандар көп, сондықтан да осы мәселелер болашақта ескеріледі деген ойдамын», - дейді.

«Бірінші рет өткізіліп отырғаннан кейін тест нәтижесі төмен болуы мүмкін. Алайда, алдын-ала дайындық ретінде өткізілген тесттің қорытындысын саралай отырып, бір шешімге келу керек еді», - дейді БҰҰ-ның сарапшылары.
XS
SM
MD
LG