Accessibility links

Ауғанстанда біраз игі істер жүзеге асқанымен шешімін күтіп тұрған басқа да қиын түйіндер жетіп артылуда


Өтіп бара жатқан жыл Ауғанстан үшін тарихи оқиғаға толы болды. Ең бастысы өз тарихында бұл елде алғаш рет елбасылық тікелей сайлаулар өткізілді. Ол үдеріске халықтың үлкен құлшыныспен қатысуы Ауғандықтардың соғысты емес, заңдық негізге құрылған қоғамды қалайтындығын көрсетті. Таққа қайта жайғасу салтанатында, желтоқсанның басында сөйлеген сөзінде елбасы Хамид Қарзай орталық өкіметтің қауіпсіздік күштерін ел бойынша одан әрі өрістете түсудің аса маңыздылығына тоқталды. Қарулы топтарды қарусыздандырып, сондай-ақ есірткі “патшаларына” қарсы бітіспес соғыс жариялаудың аса маңыздылығына елбасы тоқталды.

Ауған елі үшін табысты болған өтіп бара жатқан жылда екі бірдей маңызды оқиға орын алды десе болғандай. Оның бірі, қазан айында елбасылық сайлаулардың бейбіт жағдайда өтуі. Екіншісі- орталық өкімет билігінің, бұған дейін негізінен фаркциялық қолбасшылар ықпалында болған, аймақтарда одан әрі нығая түсуі. Бұл жөнінде Уашингтонда орналасқан Мирас қорының зерттеушісі Джеймс Филипс былай дейді: “Ауғанстан шын мәнінде дұрыс бағытта келеді. Бұдан екі жыл бұрын талай адамның ойлағанындай емес, өтіп бара жатқан жылда бұл елде мейлінше тұрақтылық сақталды. Ең маңыздысы, Талибан жасақтары тұрақты түрдегі қарсы шабуылдарын жүзеге асыра алмады. Олар елбасылық сайлауларға лаңкестік әрекеттермен кедергі жасайтындықтарын айтып, қоқан-лоққы танытқан еді. Ақыр соңында, ондай әрекеттерді жүзеге асыруға олар дәрменсіз боп шықты. Менің ойымша, мұның өзі- болашақ үшін аса маңызды жағдай”,- деді Филипс мырза. Алайда Қабыл билігін ел бойынша өрістету барысында Қарзай мырза жергілікті аймақтық басшылар беделіне қажетсіз жағдайда нұқсан келтірмеуді мұқият түрде ойластыруы тиіс, дейді сарапшы. Естеріңізге, сала кетейік, өткен наурыз айында, АҚШ-тың бастауындағы коалициялық күштердің қолдауымен Ауған Ұлттық армиясы Хераттағы Исмайл хан күштері және онымен жауласушы жақтың шайқастарын басқан болатын. Сондай-ақ олар Талибан мен әл-Қайда жауынгерлеріне қарсы бірге шайқасқаны белгілі. Сондай-ақ елдің батысындағы және солтүстік-батысындағы шайқастарды басу үшін де өкімет күштері жіберілген еді. Дей тұрғанмен, БҰҰ-ның қолдауымен 2001-ші жылы Боннда болған арнайы конференцияда Ауғанстан бойынша күн тәртібінде бірнеше мәселелер белгіленгені белгілі. Ол істер 2004-ші жылдың ішінде шешіліп бітуі тиіс еді. Алайда шаруалардың жалғасы келер жылға қалып отыр. Енді бұл жөнінде Халықаралық Дағдарыс тобының Қабылдағы зерттеушісі Викрам Паректің пікірін келтіре кетсек. “Өкілетті басқару жүйесінде сайлаулар өткізу арқылы Бонн үдерісінің мақсаттары 2004-ші жылдың ішінде атқарылып бітуі тиіс еді. Қазіргі кезде біз ол істердің жартысын ғана жүзеге асыра алдық. Біз елбасылық сайлауларды өткіздік, алайда парламенттік емес. Парламент жоқ жерде атқарушы билік саласында сіз нақты бақылау мен тепе-теңдікке қол жеткізе алмайсыз. Сондықтан да орталық өкімет арқылы жүзеге асырылған кез-келген шара заңсыз боп есептеледі. Себебі, оның заңдық негізі жоқ. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселені шешу- өмірлік маңызды шаруа”,- деді Парек мырза. Болашақта аймақтағы қарулы топтарды қарусыздандыру, оларды бейбіт өмірге араластыру аса қажетті іс болуда. Сондай-ақ Қарзай мырза есірткі “қолбасшыларына” қарсы бітіспес күрес ашуды аса маңызды мақсат деп отыр. Есірткі заттарды өндіру және оны тарату әрекеттеріне тез арада қарсы тұру жөніндегі Қарзай мырзаның мәлімдемесінен бірнеше апта бұрын БҰҰ жанындағы Есірткі және қылмыстық істер бойынша кеңсенің атқарушы директоры Антонио Мариа Коста Ауған есірткі саудасының ықпалы жөнінде ескерткен болатын. Ел экономикасын қайта қалпына келтіруде алдағы уақытта да халықаралық көмектерді күтетіндіктерін Қарзай мырза атап өтті.
XS
SM
MD
LG