Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 16. 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда желтоқсан қанды қырғын оқиғасы туралы мақалалар жарық көріпті. “Мегаполис” апталығының бейсенбі күнгі санында жарық көрген “Желтоқсан он сегіз жылдан кейін” атты мақалада 1986 жылғы желтоқсан қанды қырғын оқиғасының басталуына сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамeт Ахметұлы Қонаевтың орнынан босатылуының себеп болғандығы тілге тиек етіліпті.

Мақала авторының айтуынша, желтоқсан айында алаңға шыққан жастарды басу үшін “Құйын 1986” арнайы операциясы ұйымдастырылған. Газетте келтірілген деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда желтоқсан оқиғасына қатысқан елу адам сот орындары арқылы компенсация алуға қол жеткізген. Желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссияның мәліметіне сүйенсек, 1986 жылы алаңға шыққан азаматтардың 8500 –ін құқық қорғау орындары қамауға алған. Сондай-ақ мақалада желтоқсан қанды қырғын оқиғасы кезінде жарақат алған адамдардың саны жөніндегі мәліметтердің де әр түрлі екендігі айтылыпты. Алматы қалалық атқару комитетінің мәліметі бойынша желтоқсан оқиғасы кезінде жарақат алған адамдардың саны 763, Ішкі істер басқармасының деректері бойынша 1001, ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның алынған мағұлұмат бойынша олардың саны 1137 адам.

“Сөз” газетінің бейсенбі күнгі санында жарық көрген “Қазақ ұлты” қоғамының Алматы қаласының тұрғындарына жолдаған үндеуінде “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” мен “Қазақ ұлты” қоғамының 2004 жылдың 17 желтоқсанында сағат 11 де Республика алаңында желтоқсан құрбандарына құран бағыштап ас беру рәсімін өткізетіндігі хабарланыпты. Сондай-ақ “Сөз” газетінде жарық көрген “Желтоқсанның алғышарттары қайтадан пісіліп-жетіліп келеді” атты мақалада 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқандардың санының ресми деректерден де көп болғандығының тарихы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, сол кездері із-түзсіз жоғалып кеткен 169 адамды іздестіруге қала прокурорының орынбасары Хван тиым салған. Ал, “Сөз” газетінің бірінші бетінде жарық көрген журналист Гүлжан Ерғалиеваның “Бұл кімнің күні?” атты мақалада желтоқсан қанды қырғын оқиғасына байланысты шындықты билік орындарының әлі күнге шейін жасыруға тырысып келе жатқандығы айтылыпты. Газете мысалға келтірілген деректерге жүгінсек, сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 1986 жылы алаңға жиналған жастарды басып-жаншуға үлкен үлес қосқан шенеуніктердің бірі болған. Гүлжан Ерғалиева өз мақаласында Қазақстан тәуелсіздік алғанымен оның жемісін қарапайым халық емес, билік маңына шоғырланған кішкентай топтың ғана көріп отырғандығын айта келіп, Қазақстан мемлекеті шын мәнісіндегі тәуелсіздікке қол жеткізе алған жоқ деген қорытынды жасапты.

“Литер” басылымы болса, тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 650 адамды мемлекеттік наградалалармен марапаттағандығын хабарлапты.

“Түркістан” басылымында желтоқсан оқиғасы туралы “Аллажар” атты көркем фильм түсірген режиссер Қалдыбай Әбенов осы туындыны түсіру кезіндегі орын алған қиыншылықтарды әңгіме қылыпты. Қалдыбай Әбеновтың айтуынша, осы туындыны түсіру кезінде көптеген азаматтар тегін жұмыс жасаған, кейбір бизнесмендер қол ұшын созып көмек көрсеткен. Ал, бұл фильм көпшілік көрерменге ұсынылатын кезде, ең алдымен оны органның адамдары келіп көрген.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы “Московский комсомолец в Казахстане” басылымына берген сұхбатында желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанның бірінші басшысы қызметіне Генадий Колбин келгенде, көптеген жазушылардың оған жағымпазданып, сіздің келуіңізді біз асыға күтіп едік дегендерін тілге тиек ете келіп, солардың көбісінің бүгінгі таңда желтоқсан оқиғасы туралы ой-толғауларын жазып жүргендігіне тоқталып өтіпті. Сондай-ақ “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы газет тілшісіне берген сұхбатында, бүгінгі ресми билік те адамдардың бостандығын шектеп жатыр дегенді айтып, оның соңы желтоқсан оқиғасының қайталануына әкеліп соқтыруы мүмкін деген ойын білдіріпті.

“Айқын” газеті болса 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде оған қатысып зардап шеккен мектеп оқушыларының да болғандығы туралы деректі мысалға келтіріпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Алматыда қырық алтыншы мектептің оқушысы Екпін Шардаров бастаған сыныптастары және Алматы қаласының басқа да мектептеріндегі ұландары алаңға шыққан. Алайда рухы жаңа оянған бозбаланың бүкіл тағдырын сол күнгі алаңға шыққандарды басуға келген солдаттар тас –талқанын шығарған. Кейбірі мүгедек болып қалған, кейбірі қудаланған. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін Екпін Шардаров комслмолдан шығарылған.

Сондай-ақ “Айқын” газеті желтоқсан оқиғасы кезінде Қазақстанның басқа қалаларында да толқулардың болғандығы туралы шындықтың осы уақытқа шейін жасырылып келгендігі де сөз болыпты.
XS
SM
MD
LG