Accessibility links

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы мен алпысыншы жылдарының басында мектеп оқушылары «Жас қазақ» ұйымы мен студенттер «ЕСЕП» партиясын құрып, ұлттық мәселені көтерген

  • Айнагүл САҒДИ

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғына қарай сол кездегі Семей облысына қарасты Қайнар орта мектебінің оқушылары «Жас қазақ» ұйымын құрып, мектептерде Қазақстан тарихын оқыту, қазақ тілін дамыту мәселесін көтерген. Сонымен қоса, 1960-шы жылдардың басында студенттер «Елін сүйген ерлер партиясын» (ЕСЕП) құрып, оның кейбір белсенділері саяси тұтқындар лагеріне айдалған. «Біз сол кезде қуғынға ұшырап, қатты қиындық көрдік. Бірақ өкінішке орай сол кездегі көрген қиянатымыз бен еңбегіміз әлі күнге дейін еленбей келеді», - дейді ұйым мүшелері.

20-шы ғасырдың 50-ші жылдарының аяғында Қайнар орта мектебінің оқушылары құрған «Жас қазақ» ұйымының мүшелері «мектепте Қазақстан тарихы оқытылып, емтихандар қазақ тілінде алыну керек», - деген мәселе көтерген. Ұйым мүшесі Нұржамал Рахымбекова «Өзімізді толғандырған жағдайларды айтып, сол кездегі оқу министрлігіне хат жазамыз деп көп қиындық көрдік. Олар мектепке телефон шалып, Қайнар орта мектебінде ешқандай идеология мәселесінің жүргізілмейтіндігін, партия ұйымы хатшысының жұмыс істемейтіндігін айтты. Ол хаттың министрге жеткен, жетпегенін білмеймін, әйтеуір КГБ біздің соңымызға түсіп алды. Біздің қолымыз жеткені сол хаттан кейін қазақ тарихы шыға бастады, оқудың басым бөлігі қазақ тілінде жүргізілетін болды», - дейді.

Ал аталған ұйымға бастамашы болған Мақсым Омарбеков мектепте бастаған жұмысты институтта оқып жүрген кезінде де жалғастырғандығын айтады. «1961 жылы «Жас қазақ» ұйымы атынан листовкалар тараттық. Онда қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінің жоғалғаны, тілінің құрып бара жатқаны, қазақ мектептерінің жабылып жатқандығы айтылды. КГБ 3-4 жыл аңдып жүріп, мемлекеттік емтихан тапсыруға 1 ай қалған уақытта институттан шығарды. Үлкен комсомол жиналысы болып, комсомолдан да шығарды. Келесі жылы Хрущев орнынан түскеннен кейін сол жылы қайтадан институтқа өтініш беріп, бітіріп шықтық. Бірақ, мені партияға да, комсомолға да жолатқан жоқ. Партия тарапынан қысымнан басқа ешқандай құрмет көрсетілген жоқ», - дейді Мақсым Омарбеков.

Ал 1960-61-ші жылдары студент жастар «Елін сүйген ерлер партиясын» құрып, партия мүшелерінің кейбірі саяси тұтқындар лагеріне айдалған. Сол кезде аталған партияға басшылық еткен Кәмел Жүністегіне хабарласқанымызда ол кісі үйінде болмай шықты. Телефон тұтқасын көтерген жары Ғалия 90-шы жылдарға дейін партия мүшелерінің қуғынға ұшырып келгендерін айтты. «Қазіргі айтылып жатқанның бәрін ол кісілер осыдан 30-40 жыл бұрын айтты ғой. Ол кезде бұл кісілер жиырма бір, жиырма екілерде ғана. Ұйымға басшылық еткен азаматтардың бірі - Игіліков Зейнолла 1986 тіпті, 90-шы жылдарға дейін көп қуғын көрді. Ол кісі сол кезде көрсетілген қысымның салдарынан жүрек ауруына шалдығып, о дүниелік болып кетті. Облыс, республика көлемін алмағанның өзінде өзі тұрған ауылда халық үшін, жер үшін көп қиянат көрдіңіз, сіздердің салған сара жолдарыңыздың арқасында осындай өмірге келдік деген бір ауыз сөз айтылмайды, бүгінгі күнге дейін Кәмел Жүністегі ешқандай құрметке ие болып көрген емес», - дейді Ғалия апай.
XS
SM
MD
LG