Accessibility links

Бақылаушылардың бағалауынша Түркмен сайлауларының аты ғана сайлау болмақшы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Алдағы жексенбіде Түркменстанда Парламенттік сайлаулар болмақшы. Мәжілістегі 50 орын үшін 140 үміткер сайлауларға түсетін болады. Түркмен ресми өкілдері бұл сайлаулар еркін және әділ болады, деп уәде беруде. Ал, шетелдік бақылаушылар мен оппозиция өкілдерінің пікірінше бұл мүмкін емес. Себебі елдегі барлық саяси шешімдерді елбасы Ниязов қана қабылдайды. Елдегі бір ғана Демократиялық партияның ғана өмір сүруге хұқы бар екен.



Қандай шылым шегіп, қандай театрға бару, қай газетті оқу керек, сондай-ақ халықа қанша дәрігер қажет деген сауалдар түркменбашы Ниязовтың халық үшін шешетін көп сауалдарының бірі ғана. Теледидар арқылы өткен аптада сөйлеген сөзінде Ниязов мырза Орталық сайлау комиссиясына үміткерлерден қандай құжаттарды талап ету қажеттігі жөнінде нұсқау берді. “Олар өте білімді және ақылды жандар болуы тиіс. Бізге белгісіз адамдарды тізімге енгізбеңдер. Әртүрлі саладағы үміткерлерді қамтыңдар. Бізге заң жаза алатын заңгерлер керек. Және Түркменстан беделін халықаралық ұйымдар алдында қорғай алатын азаматтар қажет”,- деген еді Ниязов мырза.

Бұл орайда Түркменстанның бұрынғы өкімет басшысы және оппозициядағы Отан қозғалысын құрған Құдайберді Оразовтың пікіріне құлақ түрсек:

“Парламенттің ол 50 мүшесі нақты айлықтарын алып отыр. Олар ешқандай құжаттарды да, заңдарды да қарастырмайды. Елбасы әкімшілігі барлық заң актілерін даярлайды да, одан кейін оларға Ниязов қол қояды. Қол қойылған құжаттар содан кейін Мәжіліске жіберіледі. Сонымен барлық нәрсе Ниязовтың бұйрығымен орындалады”,- деді Оразов мырза.



Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы осы сайлауларды бақылауға ниет білдірген болатын. Алайда, қыркүйек айында осы ұйымның Демократиялық ұйымдар және адам хұқықтары ұйымы кеңсесі өкілдеріне елге енуге рұқсат берілмеген болатын. Орталық сайлау комиссиясы шетелдік бақылаушылардың сайлауларды қадағалау үшін өтініш беруіне болады, деген еді. Алайда ешқандай халықаралық ұйымдарға арнайы шақырту жіберілген емес.



200-ге тарта ұлттық бақылаушылар сайлау барысын қадағалайтын көрінеді. Интерфакс ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда ол бақылаушылар елдегі жалғыз партия, Демократиялық партияның және Жастар ұйымы, Әйелдер одағы сияқты кейбір азаматтық ұйымдар өкілдері тарапынан жасақталатын көрінеді.



Бұдан бұрынғы соңғы Парламенттік сайлаулар 1999-шы жылдың желтоқсанында болған еді. Ол кезде ресми өкілдер сайлаушылардың 99,6 пайызы қатысты, деген болатын. Ал, тәуелсіз бақылаушылардың айтынша көрсеткіш бұдан көп төмен болған.



Егер халықаралық бақылаушылар мен Түркмен сайлаушылары бұл науқанның әшейін көзбояушылық екендігін білсе, онда Ниязов сонша неге мазасызданады?-деген сауал туады. Күнделікті газеттердің жазуынша сайлау бекеттері тым болмағанда Түркменстан ашық диктатуралық елден өзгешерек мемлекет деген көзбояушылық түсінік бермекке қажет.
XS
SM
MD
LG