Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 17. 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда желтоқсан қанды қырғын оқиғасы туралы мақалалар жарық өріпті. “Деловая неделя” апталығының бірінші бетінде жарық көрген бас мақалада Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алғанына мүшел жас толғандығын атап өтіпті.

Мақала авторы қазақ ұғымы бойынша мүшел жастың ең қауіпті мезгіл болып саналатындыына тоқтала келіп, соңғы кездері Қазақстан мемлекетіне көптеген қауіптердің төнуі мүмкін екендігі туралы өз тұрғысынан болжам жасапты.

Қазақстан Мемлекетінің тәуелсіздік алғанының мүшел жасқа толғандығына айрықша тоқталған мақала авторы Грузия мен Украинда орын алып жатқан оқиғаларға сараптама жасапты. Газет тілшісінің пікірінше Грузия мен Украинда орын алған оқиғалар Қазақстанда әлеуметтік мықты саясат жүргізіліп халықтың әл-ауқатын көтерілмейінше қауіп нышанының күшейе беретіндігін аңғартады. Осыған орай мақалада тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үлкен өзгерісті басынан кешіріп отырғандығы айтылып, Қазақстан үшін бұл өзгерістердің қақтығыссыз, қантөгіссіз өтуі керек екендігіне ерекше назар аударыпты.

“Ана тілі” апталығының соңғы санында “Халық қаһары немесе Қызыл империяны құлатқан қандай құдірет” деп аталатын, желтоқсан көтерілісіне қатысушы Ерлан Декелбаев деген азаматтың мақаласы жарық көріпті. Сондай-ақ аталмыш басылымда желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Мырзағұл Әбдіқұловтың “Оралу” атты қоғамдық бірлестік құрғандығы айтылыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін ең үлкен жазаға тартылған Мырзағұл Әбдіқұлов “Оралу” атты қоғамдық бірлестіктің бас бостандығынан айрылған және оралған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіп, олардың құқығын қорғауды және сотталған азаматтарға деген қоғамның жалпы көзқарасын өзгертуге ықпал етуді алдына мақсат етіп қойып отырғандығын айтып өтіпті.

“Республика” басылымының бірінші бетінде жарық көрген “Биліктің үнсіздігі” атты мақалада жыл өткен сайын билік орындарының желтоқсан қанды қырғын оқиғасы туралы сөз қылуды азайтып,оны ұмыттыруға тырысып жатқандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, осы оқиға өткеннен бері оны сегіз жыл өтсе де әлі күнге шейін бұл оқиғада түсінбестік туғызатын мәселелер көп. Осыған орай мақалада желтоқсан оқиғасы туралы нағыз шындықты айтудың бір адамға, атап айтқанда сол кездері Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған, бүгінгі таңдағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиімді емес екендігі туралы дәйектер келтіріліпті. Мақала авторының пайымдауынша, желтоқсанның барлық құпиясы шын мәнісінде сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасының алаңға шыққан жастарды басып-жаншуға үлкен үлес қосқандығында ғана емес, ақиқатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевты орнынан кетіру үшін бар күшін салып, желтоқсан оқиғасын ұйымдастыруға үлес қосып, кейіннен жағдай өзгергенде басқа жаққа шығып кетуінде жатуы ықтимал. Осыған орай мақалада авторы желтоқсан оқиғасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне үлкен нұқсан келтіретін ұлы құпия болғандықтан, оған қатысты шындықтар әлі күнге шейін айтылмай келеді деп есептейді.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында жарық көрген Мадат Аққозиннің мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың желтоқсан оқиғасы өткеннен кейін бір жылдан соң Ресейдің “Дружба народов” журналына және 1991 жылы шыққан кітабынан үзінділер келтіріпті. “Дружба народов” журналына берген сұхбатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың тұсында протекционизм мен билікке мастанушылықтың етек алып келгендігін тілге тиек етіпті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш журналға берген сұхбатында Дімұхамет Ахметұлы Қонаев портреттерінің кез-келген жерде ілініп, оған деген табынушылықтың күшейіп кеткендігін де тілге тиек етіпті. Нұрсұлтан Назарбаев “Дружба народов” журналына берген сұхбатында желтоқсан қанды қырғын оқиғасын қайта құруға, қоғамды демократияландыруға қарсы күштер ұйымдастырды деген пікір білдіріпті. “Экстремистік көңіл күйге бөленген жастар, өз соңдарынан өмірді білмейтін студенттерді ертіп әкетті. Алайда еркінсіген студенттер тобы мен жастарға Алматы қаласының жұмысшы тобынан құрылған кезекшілер сазайын тартқызып, дер кезінде тойтарыс берді” депті айтыпты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсан оқиғасы өткеннен кейін бір жылдан соң “Дружба народов” журналына берген сұхбатында.

Сондай-ақ мақалада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы сөйлеген сөздерінен де үзінді келтіріліпті. Өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсан оқиғасы кезінде, алаңға шыққан жастармен бірге болғандығын, оларға көмек көрсету үшін қолынан келгенінің барлығын жасағандығын тілге тиек етіпті.

Жаңадан жарық көрген “Город” атты басылымда он алтыншы және он жетінші желтоқсан күндері Алматы қаласындағы күзеттің күшейтетінділігі айтылыпты.

“Литер” басылымының соңғы санында желтоқсан оқиғасының он сегіз жыл толуы қарсаңында Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстан Сыртқы Істер министрі Қасымжомарт Тоқаев және жазушы Әбіш Кекілбайұлының Қазақстанның бірінші президенті орденімен марапатталғандығы хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG