Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 18. 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Қазақстан тәуелсіздігі туралы мақалалар жарық көріпті. Оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдарда “Қазақгейт” сот процесінің кейінге қалдырылғандығы хабарланыпты.

“Қазақстан Заман” газетінің жарық көрген “Тәуелсіздік қуанышы” атты Марат Тоқашбаевтың мақаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңының” қабылданғандығын қазақ халқының қалай қабылдағандығы туралы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, аталмыш конституциялық заң қабылданғаннан кейін депутаттардың қуанышында шек болмаған.

“Қазір біреулер Қазақстанның тәуелсіздігін аспаннан түскендей көріп жүр ғой. Ал қолымыз бір жетіп, бір жетпей тұрған сол сәтте біз тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат екендігін жан-тәнімізбен сезініп тұрғанбыз” дейді Марат Тоқашбаев “Қазақстан Заман” басылымында жарық көрген мақаласындa.

“Заң” газетінде бірқатар зиялы қауым өкілдері “Егемендік несімен құнды” деген сауалға жауап беріпті. Дінтанушы Мұртаза Бұлұтайдың бұл сауалға, ең алдымен ең әуелі тәуелсіздік бізді ғасырлар бойы аңсаған арман-мақсатымызға жеткізді деп жауап беріпті. Мұртаза Бұлытайдың пікірінше, Қазақстан өз тізгіні өзінде, әлем таныған елге айналды. Қазақстан азаматтары шет елге емін-еркін шығуға мүмкіншілік алды. Тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметқанұлы болса бұл сауалға мемлекеттік тәуелсіздік қана ұлттық дамудың кепілі бола алады деп жауап қайтарыпты. Оның айтуынша, қоғамдық болмыстың өзгеруі қазақ халқының ұлттық құндылық көзқарастарын айқындап берді.

Ал, Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақиянов “Алма –Ата инфо” атты жаңадан жарық көрген басылымға берген сұхбатында Қазақстан мемлекетінің толық тәуелсіздікке қолы жеткен жоқ деген пікір білдіріпті. Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғанымен билік халықты бақытты ете алған жоқ. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов та “Алма-Ата инфо” газетіне берген шағын сұхбатында Қазақстан тәуелсіздік алғанымен, ол жабық саяси жүйде өмір сүріп жатқандықтан, бұл мемлекеттегі азаматтардың ешқайсысы да өздерін тәуелсіз сезіне алмайды деген көзқарасын білдіріпті. Ораз Жандосовтың пікірінше Қазақстанның жабық саяси жүйеде өмір сүруі белгілі бір ат төбеліндей топтың ғана байып, коррупцияның етек жайылуына себеп болып отыр.

Ал, оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдардың бетінде “Қазақгейт” сот процесінің кейінге қалдырылғандығына байланысты мақалалар жарық көріпті. “Республика” басылымына берген сұхбатында белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділов “Қазақгейт” оқиғасына байланысты “Сөз” газеті арқылы өз ойын білдірген ақын Олжас Сүлейменовты сынға алыпты. Естеріңізге сала кетейін, “Эпоха” басылымына берген сұхбатында ақын Олжас Сүлейменов Мемлекет басшысының миллиондаған ақшаларды талан-таражға түспеуі үшін жеке есеп шотында ұстағандығы туралы айтқан болатын. Осыған орай Заманбек Нұрқаділов “Республика” басылымына берген сұхбатында ақын Олжас Сүлейменовты биліктің, атап айтқанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырасын орындап отыр деп айыптапты. Заманбек Нұрқаділовтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев ақын Олжас Сүлейменов беделін пайдалану арқылы өзіне байланысты айтылып жатқан сындарды жеңілдетуді мақсат тұтып отыр. Сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов “Республика” басылымына берген сұхбатында ақын Олжас Сүлейменовты коррупциямен бірге күресуге шақырғанын, алайда оның биліктің айтқанына жығыла кеткендігін өкініш білдіріпті. “Мен Олжаста ақын ретінде, жазушы ретінде силаймын, алайда Қазақстанның келешегі үшін күресетін күрескер ретінде оны құрметтей алмаймын” депті Заманбек Нұрқаділов “Республика” басылымына берген сұхбатында.

“Сөз” газетінде жарық көрген Ресей басылымынан көшіріліп басылған Қазақстандағы орыс мүддесі атты мақалада “Қазақгейт” оқиғасына байланысты Америка Құрама Штатты тарапынан жасалып жатқан қысымның күн өткен сайын күшейіп бара жатқандығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Батыс қоғамында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты диктатор ретінде көбірек еске алынады екен. Мақала авторының айтуынша, экс-министр Мұхтар Әблязов пен экс-әкім Ғалымжан Жақияновтың сотталуы Қазақстандағы саяси дағдарысты онан сайын күшейтіп жіберген. Сондай-ақ мақалада соңғы кездері Қазақстан Президенті отбасы мүшелерінің де билікке деген ұмтылысының күшейіп кеткендігі тілге тиек етіліпті.

“Сөз” газетінде жарық көрген “Қазақгейт неге кейінге қалдырылды” деп аталатын мақалада осы сотты жүргізетін Уильям Полидың Америка Құрама Штатының барлау басқармасын жюрилер, баспасөз және жалпы қоғам үшін американдық азамат Джеймс Гиффен мен қазақстандық азамат Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты құжаттардың құпиясын ашуды міндеттейтін туралы шешім шығарғандығы хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, осы құжаттармен танысудың көп уақыт алатындығына байланысты Уильям Поли сот процесін өткізуді 2005 жылдың 4 сәуіріне қалдырған.
XS
SM
MD
LG