Accessibility links

Беларусь республикасының президенті А.Лукашенко Қазақстанға хоккей ойнау үшін келді ме?..


Жұма, желтоқсанның 17-сі күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Беларусь президенті Александр Лукашенконың командасы мен Алматылық хоккей ардагерлері мұз айдынында кездесіп, шайбалы хоккейден бақ сынасты. Осындай деңгейде 1-ші рет өтіп отырған халықаралық матчта 10-да 8 есебімен Беларусь президентінің командасы жеңіске жетті. Беларусь басшысы Александр Лукашенконың айтуынша, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екеуінің арасында ұқсастықтар өте көп. «Сондықтан, маған Қазақстан тауларында шаңғы теуіп, демалған ұнайды» дейді Александр Лукашенко. Ал, Қазақстандық саясаткер Әміжан Қосанов: «өз елінде демократияны өрістетпеген президент Лукашенконың сапары ресми емес, бірыңғай ойын-сауықтық сипат алып, оны Қазақстандық әріптесінің Қазақстанға келгеніне 1 аптадай уақыт өтсе де қабылдамауы Еуропа елдеріне енуге дипломатиялық тосқауыл қойылған тұлғаға Қазақстанның қандай көзқарас ұстанарын білмей, дағдарып отырғанынан хабар береді» дейді.

Жұма, желтоқсанның 17-сі күні Беларусь президентінің командасы мен Алматы хоккей ардагерлері арасындағы халықаралық матчтың ашылуында сөз алған Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Беларусь басшысының есімін шатастырып алды:

- Ассалаумағалейкум, қадірлі ағайын! Біздің сүйікті қаламызға қадам басқан, Беларусь республикасының президенті Григорий Александрұлы Лукашенко мырзаға қош келдіңіз деп айтуға рұқсат етіңіздер.

Өз кезегінде Беларусь президенті Александр Лукашенко: «Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерінің халқы өте ұқсас. Қазақ жерінде біз өзімізді өте еркін сезінеміз» деп ағынан жарылды. «Кішкене де болса демалып алуыма жағдай жасап, арнайы шақырту жіберген Қазақстан басшысына ерекше алғысымды білдіремін» дейді Александр Лукашенко. Тартысты ойынды тамашалауға әр салада қызмет етіп жүрген азаматтар келіпті:

- Менің атым Сапар Байсеріков. Шаруа қожалығының төрағасымын. Осы хоккейді көру үшін арнайы Жамбыл облысынан келдім. Міне, Лукашенко мырза ойнап жатыр. Өз басым президенттің осылай қоян-қолтық ойынын 1-ші рет көруім.

- Менің аты-жөнім Серік Дүйсенбинов. Алматы қаласындағы нөмірі 1-ші лицейде денешынықтыру пәнінің мұғалімімін. Ойын жақсы өтіп жатыр. Бұл жерде президентке қарсы қатты ойын жасауға болмайтын шығар. Олай етсе, өміріне қастандық жасау деп бағаланатын сияқты.

Ал өзін Беларусиядағы телеарналардың біріне жетекшілік етемін деп таныстырған Григорий Кисель есімді азамат: «біз беларусь президентінің командасына қолдау көрсетіп отырмыз. Олар жеңуге тиіс. Өйткені, президент Лукашенко жүйелі түрде дайындық өткізіп тұрады. Команда мүшелері де осал жандар емес» дейді. Ал Беларусь басшысы Александр Лукашенко болса: «Еуропаның ешқандай жерінде Алматыға тең келер мекен жоқ» деп отыр. «Лукашенко мырзаның бұлай сөйлейтін жөні бар. Өйткені, Еуропа елдері оны өз аумақтарына енгізбейді» дейді «Ақжол» партиясы тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменов:

- А.Лукашенко мырза өзінің демократияға қарсы іс-қимылымен атын шығарған адам. Осыған байланысты ол кісі қазір Қазақстаннан басқа тауы бар, дұрыс шаңғы тебетін жерге бара алмайтын хәлге жеткенн шығар. Еуропа елдері, Еуропалық Одақ мүшелері Лукашенко мырзаны өз мемлекеттеріне жібермейді. Ондай саяси қайраткерлердің біздің саяси басшылықпен кездесуі елдегі саяси өмірге оң әсер етеді деп айта алмаймын. А.Лукашенконы одақтас ретінде жақсылыққа бастайтын саясаткер деп айта алмаймын.

Ал ойын арасындағы үзіліс кезінде берген сұхбатында Александр Лукашенко өзінің Украинадағы президент сайлауынан кейін орын алған оқиғаларға аса алаңдаушылық танытпайтынын айта келе, «Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерінде ондай жағдай қайталанбайды» деген пікір білдірді. Ал саясаткер Әміржан Қосанов: «Қазақстан басшысының Беларусиялық әріптесімен ресми кездесу өткізбеуі көңілге күдік ұялатады» дейді:

- Ресми кездесудің болмауы, бұл сапардың осындай ойын-сауық, спорттық сипатта ұласуы, бұл – қазіргі Қазақстандағы билік жүйесі Батыстың қас-қабағына қарап отыр деп ойлауға мәжбүрлейді. Бүгінде Еуропаның өзі шекарасынан жібермей отырған басшыға Батыс елдері қандай баға береді деп қауіптеніп отырған сияқты.

Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке қылыш сыйлап тұрып, Беларусь республикасының президенті Александр Луашенко: «егер қиындық болса, біз көмек қолын созуға әрдайым дайынбыз» дегенді айтты. Жұма, желтоқсанның 17-сі күні Беларусь президентінің командасы мен Алматылық хоккей ардагерлері арасында болып өткен халықаралық матчта 10-да 8 есебімен Александр Лукашенконың командасы жеңіске жетті.
XS
SM
MD
LG