Accessibility links

“ТұранӘлемБанкі” АҚ басқармасының төрағасы Ержан Тәтішев қазаға ұшырады

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстандағы екінші ең ірі банк саналатын “ТұранӘлемБанкі” акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ержан Тәтішевтің желтоқсанның 19-шы жұлдызында саятшылық жасап жүріп, кенеттен көз жұмуының себептері толық тексеріліп болмай, ол жөнінде нақты түсініктеме бере алмаймыз дейді банк басшылығы. Әзірге бұл жайтты олар жазатайым қайғылы оқиға ретінде қарастыратындықтарын айтып отыр.

“ТұранӘлемБанкі” акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ержан Тәтішев желтоқсанның 19-шы жұлдызында күндізгі сағат 12-лер шамасында Жамбыл облысының аумағында аң аулап жүріп оқыс жағдайда қазаға ұшырады деп хабарлады аталған банк басшылары. Бұл жағдайдан кейін “ТұранӘлемБанкі” акционерлік қоғамы директорлар кеңесі мен банк басқармасы шұғыл жиналыс жасап, басқарма төрағасы қызметін атқарушы болып басқарма төрағасының орынбасары Сәдуақас Мәміштегі тағайындалған. Банк басшылығы бұрынғы ұстанған бағыттар бойынша жұмыс жалғаса беретіндігін және де банктің халықаралық акционерлері де қызмет барысындағы ынтымақтастықтарын одан әрі дамыта беретіндігін ресми мәлімдеп отыр. Ал “ТұранӘлемБанкі” акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Серік Уәлиев Ержан Тәтішевпен бірге өткен сенбіде ғана Ресейге іскерлік сапармен барып қайтқандығын жеткізді.

Біз осы іс бойынша тергеу жүргізіп жатқан Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасына хабарласқанымызда, тергеу бөлімінің бастығы Серік Зұлхарнайов тергеудің қорытындысы сейсенбі күні белгілі болатынын жеткізді.

Дегенмен банктің басқарма төрағасының орынбасары Әбіләкім Жұмахметов Ержан Тәтішевтің кәсіби аңшы екенін айтады.

Алайда Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Роза Қалдыбекова алдын-ала тергеу нәтижесі бойынша, машина жүргізушісінің оқтаулы қос ауызды мылтықты Ержан Тәтішевке ұсынғанда абайсызда қарудың атылуы кісі өліміне алып келген дейді.

Естеріңізде болса, 2002 жылдың маусым айында Ержан Тәтішевке қастандық ұйымдастырылып, ол аман қалған болатын.
XS
SM
MD
LG