Accessibility links

Қазақстанда жекешелендіру кезінде ұсақталып кеткен шарауашылықтарды қайтадан ірілендіру басталды


Батыс Қазақстан облысында жекешелендіру кезінде бөлшектеніп кеткен шағын шаруашылықтар қайтадан бірігіп ірілене бастады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бекмырза Садықовтың айтуынша, аймақтағы астық өсіретін шаруашылықтардың 74 пайызы ұсақтанып кеткен.

Астық өндірушілердің 800-ден астамының егіс алқабы 500 гектарға да жетпейді. Олардың орташа түсімі әр гектардан 3-4 центнер ғана екен. Ал, экономист, саясаткерлердің қайсыбірі шаруашылықтарды бөлшектемей-ақ бастапқыда осылай жасағанда Қазақстанның экономикасы ілгерілеп кеткен болар еді деген пікірде. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Нихан Омарханның айтуынша, 50-100 гектар жері бар шаруа қожалықтарының күнін көруі қиын. Өйткені, мықты техникасы, тыңайтқыш, жанар-жағармай сатып алуға қаржысы жоқ. Сондықтан мемлекеттік тұрғыда ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру қажет деген пікірде.Ақмола облысы Сандықтау ауданының әкімі Өмірсерік Мұсабаев болса, Көкшетаудағы «Агромаш» холдингтік компаниясымен бірқатар шаруашылықтардың келісім шартқа отыра бастағандығын айтады. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси бірлестігінің мүшесі Серікбай Әлібаевтың айтуынша, 1990 жылдары ғалымдар мен мамандардың шаруашылықтарды жекешелендірмеу қажеттігін айтып шырылдады.

«Қолында билігі барлар шаруашылықтарды фермерліктерге бөліп быт-шыт қылды.Техникаларды тамыр таныстарына үлестіріп жіберді. Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстандағы колхоз-совхоздардың техникалары Ресейге су тегінге кетті. Сол басшылар әлі күнге ірі лауазымдарды иемденіп отыр. Кезінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып жүргенімде Президент Колхоз-совхоз дегенді айтпаңдар. Шаруа қожалықтары мен фермерліктерге таратынңдар деді. Соны орындағанның бірі-қазіргі Премеьер министр Даниал Ахметов. Олар заң алдында жауап беруі тиіс»,- дейді Серікбай Әлібаев.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылым департаментінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Мырзакелді Әбдірайымов Кеңес дәуірі кезінде де үлгі ретінде алуға болатын тәжірибелердің болғандығын айтады. «Қазақстанның демокартиялық таңдауы» саяси бірлестінің мүшесі Серікбай Әлібаев алда да біраз жылға дейін шаруашылықтардың оңалып кеттіндігіне күмәнмен қарайды.

Ал, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бекмырза Садықов ұсақ шаруашылықтар ірі кәсіпорындарға біріксе де мемлекеттік қолдаудың қажеттігін айтады. Биылғы жылдың өзінде облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге бюджеттен 522 миллион теңге бөлініпті.
XS
SM
MD
LG