Accessibility links

Алмалы аудандық сотында журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына байланысты кезекті сот процесі болып өтті

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сейсенбі, желтоқсанның 21-і күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына байланысты кезекті сот процесі болып өтті. Бұған дейінгі отырыстарда куәгерлерді тыңдаған аудандық сот судьясы Зәуре Кейкібасова сейсенбілік сот мәжілісінде тараптар жарыссөзіне кезек берді. Осы сот отырысында сөз алған мемлекеттік айыптаушы, Алмалы аудандық прокурорының аға көмекшісі Сағадат Бәйдәулетов сот төрешісі Зәуре Кейкібасовадан айыпталушы Қанат Қалжановқа 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру туралы жаза кесуді сұрады. Шәріпжановтар отбасының қорғаушысы Мұстахым Төлеев: «заң бойынша кез-келген прокурор жапа шеккен жақтың мүддесін қорғауға тиіс. Ал, мына процесте ондай талаптың кері сипатта орындалып жатқанына куә болып отырмын» дейді.

Сейсенбі, желтоқсанның 21-і күнгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы, прокурор Сағадат Байдәулетов: «айыпталушы Қалжанов өз кінәсін толық мойындап отыр. Бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылмаған және 3 бірдей кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар екенін ескере отырып, оған 3 жарым жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығару турасында судья Зәуре Кейкібасоваға ұсыныс жасады:

- Сотталушыға тағайындайтын жазаны сұрап тұрған кезде, заң талаптарын толығымен орындадым деп санаймын. Мен сұрап тұрған жаза, оның болашақта түзелуіне және алдағы күндерде қылмыс жасамауына түрткі болады. Сондықтан, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру өте орында әрі жеткілікті жаза деп есептеймін.

Ал, Шәріпжановтар отбасының қорғаушысы Мұстахым Төлеев: «прокурор Сағадат Байдәулетовтың бұл айтқандарымен келіспеймін» деп отыр:

- Өкінішке орай, мемлекеттік айыптаушы С.Байдәулетов мырза айыпталушы Қ.Қалжановтың 5-ші қорғаушысы ретінде сөз сөйледі. Өз басым оған таң қалып тұрмын. Өйткені, ҚР «прокуратура туралы» заңының талаптарында мемлекеттік айыптаушы әрқашан жәбірленушінің мүддесін қорғауы керек деп жазылған. Ал, мына процесте С.Байдәулетов мырза керісінше, сотталушыны жан-жақтан мақтап, оған жеңіл жаза кесу керек деп отыр. Меніңше, ол - теріс пікір.

Бұл ретте адвокат Мұстахым Төлеев Алмалы аудандық сотының судьясы Зәуре Кейкібасованың назарына тағы бірқатар мәселелерді ұсыныпты:

- Алдын-ала тергеу барысында тергеуші Сорокин тергеу туралы әрекеттерін жүзеге асырғанда, кейбір заң талаптарын бұрмалап, көп заң бұзушылыққа жол берген. Мен сот төрешісіне осы туралы айтып бердім. З.Кейкібасова ханым: «үкім шығарған кезде, жеке қаулы жазып, алдын-ала тергеу орнына сондай кемшіліктер бар екенін көрсетіп, басшыларынан қажетті шараларды қолға алуды талап етемін» деді.

Естеріңізге сала кетсек, журналист Асхат Шәріпжанов шілденің 20-сы күні Алматы қаласындағы нөмірі 7-ші клиникалық ауруханада көз жұмған болатын. Полиция қызметкерлері «журналистің қазасына шілденің 16-сы күні орын алған жол-көлік апаты себепкер болды» деген мәлімет таратқан еді. Дәл осы сарынмен Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында қазанның 1-і күні жеке көлігімен Асхатты қағып кеткен 1975-ші жылы туылған Қанат Қалжановқа қылмыстық кодекстің 296-шы бабының 2 тармағы бойынша айып тағылып, сот процесі басталған болатын. Сейсенбі, желтоқсанның 21-і күні болған сот мәжілісінде сөз алған марқұм Асхат Шәріпжанов қызмет істеген «Навигатор» интернет-газетінің редакторы Юрий Мизиновтың айтуынша, сот барысында да, сот мәжілісіне дейінгі алдын-ала тергеу жұмыстары кезінде де негізгі мәселе Асхатқа біреудің қастандық жасауы турасындағы жайт ескерілмей қалған. «Асхаттың қатты зақымданған бас-сүйегіндегі жарақат жол-көлік апаты салдарынан алынған жарақатқа ұқсамайды. Тергеуші осының астарына үңіліп, қасақана кісі өлімі жайында тергеу жүргізуге тиіс еді» дейді Юрий Мизинов:

- Тергеуші ең алдымен осы мәселелерге мән беріп, қасақана кісі өлтіру емес пе деген бағытта іс жүргізуге тиіс болатын.

«Сондай-ақ, Асхаттың із-түссіз жоғалып кеткен диктафоны да көңілге күдік ұялатады. Тергеуші Асхаттың ең соңғы сұхбат алған саяси қайраткерлерімен сөйлесіп, жоғалған диктафон ішінде біреудің қытығына тиіп, оны өлтіруге тапсырыс беретіндей әңгіме болған-болмағанын анықтауы керек еді» дейді «Навигатор» интернет-газетінің редакторы Юрий Мизинов. Оның айтуынша, тергеу кезінде мұның бірде-бірі назарға алынбаған:

- Асхатты біреудің тапсырыспен өлтіртуі әбден мүмкін ғой. Өкінішке орай, тергеуші біздің мұндай талабымызды мүлдем қанағаттандырған жоқ.

Алмалы аудандық сотының судьясы Зәуре Кейкібасова сейсенбі, желтоқсанның 21-і күні түске дейін жарыссөздерге кезек беріп, түстен кейін үкім оқымақ болған. Бірақ, жарыссөзге айыпталушы Қанат Қалжановтың қорғаушысы Әли Айдаров дайындалмай келіпті:

- Менің денсаулығым нашар болып тұр.

Адвокат Әли Айдаровтың бұл қылығына ескерту жасаған сот төрешесі Зәуре Кейкібасова келесі сот мәжілісін, сәрсенбі, желтоқсанның 22-сіне белгіледі.
XS
SM
MD
LG