Accessibility links

Астанада сауда орталығында кранды жинау барысында оның бір бөлігі құлап кетіп 35 жасар бір адам қаза болған


Астанада қазір 300 ірі және шағын құрылыс нысандары бар. Тек биылғы жылдың өзінде жаңа құрылыс нысандарында жұмыс жүргізуге 200 өтініш түскен. Бірақ, құрылыс жұмыстарын тексеру нәтижесінде, онда бірқатар заңдардың бұзылатындығы анықталған. Астананың төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Бейсенбек Қабдиевтің айтуынша, бүгін Есіл өзенінің сол жағалуында салынып жатқан сауда орталығында кранды жинау барысында оның бір бөлігі құлап кетіп, 35 жасар бір адам қаза болған және 30 жасар бір құрылысшы жарақат алып ауруханаға түсті.

Мемлекеттік инспекция 9 айдың ішінде Астана құрылыстарында еңбек қорғанысы саласында заңдардың бузылуы жөнінде 2 мың факті тіркеген. Қалалық ішкі істер басқармасына өндірісте болған қайғылы оқиғалар бойынша 46 іс берілген. Тек биылғы жылдың өзінде 83 адам жарақат алған және 8 құрылысшы қаза болды. Еңбек министрлігі қалалық департаменті директорының орынбасары Еркін Рақымбергеновтың сөзіне қарағанда, егер, адам қаза болса онда оның еңбекақысы көлеміндегі шығын өтеледі.

Астананың төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Бейсенбек Қабдиевтің айтуынша, Астана салынып жатқанда мұндай оқиғалар болып тұрады. Әсіресе құрылыс жүріп жатқан нысандарда. Онда еңбек қауіпсіздігі сақталмайды, дейді Бейсенбек Қабдиев

Анықтап айтсақ, биылғы жылдың көрсеткіштері бойынша 17 жағдайда құрылысшылар төбеден құлаған, 4 оқиғада технологиялық үрдістер бұзылған, 6 жағдайда еңбек амалдары дұрыс үйретілмеген, деп хабарланып отыр. Еңбек министрлігі қалалық департаменті директорының орынбасары Еркін Рақымбергеновтың сөзіне қарағанда, егер, құрылысшы мүгедек болып қалса, онда оның еңбекке қатысты жоғалған қабілеті есептеліп, сол мөлшердегі шығыны өтеледі.

Ал, бір құрылысшы мерт болып, біреуі жарақат алып ауруханаға түскен оқиға бойынша Есілдің сол жағалуындағы сауда үйін салып жатқан «Казинтерстрой» құрылыс компаниясының басшылығы тергеу аяқталмайынша ақпарат беруден бас тартты. Қазақстанның азаматтық кодексіне сәйкес, егерде құрылыс компаниясының кінәсі дәлелденіп, бұл туралы акт толтырылса, зардап шеккен адамдарға шығындары өтелуге тиіс.
XS
SM
MD
LG