Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 22. 2004


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың қазасына байланысты түрлі жорамалдар айтылыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда Ержан Тәтішов қаза тапқан көлікте, қылмыстық топтың басшыларының бірі болған деген бейресми ақпараттың пайда болғандығы хабарланыпты.

“Айқын” басылымында жарық көрген Жомарт Молдахметұлының мақаласында редакцияға Қазақстан баспасөз клубынан “ТұранӘлемБанктің” бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы таратқан хатының келіп түскендігі хабарланыпты.

Бұл хатта “ТұранӘлемБанк” басшылары басқарма төрағасы Ержан Тәтішовтың қайғылы қазасына байланысты тек банк баспасөз қызметінің немесе Жамбыл облыстық Ішкі Істер Бөлімі басқармасынан алынған ақпараттарды ғана беруді өтінген. Мақала авторы осыған орай банк басшыларының журналистер қауымына “ананы жазыңыз, мынаны жазбаңыз” деп “жол көрсетуінің” орынсыз деп санайтындығын білдіріп, “ТұранӘлемБанкі” басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың қайғылы қазасының төңірегінде күдік туғызатын тұстардың көп екендігі туралы деректер келтіріпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, құқық қорғау орындары таратқан кейбір мәліметтер шындыққа жанаспайды. Газет тілшісінің айтуынша осы оқиғаға байланысты Жамбыл облысы жақтан сенімді ақпарат көздері арқылы келіп түскен біраз ақпарат-болжамдар да бар. “Біріншіден, көлікті Ержан Тәтішов жүргізбеген. Екіншіден, бас банкир мінген көліктің ішінде үш адам емес, бірнеше адам болған.

Көліктегі “саяткерлер” арасында “ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірі де болған” деген болжам да бар. Төртіншіден көлік ішінде өзара жанжал болған сыңайлы. Сол жанжал салдарынан мылтық бір рет емес, бірнеше рет атылған деген сыбыс та бар” дейді мақала авторы. “Айқын” газетінің хабарлауынша, марқұм Ержан Тәтішовтың Қазақстанға жақсы танымал олигархтың бірімен жолы түйіскен деген де жорамал бар.

Осы оқиғаға айрықша назар аударған “Литер” басылымы да Ержан Тәтішовтың өліміне қатысты полиция орындары таратқан баспасөз ақпаратында күдік туғызатын тұстардың көп екендігін жазыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл оқиғадағы көптеген дүниелерді қайта сараптау арқылы оның кездейсоқ оқиға екендігі туралы деректердің қарапайым қисынмен байланыспайтындығы аңғарылады. Біріншіден егер де Ержан Тәтішов “Ланд Крузер” сынды алып көлікті жүргізіп келе жатса, қалайша оның мылтықты ұстап отыруы мүмкін. Ержан Тәтішовтың достарының айтуынша, аңшылыққа шыққан кезде ылғи да банкир көлік жүргізушісін алатын болған” дейді мақала авторы. Сондай-ақ мақала авторы көліктің ішінде Ішкі Істер басқармасы баяғыдан бері іздеу салып жүрген қылмыстық топтың басшысы болғандығы және көліктің ішінде бірнеше рет оқ атылғандығы туралы ақпардың бар екендігін де мысалға келтіріпті.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, соңғы жылдары “ірі олигархтарды жақыннан” өлтіру оқиғалары жиілеп кеткен. “Мысалы “Вираж” автосалонының қожайыны Петр Балагут немесе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік стандарт басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Тұрысов пен оның әйелін үйінде өлтіріп кеткен” деген мақала авторы осыған ұқсас тағы да біраз мысалдар келтіріпті. “Литер” басылымының хабарлауынша, “ТұранӘлем” банкі басшыларының баспасөз мәжілісін өткізіп, оның көлігінде тек достары болды деген мағынадығы шындыққа үйлеспейтін ақпарат таратуы да күдіктің бұлтын онан сайын қоюлатып жіберіп отыр. Сонымен бірге мақала авторы аңшылыққа шығатын саяткерлердің бір ақ мылтық алатындығын, ал көліктің ішінде бірнеше мылтықтың болуы да мүлде түсініксіз жағдай екендігін жазыпты.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы 21 желтоқсан күні “ТұранӘлемБанк” басшылығының төрағасы Ержан Тәтішовты жерлеу рәсімінің болып өткендігін хабарлапты. Мақалада марқұммен қоштасу рәсімінің сағат он бірде Орталық концерт залында өткендігі айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовпен қоштасуға келген адамдардың санының көп болғандығы соншама, полицейлерге Төле би мен Қалдаяқов көшелерін жауып тастауға тура келген. Газет тілшісінің хабарлауынша, Ержан Тәтішовты соңғы сапарға шығарып салуға Әлихан Бәйменов, Мұхтар Әблязов, Алесандр Павлов секілді саясаткерлер мен Асқар Құлыбаев немесе Райымбек Батталов секілді белгілі адамдар де келген.

“Экспресс К” басылымы болса Ержан Тәтішовтың бар-жоғы отыз жеті жасында ғана қаза тапқандығын және оның артында әйелі мен төрт баласының қалғандығын тілге тиек етіпті.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасы болса, “ТұранӘлем” банкі басшыларының Ержан Тәтішовтың қазасынан кейін жиналыс өткізіп, банктің уақытша төрағасы қызметіне банк төрағаның орынбасары Сәдуақас Мамаштегінің тағайындалғандығын атап өтіпті.

“Аргументы и факты” газеті “Қазақстан” қосымшасының хабарлауынша, Ержан Тәтішовтың қазасына байланысты “ТұранӘлем” банкісінде үш күн қаралы күн ретінде жарияланған. Осы оқиғаға байланысты баспасөз мәжілісін өткізген “ТұранӘлем” банкі басшыларының айтуынша, бұл оқиғадан ешқандай да саяси астар іздеудің қажеті жоқ.
XS
SM
MD
LG