Accessibility links

Журналист А.Шәріпжановтың қазасына қатысты айыпталушы Қ.Қалжанов 3 жарым жылға бас бостандығынан айрылды


Сәрсенбі, желтоқсанның 22-сі күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотының судьясы Зәуре Кейкібасова журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына байланысты сот процесінде айыпталушы Қанат Қалжановқа 3 жарым жыл бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы қоныстандыру колонниясында өтеу туралы үкім шығарды. Марқұм Асхат Шәріпжановтың әріптесі, «Навигатор» интернет-газетінің редакторы Юрий Мизинов: «Біз журналистің қазасының себебі алдын-ала тергеу жұмыстарында да, одан кейінгі сот барысында да толық анықталды деп есептемейміз. Осы іс бойынша қайта тексеру шарасын жүргізу турасында Алматы қалалық прокуратурасына шағым жолдадық» дейді.

Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 296-шы бабының 2-ші тармағы бойынша айып тағылған 1975 жылы туылған Қанат Қалжановқа сәрсенбі күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотының судьясы Зәуре Кейкібасова 3 жарым жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы қоныстандыру колониясында өтеу туралы шешім шығарды:

- Сот Қалжанов Қанат Әмірханұлын кінәлі деп тауып, оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады. Қ.Қалжанов жазасын жалпы қоныстандыру колониясында өтейтін болсын.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында үстіміздегі жылдың жазында қайтыс болған тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына байланысты сот процесі қазанның 1-інде басталған болатын. Сот барысында Шәріпжановтар отбасының қорғаушысы Мұстахым Төлеев сан рет орын алған оқиғаны тексеру кезінде негізгі мәселе - Асхаттың жол-көлік апатына ұшырамай тұрып, біреулердің соққыға жыққаны туралы жайт тексерілмеді деген уәж айтып келген еді. «Алдын-ала тергеу жұмыстары кезінде заң бұзушылықтар болды» деген адвокат Төлеевтің осы ұстанымын ескерген судья Кейкібасова сәрсенбі, желтоқсанның 22-сі күні айыпталушы Қалжановқа үкім шығару сәтінде алдын-ала тергеу барысында жіберілген заң бұзушылықтарға қатысты арнайы қаулы шығарды:

- Алдын-ала тергеу кезінде жіберілген кемшіліктер туралы сот жеке қаулы шығарады.

Ал марқұм Асхат Шәріпжановтың анасы Флора Катиева: «сот шешіміне қанағаттанған жоқпын» деп отыр:

- Еркін қоныстандыру деп оны соттан қамап алып та кеткен жоқ. Сосын кесілген жаза 3 жарым жыл да дұрыс емес деп ойлаймын. Сот әділ шешім шығарған жоқ.

Ал Асхат қызмет істеген «Навигатор» интернет-газетінің редакторы Юрий Мизинов: «алдын-ала тергеу және сот барысында біздің қойған талаптарымыз толық қарастырылмады. Тиісінше, сот шешіміне де разы емеспін» дейді. Оның айтуынша, бұлар Алматы қалалық прокуратурасына істі қайтадан тергеуге жіберу туразы арыз жазып қойыпты. «Алдағы уақытта билік өкілдерін орын алған қайғылы оқиғаның ақиқатын толық анықтауға көндіретін боламыз» дейді Юрий Мизинов. Юрий Мизиновтың айтуынша, журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына сәрсенбі күні үкім шығарылған Қанат Қалжановтың қаншалықты кінәлі екендігін айқындау өте қиын. «Десек те, Қалжанов белгісіз біреулер ұйымдастырған спектакльге қатысушы. Осынысы үшін де оған жаза кесуге болады» дейді «Навигатор» интернет-газетінің редакторы. Ал үстіміздегі жылы шілденің 16-сынан 17-сіне қараған түні Алматы қаласындағы Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысында журналист Асхат Шәріпжановты автокөлігімен қағып өлтірді деп айыпталған Қанат Қалжановтың өзі мұны «абайсызда болған оқиға» дейді:

- Оқыс жағдайдан қайтыс болған бауырымыз Асхаттың шешесінен, бауырларынан кешірім сұраймын. Бұл енді абайсызда болған жағдай.

Ал халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының қызметкері Ғалия Әженова журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына қатысты шығарылған үкімге байланысты мынандай пікір білдірді:

- Менің ойымша, бұған бір Үкімет тарапынан комиссия құрылып, осы оқиғаны бастан-аяқ зерттеу керек еді. Сонымен қатар, бұл комиссия тәуелсіз болуы керек еді. Өз басым мына сот үкіміне толық қанағаттандым, кінәлі адам табылды және ол тиісті жазасын алды деп айта алмаймын.

Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев болса, «сот үкімі әділ болды» деп отыр:

- Бір жағынан осындай оқиға болғаннан кейін біреу кінәлі болу керек қой. Меніңше, соттың бұл шешімі әділ болды. Мұның астарында ешқандай саяси сарын жоқ. Екінші жағынан: бұл енді жай оқиға емес. А.Шәріпжанов өте өткір журналист. Қазақстанда қазір ондай журналист жоқ деп айта аламын.
XS
SM
MD
LG