Accessibility links

Ресми Техран ядролық қару жасауға ұмтылуда ма?


Ирақ мәселесінен кейін Буш әкімшілігі “зұлымдық белдеуі” деп АҚШ елбасы анықтама берген елдердің келесі мүшесі, яғни Ирандағы жағдайды қолға алмақшы, деген пікір бар. Ресми Уашингтонның айтуынша, Иран- лаңкестік әрекеттерге қолдау көрсетуші ел және ол ядролық қару жасауды дамытпақшы. АҚШ тарапын алаңдатып отырған жайыт- Техранның байытылған уранды өндіруге ұмтылысы. Себебі, ол өз кезегінде ядролық реакторларға отын ретінде пайдаланылып, содан кейін ядролық бомба жасауға жол ашуы мүмкін. Өткен жылдарда Техран бұл әрекеттерін халықаралық Атом энергиялық агенттігіне білдірмей келген-міс. Қазіргі кезде тексерушілерге елдің барлық ядролық қадамдары ашылған.

Бұдан бұрын сөйлеген сөзінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Колин Пауел Уашингтон бағытын былайша білдірген болатын: “Бұған дейін алға тартылған дәлелдердің өзі Иранның ядролық қару жасау бағытында ұмтылыс жасап отырғандығын көрсеткен болатын. Сондықтан да халықаралық Атом энергиялық агенттігі күрделі сауалмен бетпе-бет келіп отыр. Сол себепті де Бушехрдегі жаңа реакторға отын жеткізуде Ресей аса сақтық танытуда. Осыған байланысты Еуропа одағы өзінің үш Сыртқы істер министрлерін, Иранның аталған қадамдарын тоқтатқызу үшін, жіберіп отыр”,-деді Пауел мырза.



Ал, Иран ресми өкілдері болса елдегі ядролық бағдарлама бейбіт мақсаттарға бағытталған, деп отыр.

Бұл жөнінде елбасы Мұхамед Хатами былай деген болатын:

“Біз өз таңдауымызды жасадық. Бейбіт мақсаттағы ядролық технологияға- жол ашық. Атом қаруына-жол жоқ. Өзіміз үшін ғана емес, аймақтағы, тұтас әлемдегі ядролық қаруларға жол жоқ!”-деді Хатами мырза.

Сонымен кімнің сөзі рас? Сарапшылардың пікірінше, бұл сауалға жауап беру үшін 2002-ші жылдан бері бүкіл әлем назарында қалып отырған мәселеге байланысты нақты дәлелдерді салмақтап көру керек. Ондай дәлелдердің көпшілігін Иранның қуғындағы оппозициялық топтары ашып берген болатын.

Атап айтқанда, байытылған уранды өндіру ісіндегі құпия жоспар жобасы белгілі болған еді. Жобада 160 құрастырылған газ центрифугасы және 5 мыңдай қосымша даналарды жасауға арналған құрал-жабдықтар бетондалған жерасты сандықтарына мұқият түрде жасырылған. Ол жасырын жерлер әуе шабуылдарына төтеп бере алатындай дәрежеде мықты болмақ екен. Үдеріс барысында уран ең әуелі гексафлюорид газына айналдырылып, одан кейін ол газ уранды байыту үшін центрифугаларда пайдаланылады. Бұл орындардың табылуының мазасыздық әкеліп отырған себебі,- дейді мақала ауторы Чарльз Рекнейгл,- байытылған уран отын ретінде де немесе оның құрамы жоғарысы ядролық бомбаға материал ретінде де қолданылады. Осы қадамдары арқылы Иран елі Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі халықаралық келісімге де қайшы келіп отыр. Ол келісім бойынша ресми Техранның ядролық қуатты бейбіт мақсатта пайдалануға хұқы бар.

Алайда ондай әрбір қадамы жөнінде халықаралық Атом енергиялық агенттігін хабарлап отыруы және тексерушілерге ядролық обьектілерін ашық көрсетуі тиіс еді. Қазіргі кезде халықаралық тексерушілермен толық түрде әріптестік орнаттық десе де, ресми Техран ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану үшін өндіру хұқын одан әрі де ұстана беретіндігін және ол хұқынан айрылғысы келмейтіндігін айтып отыр. Ендігі мәселе, байытылған уранды өндірмеу жөніндегі Техранның Еуропа мемлекеттеріне берген уәдесінде қаншалықты дәрежеде тұратындығында болып отыр.
XS
SM
MD
LG