Accessibility links

Қарағандыда діни тақуалықтың салдарынан өз балаларынан бас тартып жатқан әйелдер тіркелген


Қарағанды қалалық Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, аналардың өз балаларынан бас тарту оқиғалары кейінгі кезде жиілей бастаған. «Оларға діни ағымдағы секталар ықпал етуде», - дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Шақмарал Қабылова. «Түрлі діни конфессияларға кіргендер қазір өздерінің балаларынан бас тартып отыр. Олар Құдай мен баланың арасында таңдау қоятын болса, мен тек Құдайды таңдаймын» дегенді айтуда», - дейді. Шақмарал Қабылованың айтуынша, қазір екі әйелді алған беттерінен қайтарып, сол діннен шығаруға мүмкіндік туды, ал біреуін аналық құқынан айыруға тура келген. «Біреуі ғана көнбеді, ал қалғандары қазір түзелді. Өкінішке орай қазір қазақ ұлтының азаматтары мұсылман мешітіне бармай басқа діни секталарға барып жүр. Осы мәселе қазір қатты алаңдаушылық тудырып отыр», - дейді.

«Басқа дінге өтіп, олардың уағыздарының күштілігінен балаларынан бас тартып, тастап кетіп жатқан аналар Астана қалалық мамандандырылған балалар үйінде де кездеседі», - дейді балалар үйінің бас дәрігері Алма Сатыбалдықызы. «Бүгінде аталған балалар үйінде 104 сәби тәрбиеленіп жатыр. Олардың арасында мұндай жағдайлар кездеседі. Бірінші балалары емес, тіпті бесінші, алтыншы балаларын тастап кетіп жатқандар бар. Сондай әйелдер балаларын алмай тастап, қашып кетеді. Мұндай жағдайлар көбейіп кетті. Біз ондай аналарға іздеу салып, кейде мекен-жайларына барамыз, көбіне дұрыс мәлімет тастамаған болып шығады. Егер тауып жатсақ, келіп балаларыңды алыңдар деп айтамыз, алайда келмейді», - дегенді айтты.

Қарағанды қалалық Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарушы Шақмарал Қабылованың айтуынша, жастардың да арасында мұндай жағдайға тап болушылар көптеп кездесуде. Дінтанушы Мұртаза Бұлұтай «Ислам дінінің, мұсылманшылықтың лайықты деңгейде насихатталмауынан жастардың дені басқа дінге өтіп жатыр, сондықтан бұған дер кезінде тосқауыл қоюымыз керек. Ұлттық бірлігімізді, өркениетімізді, тілдегі, діндегі береке-бірлігіміз бен тұтастығымызды сақтайтын болсақ жастарымызды Исламға тәрбиелеп, олардың ислами сана-сезімінің оянуына ат салысуымыз керек және басқа дін өкілдерінің халқымызды рухани дүниеден алғанда бөлуіне тосқауыл жасауымыз керек», - деп есептейді.

Ал психолог Ділдә Сақтағанова «Салт-дәстүрдің, қазақилықтың жойылып бара жатқандығынан, сонымен қатар, бұған жаһандану, технографиялық прогресс те әсер етуі мүмкін. Адамда дінге деген ішкі берік ұстанымның болмауы да осыған әкеп тірейді. Ислам дініне деген сенім, наным бала туғаннан бастап берік ұялау керек. Сол кезде ғана ол дініне берік болады. Ал бізде ата-аналардың өздерінде осалдық байқалады. Бұған рухани жан дүниенің жүдеулігі де себеп болып отыр» - дейді.

«Жағдай ушығып, бақылаудан шығып кетпей тұрған кезде тиісті жұмыстар атқарып, алдағы уақытта діни бірлестіктермен кездесу ұйымдастырып тұру жоспарда бар», - дейді Қарағанды қалалық Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарушы Шақмарал Қабылова.
XS
SM
MD
LG