Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 25. 2004


Тәуелсіз басылымдарда Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысы бар деп айтылып жүрген “Қазақстан темір жолындағы” миллиондаған доллар қаржының қалай талан-таражға түскендігі туралы айтылыпты. Сондай-ақ апта соңында жарық көрген басылымдарда “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың қазасына байланысты түрлі жорамалдар жасалыныпты.

“Республика” басылымында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысы бар деп айтылып жүрген, “Қазақстан темір жолы” төңірегінде орын алған оқиғаларда жаңа деректердің табылғандығы хабарланыпты.

Журналист Мұхаметжан Әділов өз мақаласында осы оқиғаға байланысты табылған құжаттарды мысалға келтіре отырып, “Қазақстан темір жолы” Жабық Акционерлік Қоғамының Ресейден үш есе қымбат бағамен техниканы сатып алғандығын және соның арқасында 65 миллион доллар қаржыдағы әр доллардың алпыс бес центінің талан-таражға түскендігін тілге тиек етіпті. Мақала авторының айтуынша, осы сауда-саттықтың бел ортасында сол кездері премьер-министр қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов жүрген.

“Казахская правда” басылымында жарық көрген Серік Малеевтің мақаласында «Республика” басылымындағы Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетов туралы жарық көріп жатқан мақалаларға сын айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Иманғали Тасмағамбетовтың қаралайтын мақалаларды жариялау арқылы оппозиция өкілдері сайлауда жеңіліске ұшырағандары үшін одан өшін алып жатыр. Сондай-ақ мақала авторы экс-депутат Төлен Тоқтасыновтың Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі қызметіне осы қаладағы оппозиция өкілдеріне қарсы жұмыс жасауы үшін тағайындалды деген сөздері де шындыққа үйлеспейді деп есептейді.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Президенті Әкімшілігі жетекшісі қызметін атқарып тұрған кезде оппозиция өкілдеріне қарсы бірде бір рет қысым жасау әрекеті болмаған.

Ал, саясаттанушы Нұрболат Масанов “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығына берген сұхбатында Иманғали Тасмағамбетовтың Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалуы арқылы оппозиция өкілдеріне жасалатын қысым күшейе түседі деген болжам жасапты. Нұрболат Масановтың пікірінше Иманғали Тасмағамбетов тек оппозициямен ғана емес, сонымен қатар зиялы қауым өкілдерімен де жақсы жұмыс жасап, оларды сатып алуға күш салады. Нұрболат Масановтың айтуынша, Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың тағы бір үлкен атқаратын міндеттерінің бірі – ол осы қаладағы барлық қаржы ағымдары мен банк жүйелерін бақылауға алу.

“ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың өлімі де апта соңында жарық көрген басылымдардың назар аударған басты тақырыбына айналды.

“Новое поколение” апталығында жарық көрген Светлана Грибанованың мақаласында “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтшовтың өз ажалынан өлді деген ресми ақпаратқа журналистердің сенімсіздік танытып отырғандығы айтылыпты. Газет тілшісінің пайымдауынша, кездейсоқ оқиғадан қаза тапты деген қорытынды жасау арқылы бұл істі тезірек жауып тастауға болады. Сондай-ақ мақалада Ержан Тәтішовтың көлігінде әзірше тергеу орындары атын атамай отырған тағы бір адамның болғандығы айтылыпты. Сонымен бірге “Новое поколение” апталығында Ержан Тәтішовтың қайғылы қазасына байланысты Қазақстан Республикасы қаржыгерлер ассоциациасының үндеуі де жарық көріпті.

Аталмыш үндеуде Қазақстан Республикасы қаржыгерлер ассоциациасы Ержан Тәтішовтың туған-туысқандары мен оның әріптестеріне қандай да болсын көмек көрсетуге әзір екендіктерін мәлімдепті. Сондай-ақ аталмыш үндеуде Ержан Тәтішовтың “ТұранӘлем” банкісін жеті жыл басқарғандығы және оны мықты қаржы институтына айналдырғандығы да атап өтіліпті.

“Караван” апталығының хабарлауынша, “ТұранӘлем” банкісінің төрағасы Ержан Тәтішов пен оның достары Жамбыл облыстық аңшы инспекциясынан ешқандай жолдама да лицензия да алмаған. Газет тілшісінің айтуынша, “ТұранӘлем” банкі басқармасы төрағасының қасында болған серіктестерінен қазір полиция орындары түсініктеме алып жатыр. Сондай-ақ “Караван” апталығында жарық көрген мақалада орын алған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғандығы және оны Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының жүргізіп жатқандығы да баяндалыпты.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында жарық көрген Айгүл Омарованың мақаласында “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың өз ажалынан өлгендігіне күдік келтіріліп, оны тапсырыспен өлтіруі мүмкін деген болжам жасалыныпты. Мақала авторының болжамына қарағанда Ержан Тәтішовті саяси мақсатпен өлтіруі де ықтимал. Газет тілшісінің пайымдауынша, Ержан Тәтішовтың қайғылы қазасы Қазақстандағы президент сайлауының алдындағы елдегі ірі банктердің өкілдеріне жасалған ескерту болуы мүмкін.

Сондай-ақ мақала авторы “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың бизнестегі өз қадамын саяси көзқарасы үшін сотталған Мұхтар Әблязовпен бірге бастағандығына да айрықша назар аударыпты.
XS
SM
MD
LG