Accessibility links

Кеңестер одағы әскерінің Ауғанстанға кіргізілгеніне 25 жыл болды

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

25-ші желтоқсанда Кеңестер одағы әскерінің Ауғанстанға кіргеніне 25 жыл болды. Ауғанстан аумағында 10 жыл бойы жүрген соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгер - ардагерлер дәл сол уақытта Ауғанстанға Кеңестер одағының қарулы күштері кірмесе, Америка әскерінің ол елге түсірілуі жөніндегі нақты деректер Кеңестер одағының орталық комитетінде болған дейді. Енді бұл тақырыпты ауған соғысының ардагерлері және сарапшылармен тілдесіп, толықтыруға тырысқан едік.

Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері одағының деректері бойынша, 30 мыңнан аса қазақстандық азаматтар аталған соғыста жауынгерлік борышын өтеген екен. Олардың мыңнан асасы оққа ұшса, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Және де 3 мыңнан аса жауынгер ауған соғысынан мүгедек болып оралған. Алайда ресми мәліметтерге негізделіп жасалған бұл цифрларды екі есеге көбейтсе де болады дейді ауған соғысы ардагерлері одағының басшылығы. Себебі Қазақстан үкіметі осы уақытқа дейін республика бойынша, нақты санақ жүргізген емес және елдегі ауған соғысы ардагерлерінің мәселелеріне тек қана қырын қабақ танытып келеді дейді олар. Ал Кеңестер одағының Ауғанстан еліне әскерін кіргізуі мәселесі қаншалықты оңды қадам болды деген сауалға ардагер жауынгерлер сол кездегі саяси жағдайды ескере отырып әрі бүгінгі әлемдік оқиғаларды саралау тұрғысынан баға беру қажет дейді. Бұл ретте ауған соғысының ардагері, генерал-мойор Мұрат Қалматаевтың айтуы бойынша, желтоқсан көтерілісі кезінде республиканың ішкі істер министрі бола тұра жастардың жағына шықтың деген айып тағылып, Ауғанстанға жіберілген ол сол кездегі кеңес әскерінің Ауғанстанға кіргізілуінің өзіндік себептері болғанын айтады.

Алайда Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Шәріп Өтегенов Кеңес одағының Ауғанстанға әскер кіргізуі мәселесіне саясаттанушылар бас қатырсын. Ал отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтардың еңбегі ескерілетін уақыты жетті дейді.

Ал әскери ғылымдардың профессоры, полковник Ким Серікбаев қандай жағдай болғанда да бөгде Ауғанстан елінің ішкі ісіне араласқан Кеңестер одағы да, қазіргі АҚШ-да абыройлы бола қойған жоқ дейді.

Ендігі мәселе ауған соғысының ардагерлеріне Қазақстан үкіметі оң қабақ танытуы қажет дейді Ким Серікбаев.
XS
SM
MD
LG