Accessibility links

Апталық басылымдар өткен жылдың оқиғаларын қорытындылыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда жаңа жыл қарсаңында Оңтүстік-Шығыс Азияда орын алған жер сілкінісінің салдарынан Тайландта жүрген қазақстандық азаматтардың жарақат алғандығы және кейбіреуінің хабар-ошарсыз кеткендігі туралы хабарлапты.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

“Эпоха” басылымы осы жылдағы өзінің соңғы санында өтіп бара жатқан “Мешін” жылында Қазақстан өмірінде елеулі өзгерістердің көп болғандығын айрықша атап өтіпті. Газет тілшісі мешін жылында парламенттік сайлаудың өрескел заң бұзушылықтар негізінде өткендігін айта келіп, оның қорытындысын теріске шығаруға ешқандай күштің де ықпал ете алмағандығына тоқталыпты. Сондай-ақ мақала авторы “Мешін” жылының аяғында “Отан” партиясы ғимаратының алдында жарылыстың орын алғандығын және “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың қайғылы қазаға ұшырағандығын да еске алыпты. “Жас қазақ” басылымы болса алдағы келе жатқан жылдың басында премьер-ауысуы мүмкін деген жорамал жасап, Қазақстанда үкімет басшысының не себептен жиі ауыса беретіндігіне байланысты белгілі саясаткер мен саясаттанушыларға сауал қойыпты. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, премьердің орнында ұзақ отыра бермеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл мәселе – саяси жүйеде қарастырылады. Үкімет саяси биліктің ұйғарымын орындауға мәжбүр. Екіншіден әр үкімет өз миссиясын орындап біткесін отставкаға кетеді. Үшіншісі кейбір жағдайда мемлекеттегі саяси шиеленістер Премьердің кетуіне негіз болады” дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали. Саясаткер Сейдахмет Құттықадам болса, “Жас қазақ” басылымына берген сұхбатында Әкежан Қажыгелдиннен кейін премьер-министр лауазымы қауіпті қызметке айналды деген пікір білдіріпті. Мұның себебін саясаткер Сейдахмет Құттықадам биліктің беделді тұлғалардан қорқа бастағандығымен түсіндіріпті. Сондай-ақ Сейдахмет Құттықадам премьер-министр Даниял Ахметов 2005 жылдың қаңтар айында отставкаға кетуі мүмкін деген жорамал жасапты. “Экспресс К” және “Город” атты басылымдар жаңа жыл қарсаңында Оңтүстік-Шығыс Азияда орын алған жер сілкінісінің салдарынан Тайландта жүрген төрт қазақстандық азаматтың жарақат алып және бесеуінің хабар-ошарсыз кеткендігін хабарлапты. “Экспресс К” басылымында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, жарақат алған қазақстандық азаматтар ауруханада жатыр және оларға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілуде. Мақала авторының айтуынша, жарақат алған қазақстандық азаматтардың саны ресми деректерден де көп болуы ықтимал. Өйткені бүгінгі таңда Тайланда екіжүзден астам қазақстандық азаматтың демалуға кеткендігі туралы мағұлұмат бар. “Экспресс К” газетінің хабарлауынша, “Тайландтағы” Қазақстан Республикасының елшілігі осы елге демалуға келген қазақстандық бес азаматтың хабарсыз қалып отыр. Ал, “Город” басылымында жарық көрген Ксения Михайлованың мақаласында Тайландқа демалуға кеткен туристердің тағдырына байланысты олардың туған-туысқандарының алаңдаушылық танытып отырғандығы баяндалыпты. Қазақстандық туристер қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенованың айтуынша, олар әлі күнге шейін Тайландтағы Қазақстан елшілігімен байланыса алмапты. Қазақстан Туристер Қауымдастығы Сыртқы істер Министрлігі мен оның Бангкоктағы дипломатиялық өкілдігіне ресми хат жолдағанымен олардан әлі күнге шейін жауап келмеген. “Литер” басылымы болса осы жер сілкінісінің салдарынан қазақстандық екі азаматтың ауыр жағдайда ауруханада жатқандығы туралы ақпараттың бар екендігін тілге тиек етіпті. Аталмыш басылым келтірген деректерге жүгінсек, 26 желтоқсан күн ғана Алматыдан Тайландқа екі самолет ұшып кеткен. “Егемен Қазақстан” және “Заң” газеттері сенбі күні Есілдің сол жағалауындағы Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет мүшелерімен биылғы жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын-ала қорытындыларына арналған кеңес өткізгендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы экономикалық өсімнің тоғыз процентке артқандығын жеткізген. Мақалада сондай-ақ Президенттің Үкіметке 2005 жылдың бірінші тоқсанында тұрғын-үй коммуналдық саланы реформалау, көлеңкелі экономиканы дамыту жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу жұмыстарын аяқтау жөнінде тапсырма берген. “Қазақ әдебиеті” газетінің жетпіс жылдығы да Мешін жылымен сәйкес келіп отыр. Сол себептен де “Қазақ әдебиеті” газетінің жыл жабар саны толықтай осы газеттің тарихына арналыпты. Газет бетінде аталмыш басылымның тарихы және оның бүгінгі таңдағы қоғамда алатын орны туралы мақалалар топтамасы ұйымдастырылыпты.
XS
SM
MD
LG