Accessibility links

2005 жылдың қаңтарынан бастап, Қазақстанның темір жолдарында жолаушыларды тасымалдау тарифтері 20 пайызға көтеріледі


«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Екібастұз-Павлодар» темір жол желісін электрлендіру жүйесін іске қосты. Компания бұл бағытты электрлендіру арқылы Шығыс Қазақстан өңірінің энергоресурстарын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаның экологиялық тазалығын сақтауға мүмкіндіктер аштық деп хабарлап отыр.

Бұл жол тармағында электрлендіру арқылы жұмсалуға тиіс отын 1 жарым есеге азайып, пойыздардың жылдамдығы сағатына 3-4 шақырымға ұлғаяды.

Ал, жүк құрамдарының орташа салмағы 500-600 тоннаға ұлғаяды деп хабарланған. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі басқарма қызметкері Елена Трифонованың сөзінше осылайша, жылдық шығын 1 жарым миллиард теңгеге үнемделеді.

«Екібастұз-Павлодар» темір жол желісі электр қуатын бірден екі облыстағы электр стансаларынан алады деп жоспарланған. Бұл тармақты электрлендіру үшін, 6 миллиард теңге жұмсалған. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс жөнінідегі басқарма қызметкері Елена Трифонованың сөзінше, Павлодар өңіріндегі электр қуаты Қазақстандағы ең арзан қуат көздері болғандықтан, бұл шығын 8 жылда өтелуге тиіс.

Қазіргі уақытта жалпы Қазақстан темір жолдарының электрлендірілген бөлігі 30 пайыздан асқан. Бұл жұмыстың барлығы көршілес мемлекеттердегі тапсырыс берушілерді тарту үшін жасалып отыр. Жаңа жылда Қазақстанда Қытаймен Еуропаны қосатын темір жол тармағы салынбақшы. Ол Түркменстан, Иран және Түркия арқылы өтеді, деп жоспарланған. Жоба шамамен 15 жылда аяқталады деп жоспарланған. Құрылыс құны 4 миллиард долларға бағаланып отыр. Темір жол тармағының құрылысы Еуропалық стандарттарға сай болуы шарт. Ені қазақстандық жолдардан сәл тарлау еуропалық жолмен келген поездар Қазақстанда көп кідірмей укақытын үнемдейді, дейді Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінің қызметкері Төлен Қоңқақов:

- Мысалы Еуропадан поезд келетін болса, ол жүктердің бәрін біз бір вагоннан екінші вагонға саламыз. Ол көп уақыт алады, көп шығын шығарады.

Бүгінде, Еуразия құрлығының 13 халықаралық дәліздерінің бесеуі Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстанның көлік министрлігі таратқан ақпаратқа сай, Қазақстанның көліктік дәліздері пайдалы қазбаларға бай аймақтар арқылы өтеді, демек, болашақта транзиттік бағыттардың жетілуі жалпы республика экономикасының дамуына үлкен үлесін қосады, дейді қазақстандық теміржолшылар. Бұлда жахандану саясатына сай жүргізілетін жұмыс. Осы орайда, 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап, темір жолда жолаушыларды тасымалдау тарифтері 20 пайызға көтеріледі, деп хабарланды. Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінің қызметкері Төлен Қоңқақовтың пікірінше, баға көтерілуі орынды:

- Біз бүкіл әлемдік сауда ұйымына кіргелі отырмыз. Олардың бірінші талабы тарифтер бірдей болу керек. Арзан тариф болса, ол демпинг деп есептеледі.

Қазақстандықтар үшінде темір жолдың тиімді жақтары көп, - дейді Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының баспа сөз қызметкерлері. Мысалы, республикадағы барлық жүк тасымалының 70 пайызы темір жолдың үлесінде. Ал, жолаушылар тасымалының жартысына жуығы поездармен жүргізіледі. Бірақ, Қазақстан тұрғындарының өкілдері баға қымбаттауымен келіспей отыр:

- Халықтың жағдайына қарау керек, ертең қайтуымыз керек. Керек болса, зейнетақымыз жол қаражатына жетпейді. 580 теңге зейнетақы аламын, қымбаттағансоң қатынас кеми береді. Осының өзіне зорға келе жатырмыз.

- Мен оған риза емеспін. Өйткені, шойын жол өз жоспарын орындап жатыр, қымбаттатуға болмайды, жалғыз қалған шойын жолда.

- Бағалар өсіп келеді, қазір қымбат емес, бірақ, әрмен қарай көтерсе, ол қымбат болады.

Қазір, Қазақстан темір жолдарының жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асады. Әлем бойынша ұзындығы жағынан тәуелсіз мемлекеттер достастығы территориясында ол 4 орында. Темір жол саласында бүгінде 125 мың адам жұмыс істейді. Бұл Қазақстан тұрғындарының 1 пайызы.
XS
SM
MD
LG