Accessibility links

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы жабылып қалуы мүмкін


Сейсенбі, желтоқсанның 28-і күні Алматы қалалық прокуратурасы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының соңғы съезде қабылданған саяси мәлімдемесі Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігін шайқалтып, әлеуметтік араздықты қоздырып отыр деп, қоғамдық ұйымның қызметін тоқтатуды талап етіп Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағым түсірді. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбет: «Қазақстан Конституциясында әркім өз ойын ашық білдіре алатыны анық жазылған. Ал, біз бар болғаны күздегі мәжіліс сайлауының заң бұзушылықтармен өткенін айттық. Бұл ретте, билік «сыныққа сылтау іздеп», ашық пікір айта алатын саяси құрылымдарды қудалауды бастады» деп отыр.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының соңғы съезде қабылдаған саяси мәлімдемесі Қазақстан республикасы Конституциясының талаптары және республиканың бірқатар заңдарына қайшы» деп сотқа жүгінген Алматы қалалық прокуратурасынан қандай да бір мәлімет алудың сәті түспеді. Осы мәселеге қатысты түсінік алу мақсатымен прокуратураның жалпы қадағалау басқармасының бастығы Әнуар Жұмағұловқа хабарласқанымызда, ол: «сотта қаралып жатқан іске ешқандай түсінік бере алмаймын» деп жауап қатты:

- Заң бойынша, мен заң шешім шығармай тұрып, ешқандай түсінік бере алмаймын.

Ал, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбеттің айтуынша, бұл – Қазақстандағы билік өкілдерінің бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттерде орын алып жатқан бейбіт төңкерістерден сескеніп, алдын-ала жасап отырған шарасы. «Уақыт талабымен санасқысы келмейтін диктаторлар ғана осындай қадамдарға бара алады» дейді Батырхан Дәрімбет:

- Қазақстандағы саяси партиялардың жағдайы қазір өте ауыр. Өйткені, Үкіметке жағынып, соның сөзін сөйлесең, соның айдауына жүрсең, партия ретінде өмір сүре аласың. Ал енді, көптеген кемшіліктеріне қарсы тұрып, оны ашық айтсаң, осындай қудалауға ұшырайтынымыз анық. Бұл қудалаудың басты себептерінің бірі: біз мынау президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған қоғамды демкратияландыруға бағытталған Ұлттық комиссия жұмысына қатысудан бас тартқанбыз. Жалғыз біз емес, ондай қадамға Қазақстандағы демократиялық күштердің үйлестіру Кеңесіне енетін «Ақжол», Қазақстанның коммунистік партиялары да барды. Соған байланысты осындай келеңсіздіктер басталды. Билік өкілдері бізден кейін жоғарыда аталған 2 партияны қолға алуды жоспарлап отырған болуы керек. Сондықтан біз мұны биліктің жаңа репрессиялық қадамдарының бірі деп есептейміз.

Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин қалалық прокуратураның жоғарыда аталған талабына қатысты мынандай пікір білдірді:

- Оның мен үшін ешқандай жаңалығы жоқ. Демократиялық жолда жүрген, өзіндік пікірі бар партиялардың барлығына қысым жасап отыр. Біздің компартияныны да бірнеше мәрте ішінен бұзуға, тарқатуға әрекет жасалған. Прокуратура «коммунистік партияны да құрту керек» десе, оған да таң қалмаймын. Өйткені, қазіргі жүйенің жүргізіп отырған саясаты осындай. Болашақта «Ақжол»-ға да қол салады. Меніңше, ол қалыпты құбылыс.

Ал, президент Н.Назарбаев жетекшісі болып саналатын «Отан» саяси партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев: «бұл ретте «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының қабылдаған саяси мәлімдемесінде шикілік болуы мүмкін» деп отыр:

- «ДВК»-ның не айтып, басқаның не айтып жүргенін білмеймін. Қазақта жақсы бір мақал бар. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» дейді. Сондықтан, біз саяси партия болғаннан кейін, әруақытта айтқан сөзімізді, өзіміздің ұсынысымызды асықпай таразыға салып барып, айтуымыз керек.

«Республика азаматтарын өз ойын ашық білдіріп, онысын халық талқысына шығарғаны үшін жауапқа тарту заң талаптарына сәйкес келе қояды деп айту қиын» дейді заңгер Серікхан Жақыпов:

- Олар өздерінің көзқарастарын айтып отыр ғой. «Сайлау кезінде осындай заң бұзушылықтар болды» деп. Оған өздерінің деректерін келтіріп отыр. Ал, партиялардың осы талаптарын соттар неге қарамайды. «Соны айттың, соны көрсеттің» деп партияны жауып тастау менің ойымша негізсіз, заңсыз.

Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбеттің айтуынша, бұлар алдағы уақытта жоғарыдағы жайтты халықаралық ұйымдар назарына ұсынбақ:

- Біз халықаралық қауымдастыққа шығамыз. Қазақстандағы шет ел елшілеріне және дүниежүзіндегі ақпарат құралдарына, халықаралық ұйымдарға бар жайды білдіреміз.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта аталған мәселеге қатысты алғашқы сот отырысы бейсенбі, желтоқсанның 30-ы күні өтеді. «Бізге прокуратура тарапынан тағылған айыппен танысып, оған дәйекті жауап іздеуге берілген 2 күн тым аз мерзім» дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбет. Ал, дәл осы сот тыңдалымымен бір күнде Қазақстанның демократиялық күштерінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтетінін айтқан Серікболсын Әбділдин: «сол мәжілісте біз Кеңеске мүше партияның басына түскен мәселені талқылап, өз тарапымыздан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясына қолдауымызды білдірмекшіміз» дейді.
XS
SM
MD
LG