Accessibility links

Астанада бес қабатты тұрғын үйдегі өрттен 17 отбасы зардап шекті

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

2005 жылдың алғашқы күні сағат 6:39-да Астанадағы «Орбита» сауда орталығында өрт шықты. Лезде лаулаған жалын 56 пәтерлік тұрғын үйдің терезелерін шарпып, 24 пәтердің терезесі жарамсыз болып қалды, 6 пәтерде үй мүліктері ішінәрі жанып кетті. Әйтеуір адамдар аман.

Астанадағы өрттің жалпы көлемі 2000 шаршы метр сауда алаңын алғаны туралы Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Александр Федеренко хабарлады. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 110 адам және 23 техника құралы жұмылдырылған.

Министрлік өкілі берген алдын-ала мәліметтерде 32 отбасының көмек сұрағаны, соның ішінде 17 отбасының қатты зардап шеккені, ал өрттен барлығы 132 адамның зардап шеккені айтылған.

Александр Федеренконың сөзінше, зардап шеккен отбасылар тұрғын үй департаментінің жатақханасына орналастырылып, оларға ыстық тамақ берілген, қалғандары өз туыстарын паналаған.

Пәтерлері өртенген азаматтар өз үйлеріне жөндеу жасалған күнде де енді онда тұруды қауіпті деп санайды. Тұрғындар кейбір өрт сөндірушілер оқиға орнына сусыз келген деп отыр.

– Өрт сөндірушілер сусыз немесе ештемесіз келді ме, онысын білмеймін, бірақ басында – екі сағаттай уақыт бойы өрт сөндірушілерден әрекет болмады, – дейді пәтерлерін өрт шалған тұрғындардың бірі. Оның сөзіне қосылған тағы бір тұрғын өрт салдарынан өз баспанасы бүкіл мүлкімен қоса толық жанып кеткенін айтып берді.

Тұрғындардың айтуынша, өрт бес қабатты үйдің астындағы сауда орталығынан басталғандықтан, өрт сөндірушілер жалындап жатқан пәтерлерге базар арқылы кіре алмаған. Шлангтары да жетпеген, оның үстіне су да болмай қалған.

Баспанасы бүлінген тұрғындардардың бірі қазірде жатақханада тұрып жатқанын, алайда, онда ешқандай жағдайдың жоқтығын айтады. Сондай-ақ ол пәтері жөндеуден өткен күнде тұруға жарамсыз деген пікірде.

– Өрт шалған үйді үкімет оны қайда болса да өз балансына қоюға алып, бізге пәтер бөлсін, біз оны мемлекетіміздің өтемақысы деп есептер едік, – пәтері өртенген тағы бір азамат.

Бес қабатты үйдегі өрттен бүлінген пәтер тұрғындары далада қалғандарын, өрт шарпыған пәтерлерін енді сата да алмайтындарын айтып шағымданады. «Орбита» сауда орталығындағы базарда сауда жасап жүргендер болса енді қайда барып жұмыс істейміз деп алаңдаулы.

Аталаған жағдайға байланысты Азаттық тілшісі хабарласқан Астана қаласы әкімнің бірінші орынбасары Сансызбай Есілов уақытының жоқтығын алға тартып, сұрақтарға жауап бермеді.
XS
SM
MD
LG