Accessibility links

Сырдария өзені тасып, аймақтағы елді мекендерге қауіп төндірді


Сыр өзені тағы да арнасынан асып, жағалауға жақын маңдағы Абылай, Қалжан ахун елді мекендеріне және Жалағаш-Қармақшы тас жолының бір бөлігіне су жайылған. Ауыл шаруашылығы министрі Серік Үмбетов жаңа жылдың алдында ғана ондай қауіп жоқ деген еді.

Қазір Қызылорда облысындағы Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандарында күрделі жағдай қалыптасып отырғанын айтып жергілікті басшылар дабыл қағып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Серік Үмбетов жаңа жылдың алдында ғана: «Сырдария өзенінен биыл қауіп жоқ. Барлық жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», – деп мәлімдеген болатын.

Алайда Сыр бойында қазірде министрдің сөзінен өзгешелеу жағдай қалыптасып отыр.

– Жаңа жылды Сырдарияның басында қарсы алдық. Күндіз-түні ұйқы, күлкіден айрылдық. Ешқандай демалыс жоқ, – дейді облыс әкімінің орынбасары Құттықожа Ыдырысов.

Оның сөзінше, қазірде үш ауданның әкімдері мен мекеме басшылары Сырдың басында жүр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімов қазір Қызылорда облысының үш ауданының аумағында қиын жағдай қалыптасып отырғанын, министрлік оны бақылауда ұстап отырғанын айтады.

Жергілікті басшылар кейбір жерлерде елдімекендерді су алып кету қаупі барын жеткізді.

– Қазіргі уақытта Қалжан ахун ауылының тұсында дария деңгейі өте жоғары. Айналаға егістік алқаптарына жайыла бастады. Жылда Сырдарияның тасуына екі себеп бар. Оның бірі – дарияға жолай қосылатын Арыс өзеніннің су деңгейі қалыпты еместігі болса, екіншісі – осыдан елу жыл бұрын салынған бөгеттердің әбден тозығы жеткендігі, – дейді Қызылорда облыстық су шаруашылығы қазынашылық басқармасының бастығы Сұлтанбек Тәуіпбаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Әмірхан Кеншімов жыл сайын қайталанып келе жатқан төтенше жағдайдың алдын алудың ең қолайлы жолы ретінде Шардара тұсынан Көксарай су қоймасын салу қажеттігін айтады. Қызылорда облыстық су шаруашылығы қазынашылық басқармасының бастығы Сұлтанбек Тәуіпбаев облыс аумағында 1200 шақырымды басып өтетін Сырдарияның ұзына бойын биіктету және иіндерді түзеу қажет деген пікірде.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, қаңтардың бесінде Сырдария мәселесіне байланысты құрылған үкіметтік комиссия Қызылорда облысына барып, дарияны бойлай жүріп, жағдаймен жете танысқан соң бір шешімге келуге тиіс.
XS
SM
MD
LG