Accessibility links

Қажылық сапар шегудің биылғы ерекшеліктері

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Енді бір аптадан кейін Қазақстан мұсылмандары исламның 5 парызының бірі – қажылық міндетін өтеу үшін Меккеге аттанбақ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің айтуынша, Сауд Арабиясы Қазақстан азаматтары үшін жыл сайын 10 мың адамға квота бөледі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) халықаралық байланыстар, қажылық және хаттама бөлімінің меңгерушісі Нұржан Маханов биыл қажыға 1,5 мың адам апаруды жоспарлап отырғандарын айтты. Былтыр 1,2 мың кісі қажылық жасап қайтқан екен.

ҚМДБ деректеріне қарағанда, биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – бұған дейін Қазақстан арқылы Меккеге сапар шегіп келген Қытай, Ресей мемлекеттерінің азаматтары биыл олай бармайтын болыпты.

Нұржан Махановтың айтуынша, ҚМДБ биыл да Қазақстан азаматтарына «Спутник» туристік фирмасының қызметін ұсынып отыр екен. Қазақстаннан қажылық сапарға барғалы отырғандардан 350 кісі осы компанияның қызметін пйдаланбақшы. Бұл ретте ҚМДБ өкілі Нұржан Маханов Меккеге аттанған адамдардың «барлығына бірдей ойдағыдай жағдай жасалына бермейтінін» де еске алу керектігін айтып отыр.

– Мекке дегеніңіз 1,5 миллион халқы бар Алматы сияқты қала. Ал осы Алматыға бір мезгілде әлемнің әр түкпірінен 3-4 миллион адамды әкеліп орналастырып қойсаңыз не болады? Сондықтан ол жақта әр қажының, әрбір адамның жағдайын жасап беру оңайға соқпайды. Меніңше, қазақстандық қажылардың басқа мемлекеттерден келетін қажылармен салыстырғанда жағдайлары жаман емес. Көбінде жұрт «анау дұрыс болмады, мынау дұрыс болмады» деп сөйлей береді. Ол дұрыс емес. Адам қажылыққа бар соң, кез-келген қиыншылыққа шыдауға, шамалы сабыр сақтауға тиіс емес пе?! Қажылық дегеніңіз – барып, аяқ-қолыңызды жылы суға малып отыратын курорт емес. Кезінде ата-бабаларымыз оған пәленбай күн жол жүріп, атпен, жаяулап та барған, – дейді Нұржан Маханов.

Оның айтуынша, ҚМДБ-мен келісім-шарт жасасқан «Спутник» туристік фирмасының әрбір адамнан алатын ақысы 2400 АҚШ долларына тең. Ал, осымен жетінші жыл қатарынан Меккеге қажы апару ісімен айналысып келе жатқанын айтқан «Аттан-Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек «бұл баға Қазақстан азаматтары үшін тым қымбат» деп санайды.

– Қазір елімізге әр жақтан неше түрлі туристік компаниялар келіп, мешіттегі азаматтар бастап, қажылық сапарының бағасын 2400 доллар қылып бекітіп қойды. Тіпті кейбіреулер 7 мың доллар деп баға қойып алыпты. Ал мен былтыр 40 адамды 1300 долларға алып бардым. Биыл да көреміз. Қаңтардың 8-і күні шығып кетеміз деп отырмыз. Анығында, біздің қазақ халқында, Қазақстан мұсылмандарында ақша жоқ. Ал діннің шапанын жамылып алған кейбір азаматтар осыны түсінуге тырыспайды, – дейді Амантай қажы.

Бұл ретте Амантай қажы ұсынып отырған баға төмендегідей екен:

– Мен 1400 долларға алып барайын деп отырмын. Оның ішіне тамағы, жататын жері – бәрі кіреді. Дубайға дейін ұшақпен барып, ары қарай 25 сағат автобуспен, 5 мемлекеттің үстінен жүріп өтеміз.

ҚМДБ-ның өкілі Нұржан Махановтың айтуынша, биыл қажылық сапарға Қазақстан арқылы аттанатын шет мемлекет азаматтарына шектеу қойылыпты.

– Өз басым кейбір қазақстандық туристік фирмалардың қытайларды, Қытайдан келген дүнгендерді апарып жатқанын көрдім. Компанияларға ол өте тиімді. Ал биыл осыны тоқтатқан сияқты. Қазір «бірде-бір қытайды өткізбей жатыр» деп естідім. Сондай-ақ, Ресей азаматтарын да апаруға болмайды. Ресейден де талай шешен азаматы келіп жүр емес пе. Өйткені, ол мемлекеттердегі жағдай қазір мүшкіл болып тұр ғой. Бұл – біздің сыртқы істер министрлігі мен Саудия тарапынан шешілген нәрсе. Мүмкін Қытай үкіметі өз наразылығын білдірген болар. Әлде Ресей үкіметі ұсыныс жасады ма екен... Кім білсін енді, ол мемлекет азаматтарының Қазақстанға келіп, не тірлік жасап жатқанын... Сондықтан, олар өз азаматтарын өз бақылауларына алуға кіріскен сияқты, – дейді ҚМДБ өкілі.

Сонымен бірге ол «Қазақстаннан баратын қажылар көбінде діни тұрғыдан сауатсыз болатынын» да айтып өтті.

– Ана жаққа барғанда қай жерде қандай дұға оқылатынын білмей абдырайды. Осындай келеңсіздіктің алдын-алу мақсатында ҚМДБ биыл Меккеге аттанатын 350 азаматқа 12 имамды қосып жібермекші, – дейді ҚМДБ халықаралық байланыстар, қажылық және хаттама бөлімінің меңгерушісі Нұржан Маханов.
XS
SM
MD
LG