Accessibility links

Цунамиден зардап шеккендерге уәде етілген қыруар көмек іс жүзіне аса қоя ма екен?


Оңтүстік Азияда цунами апатынан зардап шеккен елдерге әлем қауымдастығы шамамен екі миллиард доллар сомасына көмек көрсетуге уәде етті. Соңғы үлкен апаттардағы жағдай көрсетіп отырғандай, нақты көрсетілетін көмектің көлемі уәде етілгеннен екі есе, тіпті оданда аз болып қалады.

Желтоқсанның 26-сындағы цунами апаты Үнді мұхиты жағалауындағы оңтүстік Азия елдерінде ондаған мың адамды мерт қылған соң, әлем қауымдастығы көмек көрсететіні туралы бірімен бірі жарыса уәде берді.

Алғашында 35 миллион доллар көмек көрсететінін жариялаған АҚШ апат салдарын жою жұмысында өзінің бастаушы орнына тым тар көрінетін жәрдем көлемін кейіннен он есеге ұлғайтып айтты. АҚШ енді 350 миллион доллар көлемінде көмек беретінін мәлімдеді. Жапония да алғашқы уәдесін өзгертіп, көмек мөлшерін тез арада 500 миллион долларға жеткізді.

Еуропа құрлығындағы елдерде бір бірімен уәде бәсекесін құрғандай, Дания мен Норвегия уәделерін одан сайын өсіріп, жан басына шаққанда ең ірі көмек көрсетуші елміз деп әрқайсысы мәлімдеп жатыр.

Соңғы үлкен апаттардағы жағдай көрсетіп отырғандай, нақты көрсетілетін көмектің көлемі әдетте тым аз болып қалады. Лондон экономика мектебінің профессоры Джеймс Патзел Азаттық радиосына берген сұхбатында Иранда 2003 жылы Бам қаласында болған зілзаланы және Кариб теңізі аймағында 1998 жылы болған Харрикейн Митч дауылын мысалға келтірді.

– Бұл жалпы үлкен мәселе. Көмек көрсетемін деп міндеттеме алу көмекті нақты көрсеткеннен әлдеқайда жеңіл. Уәделердің орындалуын бақылау халықаралық көмек көрсету ісіндегі мәселенің бірі, – дейді ол.

Оңай уәде неге айтылып жатқанын да байқауға болады. Апаттан зардап шегіп жатқан халықтың көріністері әлем елдерінің жанына батады, қауымдастық үкіметтерінен нақты қадам талап етеді. Саясаткерлердің өз есептері бар, ұлттық намыс өлшемі де бар дегендей. Бірақ бос уәде зардап шегіп жатқан елге жәрдем болмақ түгілі, олардың азабын ауырлата түседі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының көмек көрсету агенттігінің бастығы Джан Игланд дүйсенбі күні сөйлеген сөзінде Бам қаласы халқының жағдайына назар аударды. Ирандағы бұл қалада жер сілкінісінен 25 мың адам қаза тауып, қала жермен жексен болды. Бам қаласының халқы халықаралық қауымдастық уәде еткен көмекке бір жылдан аса уақыт зәру болып отыр.

– Бам қаласындағы жағдай мынадай – халықтың көңілі қалған. Себебі олар әлі күнге шейін күркелерді уақытша паналап отыр. Ал оларға үй тұрғызып береміз деген уәде айтылған болатын. Халық ол сөзді ұмытқан жоқ. Оларға үй тұрғызып береміз деген уәделердің болғанын біз де ұмытқан жоқпыз, – деді Джан Игланд.

Кариб теңізі аймағында 1998 жылы болған Митч құйыны да халықаралық қауымдастықтың сөзі мен ісі қандай болатынын көрсетеді. Бұл аймақтағы апаттан тоғыз мың адам қаза тапты, үш миллион адам баспанасыз қалды. Ел үкіметтері мен халықаралық ұйымдар береміз деген миллиардтаған доллары қағаз жүзінде қалды.

Лондон экономика мектебінің профессоры Джеймс Патзел уәделердің орындалуын бақылауды бірде бір халықаралық ұйым атқармай отыр дейді, ара-тұра зерттеу жасалғанымен, жүйелі түрде зерттеу жоқ. Бұл жердегі зерттеулер ғылыми жолмен жасалса жөн дейді Джеймс Патзел. Көмек көрсету ұйымдары мәселе тек орындалмаған уәделермен аяқталмайды дейді.

Мәселені шешудің бір жолы – жеке үкімет берген көмек ақшаны сол елдің компаниялары мен ұйымдары игерсе жөн. Сол сияқты бір апат аймағына жолданып жатқан ақша алғашында басқа аймақтағы апат салдарын жоюға арналған болып шығыды. Ақшаны қай апат аймағына жолдасақ деген таңдаудың өзі қатаң өлшем шешімдерін туғызып жатады.
XS
SM
MD
LG