Accessibility links

Әлем елдері Азиядағы цунами құрбандарын еске алды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаңтардың 5-інде әлемнің бірқатар елдерінде оңтүстік-шығыс Азиядағы цунами құрбандарын еске алу шаралары өткізілді. Табиғи апат салдарынан жер кіндігі қозғалып кеткен деген болжам айтылып отыр.


Желтоқсанның 26-сында Үнді мұхиты елдерінде болған табиғат апаты құрбандарын еске алу шарасы кезінде Молдованың барлық елді мекендерінде мемлекеттік жалаулар түсірілді. Еуропа одағы елдерінде үш минуттік үнсіздік жарияланған.

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, аталған табиғат апаты болған аймақтан қаңтардың 4-інде 57 адам, ал барлығы 100-ден аса адам Қазақстанға оралған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібайдың хабарлауынша, оңтүстік-шығыс Азиядағы табиғи апаттан Қазақстанның үш азаматы хабар-ошарсыз кеткенге саналып отыр.

Азиядағы цунамидің әсерінен жер кіндігі қозғалып кеткен деген де болжам айтылып жатыр. Егер бұл болжам расталса, оның Қазақстан үшін әсері қандай болуы мүмкін? Бұл сауалға Алматы қаласындағы сейсмология институты директорының орынбасары Асқар Оспанов былай деп жауап береді:

– Егер жер кіндігі қозғалған болатын болса, әрине, онда жер жүзіндегі табиғаттың барлығына оның әсері болады. Климат өзгереді, басқа да процестер болуы мүмкін жер жүзінде. Ал жер кіндігінің қозғалғаны рас па, өтірік пе – ол жағынан біздің мәліметіміз жоқ. Біздің негізгі жұмысымыз – қазақ жеріндегі сейсмологиялық жағдайды бақылау.

Ал қазақстандықтарға белгілі жорамалшы Назарбек Қожамсейітов Азияда алапат цунамиді туғызған жер сілкінісін соңғы қырық жылда болмаған оқиға деп отыр. Сондай-ақ ол цунамидің салдарынан жер кіндігі қозғалған күнде де оның Қазақстан үшін әсері айтарлықтай күшті емес деген пікір білдірді.

Алматы қаласындағы сейсмология институты директорының орынбасары Асқар Оспанов Жетісу өңіріндегі сейсмологиялық жағдайға байланысты биылғы жылға жасалған болжамдар жақын күндерде белгілі болады деп отыр.
XS
SM
MD
LG