Accessibility links

Қырғызстандағы қазақтардың көпшілігі тарихи отанына қоныс аударғысы келеді

  • Айнагүл САҒДИ

Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, қазіргі кезде ол елде 42 мыңнан астам қазақтар тұрады. Кейінгі жылдары Қырғызстан қазақтары арасында Қазақстанға қоныс аударғысы келетіндер көбейіп отыр.


Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің мәліметіне қарағанда, 2004 жылы мемлекеттік квота кезегіне 190 отбасы тіркелген, алайда олардың тек 78–і ғана атажұртына оралуға мүмкіндік алған. Қырғызстанда тұратын қырғыздардың арасында да Қазақстанға біржола келіп, азаматтық алғысы келетіндердің саны өсе түскен.

– Бүгінде Қырғызстанда тұратын қазақтардың көбі тарихи отандарына қоныс аударғылары келеді. Оған экономикалық жағдай әсер етіп отыр. Қырғызстанға қарағанда, Қазақстанның экономикасы жақсы дамып келеді. Қазіргі кезде Қырқызстандағы қазақтар ортадан төмен өмір сүріп жатыр. Тек қана қазақтар емес қырғыздардың өзі Қазақстанға көшкілері келеді. Егер тұрғын-жай мәселелері шешілетін болса, қазақтардың жартысынан көбі көшуді аңсап отыр, – дейді Қырғызстан Республикасы Жоғорку Кенешінің депутаты Еркін Бөлекбаев.

– Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, Қырғызстанда 40 мыңнан астам қазақ тұрады. Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігіне мемлекеттік квота кезегіне тұрған 190 қазақтың тек 78-ін ғана тарихи отанына қайтаруға мүмкіндік туды. Қазақстанға қоныс аударғылары келетін қалған 110-нан астам азамат 2005 жылдың кезегіне тұратын болады, – дейді елшіліктің консулдық бөлімінің меңгерушісі Төлеуғазы Иқымбаев.

Астана қаласының орталық базарында сауда кәсібімен айналысатын қырғыз азаматтары аз емес. Азаттық тілшілері солардың кейбірін сөзге тартқан еді. Аты-жөндерін атағысы келмеген қырғыз азаматтары күнкөрістің қамымен екі мемлекет арасында сабылып жүргендерін, уақыт өткен сайын жол қатынасының өзі қиындап кеткенін айтады.

– Тауар сатамыз, қалғандары болса тез өтіп кетуі үшін арзан бағаға береміз. Бір айда бір-екі рет Қырғызстанға барып, тауар әкеліп отыруға тура келеді. Егер мүмкіндік болып жатса, Қазақстанның азаматтығын алып, біржола қалғымыз келеді, – дейді Астана базарындағы саудагер қырғыз азаматы.

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің басшысы Жазбек Әбдиев биыл Қырғызстанда тұратын қазақтар үшін 145 квота бөлінгенін айтты.

– Мемлекеттің саясаты бойынша жыл сайын барлық мемлекеттерге бөлінетін квоталардың санын көбейтіп отырмыз. Биыл 15 мың отбасына дейін квота бекітілген, оның басым бөлігі Өзбекстан мен Қытайдан келушілерге беріледі. Бір Өзбекстанның өзінде тұратын қазақтар үшін 10 885 квота бөлініп отыр, – деді Жазбек Әбдиев.
XS
SM
MD
LG