Accessibility links

Астанада өртенген үйдегі пәтерлерді жөндеуге 30 миллион теңге бөлінді

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Астанадағы 5 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы «Орбита» сауда орталығындағы өрт салдарынан 28 пәтер жарамсыз қалды. Қала әкімдігі пәтерлерді қайта жөндеу үшін 30 миллион теңге бөлгенін айтады.


Астана қаласының 2-і шағын ауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы «Орбита» сауда орталығынан кеткен өрттің салдарынан бүгінде жиырма сегіз пәтер жарамсыз болып отыр. Астана қаласы әкімінің орынбасары Сансызбай Есіловтің айтуынша, өрт салдарынан жарамсыз болып қалған пәтерлерді қайта өңдеу үшін жергілікті атқару органының қорынан 30 миллион теңге қаражат бөлінген.

– Әрине, әкімнің міндеті емес барлығын қамтамасыз ету. Бірақ тұрғындарға алғашқы көмек ретінде пәтерлерін өңдеуге ақша бөліп отырмыз. Ал олардың мүліктерін осы өртке кінәлі адам немесе мекеме табылса, сол өтейді, – дейді Сансызбай Есілов.

Астана қалалық өртке қарсы қызметінің ақпарат орталығының инженері Айболат Ермұхамбетовтің айтуынша, бүгінде өрттің шығу себептері мен шығын көлемі анықталып жатыр.

– Бұл жерде екі болжам айтылуда. Біріншісі – өртке қарсы ереже сақталмағандықтан болған. Екіншісі – қасақана жасалған қылмыстық іс. Меніңше, сол қылмыстық іске жатады бұл. Себебі күзет мекемесіне үш рет әр түрлі уақытта дабыл түскен. Соңғы хабардан соң бізге хабарласты олар, – дейді Айболат Ермұхамбетов.

Өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындардың атынан құқық қорғау органдарына берілген шағым хаттарда өртке шарпылмаған пәтерлерден құнды заттар, ақшалар ұрланғаны айтылған. Тұрғындар өрт кезінде заттардың ұрлануына өрт сөндірушілердің қатысы бар деп күдіктенеді.

– Өрт сөндіру қызметкерлері барлық тұрғындарды далаға шығарып, үйдің ішінде тек өрт сөндірушілер ғана жүрді, – дейді өрт болған үйдің төртінші қабатында тұратын Сергей Мальцев.

Сергей Мальцевтің айтуынша, оның пәтерінің бір бөлмесі өртеніпті, қалған бөлмелер аман, бірақ өрттен соң баспанасына қайта оралған пәтер иесі көп сомада ақшасы, құнды заттары және аппаратуралары жоғалғанын білген. Ол әлгіндей құнды заттары жатқан бөлмені өрт шарпымағанын айтады. Бірақ өртке қарсы қызметтің өкілі Айболат Ермұхамбетов бұл жерде өрт сөндірушілерді кінәсі жоқ дейді.

– Бізді кінәлап жатқаны рас. Алтын бұйымдар, отыз бес мың доллар ақша ұрланған деп жатыр. Бірақ бұған бізді кінәлау бекер. Бір жағдай болды. Бір жас өрт сөндіру қызметкері жатқан темекіні ғана алған. Ол "басқа зат алған жоқпын" деп отыр. Ол жерде тек біз ғана емес, полиция қызметкерлері, тұрғындар да жүрді, – дейді Айболат Ермұхамбетов.

Өртенген тұрғын үйдің екінші қабатында тұратын Нұрлан Мусиннің пәтері толығымен өртеніп, барлық мүлік-жиһазы, киім-кешектері жанып кеткен. Өрт әкелген шығынды толтыруға әкімшілік тарапынан бөлініп отырған 30 миллион теңгенің жеткіліксіз екендігін айтқан ол өртенген пәтерлерді қайта жөндеу мүмкін емес деп санайды.

– Үйдің қабырғаларының барлығы сөгіліп кетті. Бұл ескі үй. Ертең күн жылыған кезде көресіздер. Ел басшылары адамдар құлаған үйдің астында қалсын деп отыр ма? Бұл қайта жөндеуге келмейді. Өрт сөндірушілердің баяу қимылынан бұл үлкен өртке ұласты. Тұрғындардың бәрін шығарып жіберіп, ішке кіргізбеді. Өрт сөндіру машинасының үшеуі сусыз тұрды қаншама уақыт. Олардың баяу қимылынан жай басталған өрт молайып кетті. Бізді кіргізгенде өзімізде сөндіруге көмектесер едік, – дейді Нұрлан Мусин.

Өрт салдарынан зардабын шегіп отырған тұрғындар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, парламент сенаты мен мәжілісі депутаттарының атына қолдау көрсетуді өтінген хат жолдағандарын айтты.
XS
SM
MD
LG