Accessibility links

Президент Асқар Ақаев Қырғызстанда “қызғалдақ төңкерісіне” жол бергісі келмейді


Грузия мен Украинадағы бейбіт саяси төңкерістерден кейін, “мақпал төңкерісі” тақырыбы енді кезекті парламент және президент сайлауы табалдырығында тұрған Қырғызстанда да қызу талданып жатыр. Тіпті президент Асқар Ақаев та “Батыстың кейбір күштері” Қырғызстандағы билікті алмастыру мүддесін көздеп отыр деп алаңдаушылығын білдірді.

Қырғыз оппозициясы өзінің ең басты мақсаты алдағы сайлаудың барысында заңсыздықтарға жол бермеу деп мәлімдеп жүрсе, Қырғызстанның студент жастары елдегі билікті өзгертуге қазір-ақ кірісуден тайынбайтын тәрізді.

Қырғызстанда өзіндік “Мақпал” немесе, қырғыз президенті Асқар Ақаевтың сөзімен айтқанда, “Қызғалдақ төңкерісі” мүмкін бе? Президент сайлауының соңғы үшінші турында Украина оппозициясының өткен айдағы жеңісінің ізінше, бұл тақырып Қырғызстандағы қарама-қарсы саяси күштердің арасында да қызу талдауға негіз болды.

25 желтоқсанда ұлттық телеарнадан сөйлеген сөзінде қырғыз президенті Асқар Ақаев Грузия мен Украинадағы оқиғаларды “шетелдердің қаржыландыруымен жүзеге асырылған төңкеріс” деп бағалады. Оның мәлімдеуінше, Қырғызстан Украинаның немесе Грузияның жолымен жүрмейді.

“Халықаралық интернационалдың, Қырғызстанда да “қызғалдақ төңкерісін” жүзеге асырғысы келгендердің мүддесі үшін біз экономикамыздың, халқымыздың осы күнгі жетістіктерін құрбан етуіміз керек пе? Біз еліміздегі ішкі келісімді қорғауымыз керек деп санаймын”, – деді қырғыз президенті.

Асқар Ақаевтың пікірінше, мұндай төңкеріс қырғыз халқының мұң-мүддесіне қызмет ете алмайды.

Қырғызстандағы кезекті парламент сайлауы биыл 27 ақпанда өтеді. Президент Ақаев өзінің айтқанына жүретін парламентті көргісі келеді. Қырғыз парламенті – Жогорку Кеңештің төменгі палатасында басым дауысқа ие болып келген ресми билікке жақын “Алға, Қырғызстан!” партиясы жаңа парламентте де көпшілік мандатқа ие болуға тырысып бағады.

Оппозициялық "Res Publica" газетінің хабарлауынша, осы мақсатта президент Ақаевтың әйелі Майрам Ақаева, қызы Бермет пен ұлы Айдар Ақаевтар және бірнеше туысы “Алға, Қырғызстан!” партиясы атынан парламент депутаттығына үміткер болып дауысқа түспекші.

Басқа хабарға қарағанда, 32 жастағы Бермет, Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның үлгі-өнегесі бойынша, президент-әкесін қолдайтын “Алға, Қырғызстан!” партиясымен бақталастыратын жаңа партия ұйымдастыруды жоспарлап отырған көрінеді.

Жаңа саяси партия не ресми билікпен ауыз жаласқан, не оппозиция жағына өтіп үлгермеген саяси күштердің басын біріктіріп көруі мүмкін.

Өткен дүйсенбіде “Моя столица” газеті хабарлағандай, Бермет Ақаеваны қолдауға қол жинау науқаны басталып та кетті. Өткен аптада “Қырғызстан халық қозғалысы” мен әлеуметтік “Атажұрт” қозғалысы, “Қырғызстанның Халық Конгресі” мен “Жаңа бағыт” партиясы және “Әділ сайлау үшін” қозғалысы алдағы сайлаудың барысында заңсыздықтардың болмауына кепіл болу үшін өзара бірікті. Олар ақпан айындағы парламент сайлауын еркін де әділ өткізу мақсатында өзара ынтымақтасу және түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Оппозицияның көздеген жалғыз мақсаты – сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз ету ғана емес. Олар, сондай-ақ, болашақ парламентте басым мандатқа ие болуға ұмтылады. Қырғызстанның Ұлыбританиядағы бұрынғы елшісі әрі елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Роза Отынбаева өзі бастаған “Атажұрт” партиясының алдына желтоқсан айында қойылған мақсат-мүддесін былай деп сипаттап берді:

“Біздің бүгінгі саяси іс-әрекетіміздің діңгегі – ол парламент сайлауына да, президент сайлауына да қатысу болмақшы. Біз республикадағы барлық сындарлы күштермен ынтымақтаса отырып, болашақ парламенттен басым орын алу үшін күреспек ниетіміз бар. Алдымызда жаңа парламенттегі орындардың үштен екісін жеңіп алу міндеті тұр”.

Ақпан айындағы парламент сайлауының нәтижесі өте маңызды. Өйткені, ол нәтиже қазан айының соңында өтетін президент сайлауына да сөзсіз ықпал етеді. Өзара ынтымақтасуына қарамастан, Қырғызстандағы оппозициялық партиялардың өз ортасындағы саяси бәсекелестік те жоғары болатын тәрізді. Оны бұрынғы сыртқы істер министрі, қазір “Жаңа бағыт” партиясының лидері Мұратбек Иманәлиев жасырмайды.

"Әрине, өзара ынтымақтастықтың болуына қарамастан, бәсекелестік орта туады, оның ішінде парламенттегі орындар үшін... Неге десеңіз, белгілі бір сайлау аймақтарында аталған барлық қозғалыс өз үміткерлерін дауысқа салады. Осындай саяси бәсекелестік президент сайлауында да болмақшы. Өйткені, меніңше, кейбір жекелеген қозғалыстан басқа барлық партия президент лауазымына өз үміткерлерін ұсынатын сияқты”, – дейді Мұратбек Иманәлиев.

Алайда, шамамен 40 саяси партиядан тұратын қырғыз оппозициясы ішкі ауызбірлігі жоқ әрі әлсіз саналады. Өткен тамыз айында таратқан есебінде штаб-пәтері Брюссельде орныққан халықаралық “Дағдарыс тобы” ұйымы қырғыз оппозициясының ішінде ауызбрліктің жоқтығын және көп жағдайда, елдегі саяси режимге тәуелді екенін атап көрсетті.

Оппозицияның кейбір өкілдері парламентте немесе тағы басқа істерінде ресми билікпен астыртын ынтымақ құрған.

Сонымен қатар, “Жаңа бағыт” және “Қырғызстанның халық қозғалысы” сынды кейбір оппозициялық күштер егер ресми билік сайлау нәтижесін бұрмалайтын болса, халықтың жаппай наразылық шеруін ұйымдастыратынын ескертті. Бірақ өзге партиялар ондай батыл қадамға бармай, көп құбылып отыр.

Өткен айда АКИ-Пресс ақпарат агенттігі оппозицияның 8 өкілінің: “Грузиядағы “мақпал” немесе Украинадағы “қызғылт-сары” төңкерісі Қырғызстанға лайық емес, себебі ондай төңкеріс елдің іргесін шайқауы мүмкін”, – деген пікірін келтірді.

17 желтоқсанда президент Асқар Ақаев аймақтағы террористік қауіп-қатер Қырғызстандағы саяси ахуалды ушықтыруы мүмкін деп ескертті. Ол ел ішіндегі саяси тұрақтылықты қорғауға үкіметтің жауапты болатынын атап көрсетті.

Қырғыз оппозициясы өз кезегінде бұл мәлімдемені ресми биліктің оппозицияға қарсы қыспағын күшейту деп бағалады. Оппозициялық “Еркіндік” партиясының лидері Топшыбек Тұрғынәлиев осылай деп санайды.

“Бұл Ақаевтардың – фантазиясы. Бұл – олардың оппозицияны қараламақ әрекеті. Қырғызстанда Ақаевтың айтып отырғанындай, “ұр да жық” оппозициялық күштер жоқ”, – дейді ол.

Әйтсе де қырғыз жастары Грузиядағы замандастарының “Кмара” (“Жетеді”) және украиндық жастардың “Пора” (“Уақыт жетті”) деген толқуларын қолдауға сақадай сай көрінеді. 29 желтоқсан күні Қырғызстанның “Алико”, “Жаңа Қырғызстан” және “Жаңа ғасыр” сынды студент жастарының бірнеше ұйымы бірлескен декларациясын қабылдады.

Онда Грузиядағы “мақпал”, Украинадағы “қызғылт-сары” төңкерістеріндегі жастардың атқарған рөліне жоғары баға беріліп, қырғыз студенттерінің де саясатқа етене араласуы қажеттігі атап көрсетілді. Сол күні президент Асқар Ақаев 2005 жылы студенттік стипендияның 60 пайызға ұлғайтылатынын мәлімдеді.

Өткен сейсенбі күні Қырғызстан халық ассамблеясы Америка Құрама Штаттарының Бішкектегі елшісі Стивен Юнгті Қырғызстанның ішкі істеріне жағаласты деп айыптады. АҚШ елшісі Асқар Ақаевтың биліктен кетемін деп айтқан сөзін қайта-қайта айтып жүрді. Қырғыз конституциясына сәйкес, Ақаев президент лауазымында соңғы мерзімін атқарып жатыр. Асқар Ақаев билік басында 1991 жылдан бері отыр.

Стивен Юнгтің атап көрсетуінше, ресми Вашингтон Қырғызстандағы биліктен ашық та әділ сайлауда алмасқанын қолдайды. Қырғызстанның халық ассамблеясы Вашингтонды қырғыз елін “мақпал төңкерісіне” жетелеп отыр деп айыптайды.
XS
SM
MD
LG