Accessibility links

Алматы соты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясын жабу туралы шешім шығарды


Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясын жабу туралы шешім шығарды. Оппозициялық партиядан ешкім бұл сот процесіне қатыспады, судья шешімді сырттай шығарды.

Қаңтардың 6-күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнар Мейіржанова «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясын жабу туралы шешім шығарды. Бұл сот мәжілісіне оппозициялық партияның басшылары қатыспағанды, сот процесі сырттай өтті.

Алматы қалалық прокуратурасы өткен жылдың желтоқсан айының 27-сі күні «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясын «конституцияны бұзды» деп айыптап, партияны тарату туралы Алматы қалалысындағы мамандандырылған экономикалық сотқа арыз түсірген болатын.

Прокуратура оппозициялық партияның былтыр желтоқсанның 11-і күні болған екінші құрылтайында қабылдаған саяси мәлімдемесінде Қазақстанда «қазіргі биліктің заңсыз екендігі» және партия «әкімдер мен соттардың шешімдеріне мойынсұнбайтыны» туралы айтылған сөздерді «Қазақстан қоғамына қауіп-қатер төндіреді» деп танып, партияның қызметін тоқтатуды соттан сұраған еді.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбеттің айтуынша, «судья Гүлнар Мейіржанова істі асықпай, байыппен, әділ қараудың орнына тездетіп, қалайда жылдам шешім шығаруға» тырысқанын айтады.

– Өйткені прокуратура болсын, сот болсын жоғарғы биліктен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясын таратуды бұйырған қатаң тапсырма алған, оларға соны орындау керек болды, – дейді Батырхан Дәрімбет.

Қазақстанның демократиялық күштерін үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай «билік ҚДТ партиясын таратуды көздеді, бірақ әділдік белден басылып, қарапайым сот талаптарына өзі орындалған жоқ, сот мәжілісіне ҚДТ партиясы үшін жауапкер, бірақ қазір ауырып жатқан партияның саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметовтың келуін күтпестен біржақты шешім қабылдауы дұрыс болмады» дейді.

Жұма күні БАҚ өкілдерімен болған кездесуде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис партияны жабу туралы сот шешіміне қарсы жоғарғы деңгейдегі сотқа шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Оның айтуынша, Жармахан Тұяқбай екеуі сотта қоғамдық қорғаушылар ретінде қатысуға келіскен.

Батырхан Дәрімбет «егерде билік алған бетінен қайтпай, қайткен күнде де ҚДТ партиясын жабатын болса, онда партияның идесына сенген жүздеген мың мүшелердің бастарын қосып басқа бір атпен партия құру жоспары барын» да айтты.
XS
SM
MD
LG