Accessibility links

Баспасөзге шолу. 7 қаңтар 2005 жыл.


Жұма күнгі баспасөз Алматының ауданаралық экономикалық соты “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” қоғамдық бірлестігін жабу туралы шешім шыққанын хабарлапты. Сондай-ақ басылымдар Қазақстан ұлттық банкінің экс-төрағасы Григорий Марченконың қаржы саласына қайта оралғанын жазыпты.

“Республика” басылымының болжамына сүйенсек, «2005 жылы Қазақстанда жаппай жазалау науқаны басталып кетуі ықтимал». Оның себебін осы басылымының жұма күнгі санында жарық көрген мақаласында Мұхаметжан Әділов жаңа жыл басталмай жатып-ақ биліктің “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабуға күш салуға кіріскендігімен және кейбір оппозиция өкілдерінің үстінен қылмыстық іс қозғала бастағандығымен байланыстырыпты.

Мақала авторының айтуынша, «биліктің мұндай өрескел әрекеттерге баруына Украинадағы оқиғалар мұрындық болып отыр». Мұхаметжан Әділовтың пікірінше, мұның бәрі де Қазақстандағы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін президенттік сайлау алдындағы іс-қимылдар. Соңғы бір айдың ішінде ғана болған оқиғаларға сараптама жасаған мақала авторы «АҚШ-та “Қазақгейт” ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі билікті осындай әрекеттерге баруға итермелеп отыр» деген жорамал жасапты.

Мұхаметжан Әділовтың болжамына қарағанда “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу бұл «биліктің алдын-ала ойластырған шарасы, яғни билік осындай қатқыл қадамға бару арқылы “Ақ жол” немесе Қазақстан коммунистік партиясы сияқты оппозициялық партияларға сес байқатып, жең астынан жұдырық көрсетіп отыр». Газет тілшісінің хабарлауынша, «ендігі уақытта билік оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдарға қарсы шабуылды бастайды».

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев “Республика” басылымына берген сұхбатында «оппозициялық партияларға және оппозиция өкілдеріне жасалып жатқан қысымдардың бәрі де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне үлкен нұқсан келтіретіндігін» айтыпты. Оның айтуынша, егер де билік “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жапса бұл халықаралық деңгейдегі үлкен дау-дамай туғызады.

Республикалық “Заң” және “Литер” басылымдары “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” таратылғандығы туралы ақпарат жариялапты. “Заң” газетінің хабарлауынша, 6 қаңтар күні Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық сотында судья Гүлнәр Мейіржанованың төрағалығымен өткен сот отырысында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” тарату туралы шешім шығарылған.

Мақала авторының айтуынша “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” үстінен арыз берген Алматы қаласының прокуратурасы аталмыш партияны конституцияны, “Қоғамдық ұйымдар туралы” және “Ұлттық қауіпсіздік туралы” заңдарды бұзып, халық арасына іріткі салып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге барды” деп айыптаған. Прокуратура атынан іске Алматы қалалық прокуратурасының аға прокуроры Алмас Рамазанов қатысқан.

“Заң” газетінде жарық көрген мақалада сот отырысына жауапкер ретінде тартылып отырған “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” төрағасы Асылбек Қожахметовтің қатыспағандығы да баяндалыпты. “Заң” газеті аталмыш партияның облыстардағы филиалдарының тіркеуден алынып тасталынып, сондай-ақ партияның мөрінің жарамсыз деп танылғандығын да хабарлапты.

Сондай-ақ мерзімді басылымдар Қазақстан ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконың қаржы саласына қайта келгендігіне де айрықша назар аударыпты.

“Айқын” газетінде жарық көрген Берік Бейсенұлының мақаласында үш ай премьер-министрдің орынбасары болып, артынан президенттің кеңесшісі қызметінен өз өтініші бойынша босаған Григорий Марченконың “Қазақстанның халық банкі” басқармасының төрағасы болып тағайындалғандығы айтылыпты. Мақала авторы “Халық банкі” директорлар кеңесінің шешімімен 10 қаңтардан бастап қызметке кірісетін оның бұл шешімінің талайлар үшін тосын жүріс болғандығына да тоқталыпты.

“Айқын” газеті Григорий Марченконың – журналистер үшін ашық тұлға екендігін айта келіп, “Халық банкі” Марченко үшін аз ғана уақыт аялдайтын орын болуы ықтимал деген болжам жасапты. Осыған орай “Айқын” газеті түсініктеме беруін өтініп Григорий Марченкоға да хабарласыпты. Алайда Григорий Марченко әлі ресми тағайындаудың болмағандығын, оның дүйсенбі күні белгілі болатындығынан хабардар етіпті. Сондай-ақ Григорий Марченко кейіннен баспасөз конферениясын өткізіп, бар жайды жұртшылыққа содан кейін хабардар ететіндігін де айтыпты.

“Новое поколение” апталығы Григорий Марченконың Оңтүстік Шығыс Азияда болған апат аймағынан келгендігін хабарлап, оның осы оқиғадан алған әсерін баяндайтын естелігін жариялапты. Григорий Марченконың айтуынша, ол он күн бойы осы аймақта болған. «Новое поколение” басылымында жарық көрген естелігінде Григорий Марченко теңіз маңайына демалуға шыққан кезде жағалаудан теңіздің көтеріліп келе жатқандығын бірден байқағандығын, содан кейін үлкен апаттың болатындығын алдын-ала сезіп, теңізден он метр биіктікте орын тепкен “Тадж” қонақ үйіне ауысуға мәжбүр болғандығын тілге тиек етіпті.

Григорий Марченконың айтуынша, апат аймағындағы адамдар өздерінің ауыр жағдайына қарамастан ең алдымен осы елге келген туристерге көмектесіп, олардың өз елдеріне аман-есен оралуына қол ұшын созып жатқан көрінеді.
XS
SM
MD
LG