Accessibility links

Сарапшылар Қазақстанда президент сайлауы өтеді деген болжам айтады


«Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясын жабу туралы сот шешімі шыққаннан кейін елде жақын арада президент сайлауы өтеді деген пікір айта бастады.

Қазақстандағы саясаткерлер мен саясаттанушылар Қазақстан оппозиционерлері шұғыл түрде президенттік сайлауға дайындалуы керек деп санайды. Мұндай пікірді қазақстандық саясаттанушылар «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының қызметін тоқтату туралы сот шешімі шыққаннан соң айтып отыр.

Оппозициялық партияның заңгерлері қолданыстағы заң бойынша бұл партия әлі 25 күндей жұмыс істей алатынын айтып, партияны жабу туралы сот шешімі түпкілікті күшіне кірмегенін алға тартады.

Алайда қазақстандық саясаттанушы Сәбит Жүсіпов бұл партия көп ұзамай жабылып қалуы мүмкін деген пікірде.

– Егер ресми Астана бұл партияны жапқысы келмегенде, шұғыл бұл партияны жауапқа тартып, сот шешімі шықпайтын еді. Алдын ала ескерту жасау керек еді, бірақ жағдай олай қалыптасып отырған жоқ, соған қарағанда, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы жабылып қалуы ықтимал, – дейді Сәбит Жүсіпов.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының жабылғанын Қазақстанның «Азаматтық партиясының» жетекшісі Азат Перуашев қолдап отыр.

– Бұл партияны жабуға заңды негіз болған, себебі бұл партия соңғы кездері Қазақстан конституциясын өзгерту керек, республикада бар жүйені өзгерту қажет деген мәлімдеме жасады. Бұл біздің заң, конституцияға сай келмейді. Ал Қазақстанның «Саяси партиялар туралы» заңы бойынша, мұндай үндеу тастайтын партияларды тіркеуге болмайды, сол себептен соттың шешімі дұрыс деп ойлаймын, – дейді Азат Перуашев.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының жабылғанын қаламайтын саясаттанушылардың бірі Бөріхан Нұрмұхамедовтің пікірінше, бұл оқиғадан кейін оппозиция өкілдері шұғыл түрде президенттік сайлауға дайындалуы керек.

– Біріншіден, бұл президенттік сайлаудың жақындағанының белгісі. Президенттік сайлаудың алдында биліктегілер саяси алаңды тазарту мақсатында осындай әрекетке барып отыр деуге болады. Бұл жерде партияға қатысты қабылдаған шешімді ғана ескеріп қоюға болмайды, бұл оқиғалар қатарына Заманбек Нұрқаділовке қарсы қозғалған істі және «Сорос Казахстан» қорына тағылып отырған айыпты бірге қарастыру керек, – дейді Бөріхан Нұрмұхамедов:

Ал оппозиция қатарында жүрген Әміржан Қосановтың айтуынша, Әкежан Қажигелдин бастаған «Қазақстанның республикалық халық партиясының» қатарына енді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының мүшелері қосылады және бұл тізім болашақта толыға түспек.

– Бұл оқиға арқылы біз қазіргі таңда Қазақстандағы саяси режим өзінің қарсыластарына түрлі шара, түрлі мүмкіндіктерді пайдалана алатынын көре аламыз. «Саяси партиялар туралы» жаңа заң шыққанда, сол заң бойынша, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы тіркеуден өткенде, ресми Астана өкілдері: «бізде оппозиция өкілдері партия аша алады, бізде пікір алуандығы бар» деп жариялаған болатын. Ал қазіргі кезде бұл партияның жабылғанын мен, мемлекеттегі саяси ахуалдың қатаңдай түскені деп бағалар едім, – дейді Әміржан Қосанов.
XS
SM
MD
LG