Accessibility links

Баспасөзге шолу. 8 қаңтар 2005 жыл.


Мерзімді басылымдарда “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” мәжбүрлеп тарату туралы шыққан сот шешіміне орай Алматы қалалық прокуратурасы баспасөз құралдарына түсініктеме бергендігі айтылыпты.

“Егемен Қазақстан” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Айнаш Есалидың мақаласында Алматы қалалық прокуратурасының талап-арызы бойынша Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” мәжбүрлеу тәртібінде тарату туралы шешім шығарғандығына орай 7 қаңтар күні оңтүстік астанада осы мәселеге байланысты Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз брифингін өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне түсініктеме бергендігі хабарланыпты.

Журналистермен кездесу барысында Алматы қаласының прокуроры Сәттібек Оңғарбаев "аталмыш партия тарапынан бұған дейін де көптеген өрескел заң бұзушылыққа жол берілгенін" атап өтіпті. Оның айтуынша, "партияның заңсыз өткізген үш митингісі бойынша 7 адам әкімшілік жауапқа тартылған, партия өкілдері өткен жылғы парламент сайлауы кезінде де заң бұзушылық әрекеттерге барып, жалған мәліметтері бар бюллетеньдер жасаған".

Сондай-ақ “Егемен Қазақстан” басылымында жарық көрген мақалада 7 қаңтар күні Ұлттық баспасөз клубында бірқатар саяси партия өкілдерінің жиналып баспасөз мәслихатын өткізгендігі де айтылыпты.

Мақала авторының айтуынша, баспасөз мәслихатына қатысқан демократиялық күштерді үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай, Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин, “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбет және адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис сот шешіміне наразылық білдірген.

“Айқын”, “Казахстанская правда” және “Алматы ақшамы” басылымдары болса ресми орындардың "бұл оқиғада ешқандай да саяси астар жоқ" деп мәлімдегендігін хабарлапты. Сондай-ақ аталмыш басылымдар бейсенбі күні сот отырысының жауап берушілердің қатысуынсыз өткендігін де айтып өтіпті.

“Литер” басылымына берген сұхбатында Алматы қаласының прокуроры Сәттібек Оңғарбаев 11 желтоқсан күнгі “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының екінші құрылтайында жасалған саяси мәлімдемесінде "саяси экстремизмге шақыратын тұстардың бар" екендігін тілге тиек етіпті. Оның айтуынша, аталмыш саяси мәлімдемедегі: “Біз бұл президентті мойындамау, бұл парламентті заңсыз деп тану арқылы – биліктің легитимді екендігін мойындамаймыз. Сондықтан да біз қоғамдағы күштерді азаматтық тұрғыдан бағынбауға шақырамыз” деген сөздер "конституцияға қайшы келеді және саяси экстремизмге шақыру болып табылады".

Сондай-ақ Алматы қаласының прокуроры Сәттібек Оңғарбаев “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының басшысы Асылбек Қожахметовтың Египетке демалуға кетіп қалғандығын да айтыпты. Прокурор Сәттібек Оңғарбаевтың айтуынша, расында да Асылбек Қожахметов дәрігерлік көмек сұрап дәрігерлерге барған.

Сондай-ақ газет тілшісіне берген сұхбатында Сәттібек Оңғарбаев “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының іс-қимылдарында "ылғи да популистік мақсаттардың ғана жататындығына" тоқталыпты. Оған дәлел ретінде прокурор аталмыш партияның "кейде зейнеткерлердің мәселелерін шешіп береміз деген сыңайдағы уәде беріп, оларды митингіге шақыратындықтарын" мысалға келтіріпті.

“Экспресс К” басылымының хабарлауынша, сотқа шағымданған прокуратура өкілі тарапынан “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының облыстардағы филиалдарын жабу туралы да талап қойылған. Басылымның жазуынша, құқық қорғаушы Евгений Жовтис пен экс-спикер Жармахан Тұяқбай сотқа келген журналистерге "бұл істің саяси астары бар екендігін" мәлімдеген.

Жаңадан жарық көре бастаған “Central Asia Monitor” басылымы болса сарапшы Николай Кузминнің "Алматы қалалық прокуратура өкілдерінің бұл оқиғада саяси астардың бар екендігін жасырмай отырғандығын" атап өткен пікірін беріпті. Сарапшының айтуынша, "биліктің көздеген мақсаты – “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу емес, билік осындай қатқыл қадамдарға бару арқылы оппозицияны келіссөз жүргізуге мәжбүрлегісі келіп отыр".

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы “Республика” басылымына берген сұхбатында “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу туралы шешімді "биліктің ең үлкен қателігі" ретінде бағалапты. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, ендігі уақытта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа демократияны дамытуға байланысты осы кезге шейінгі берген уәделерінен бас тартуға тура келеді.

“Республика” басылымы “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының басшысы Асылбек Қожаахметовпен байланысқандарын, оның шындығына да денсаулығына байланысты Египетте жүргендігінен де хабардар етіпті.
XS
SM
MD
LG