Accessibility links

Өзбекстан Қазақстанмен шекарасын күшейтпек деген хабар тарады


Өзбекстан билігі Қазақстанмен шекарада ерекше бір аймақ құрмақшы деген ақпаратты әзірге ол елдің ресми орындарынан анықтау мүмкін болай отыр.


«Фергана.ру» сайтында қаңтардың 5-і күні Ташкент облысының Кибрай шекаралық ауданында тұратын екінші дүниежүзілік соғысына қатысқандармен және совет одағы қарулы күштері ардагерлерімен кездесуде осы ауданның әкімі Шәкір Икрамов пен Өзбекстан қорғаныс министрлігінің өкілдері «Өзбекстан үкіметі Қазақстанды өзінің әскери қарсыласы және террорлық қауіп төндіретін ел ретінде қарастырып отыр» деп мәлімет таратқаны туралы ақпарат жарияланған еді.

Азаттық радиосы бұл ақпаратқа қатысты Өзбекстанның ресми орындарынан қандай да бір түсініктеме алуға тырысқанымен олардан жауап алу мүмкін болмады. Сол сияқты Қазақстан тарапынан да бұған қатысты әзірге ешқандай реакция болған жоқ. Тек Қазақстан сыртқы істер министрлігінің қызметкері Мұхтар Кәрібай Азаттық радиосына:

– Мына мәлімет бойынша біз анықтама жұмыстарын жүргізейік. Саяси департаменттерден бұл ақпаратты анықтап, сіздерге сосын хабарласамыз, – деп жауап берді.

Қазақстандық саясаткер Сейдахмет Құттықадам Өзбекстан билігі бұған дейін де Қазақстанға қатысты осы тақылеттес мәлімдеме жасағанын еске алды.

– Былтыр Ташкент қаласының орталығында жарылыстар болған кезде Өзбекстан қауіпсіздік күштері жанкештілер Қазақстанның оңтүстігінде дайындықтан өткен, Қазақстанда лаңкестердің ұясы бар» деп мәлімет таратқаны есте. Осы мәселеге орай Қазақстан қауіпсіздік күштері алдымен ол ақпарат жалған деп алып, артынша «иә, Қазақстанда ондай азаматтар бар екен» деп бірнеше адамды Өзбекстанға өткізіп берді. Осы жайт және екі ел президенттерінің өзара бақталастығы Өзбекстан билік өкілдерінің осындай мәлімет таратуына себеп болып отыр, – дейді саясаткер Сейдахмет Құттықадам.

Оның айтуынша, бұндай мәлімдемелердің астарында геосаяси мақсат-мүдделер болуы мүмкін.

– Жаһандану мәселесі өткірленіп, Орталық Азияға бәсекелестік күшейген кезде, Еуропа, АҚШ, Ресей, Қытай осы Орталық Азияға билік жүргізуге күресіп жатыр. Олар қолдарынан келсе мұндағы елді бір-біріне қарсы салуы, шағыстыруы мүмкін. Оның барлығы – саясат. Өзінің мақсат-мүддесіне жету үшін олар ештеңеден тайынбайды. Біз ең алдымен осыған қарсы тұруға тиіспіз, – дейді Сейдахмет Құттықадам.

Жоғарыда аталған сайттағы ақпаратта Өзбекстан үкіметі Қазақстанмен арадағы шекарасында 2 шақырымнан 5 шақырымға дейінгі аралықта ерекше бір аймақ құру туралы туралы шешім шығарып қойғаны жарияланған. Осы шешім негізінде шекаралық аймақта орналасқан екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің үйлері бұзылатын болады және бұл істі ақпанның 1-іне дейін аяқтау көзделіп отыр деп жазады «Фергана.ру» сайты.

Ақпарат сайтында келтірілген мәліметте «бүгінде Өзбекстанда есірткі тасымалының кең таралған 4 жолы бар» екендігі айтылған. Оның үшеуі Қазақстанмен шектеседі. Мақала авторы: «Өзбекстан Үкіметі осындай 9 жолдың торабынан бейсауыт азаматтарды көшіріп, контрабандалық тауар тасымалын толық өз қадағалауына алмақ. Ал, оны бақылап отыру әркімге-ақ шаш етектен пайда әкелері хақ» деген байлам жасапты.
XS
SM
MD
LG