Accessibility links

Оппозиция да, билік партиясының өкілі де парламентті күшейтуді ұсынады

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстандағы бірқатар саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар белсенділері Қазақстан конституциясы өзгерту қажет деп санайды. Оппозиция да, билік партиясының өкілі де парламенттің құзыретін кеңейтуді жақтайды.

Алматыда «Демократия үшін азаматтық диалог» тақырыбымен өткен дөңгелек үстел жиынын Фридрих Эберт атындағы халықаралық қордың қолдауымен Қазақстанның ұлттық зерттеулер институты ұйымдастырды.

Жиынға Қазақстандағы бірқатар саяси партиялардың, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Басқосуда Қазақстанның негізгі заңы – конституцияны өзгерту қажеттігі туралы ұсыныстарайтылды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов өткен күзде болған парламент сайлауындағы "жаппай заңсыздықтар бұл сайлаудың заңдылығына көлеңке түсіргенін" қадап айтты,

- Ал енді бұндай парламентке қалай сенуге болады? Ол қалай ел тағдырын шешетін заңдарды қабылдай алады? Егер биліктің өзі қазіргі конституцияны өзгерту қажеттігін түсінсе ең дұрысы сол болар еді, - дейді Әлихан Бәйменов.

Қазақстанның Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов конституцияға "аз-паз өзгерту енгізу керек пе, жоқ әлде оны толықтай жаңадан жазып шығу керек пе - бұл әлі де көп талқылануды қажет ететін тақырып" екендігін атап өтті.

- Алайда егер өзгерту енгізу қажет деп табылған жағдайда онда билік жүйесі қалай болу керек, ең алдымен соны ойластырған жөн, - дейді Ғани Қасымов.

Оның пікірінше, "Қазақстан үшін қазіргі президенттік биліктен гөрі парламентке иек сүйеген президенттік-парламенттік билік дұрыс болмақ".

Бірақ ол президент пен парламент арасында билікті қалай бөліп сәйкестіру "өте қиын, сезімтал мәселе екендігін" де мойындайды.

Билікті қолдайтын «Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Болатхан Тайжан "Қазақстан үшін ең дұрысы - күшті парламентке негізделген парламент билігі" деген пікір білдірді.

- Парламент үкімет басшысын тағайындайды, ал елдің экономикасына осы премьер-министр тікелей жауап береді, әлемде көптеген елдерде осылай, - дейді Болатхан Тайжан.

Алматыдағы ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов "конституцияға өзгерту қажеттігін соңғы кезде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де айтып жүргенін" еске салады.

- Сондықтан да қандай өзгертулер кіргізу керектігін нақты ұсыныс ретінде талқылап, келесі жылғы президент сайлауына дейін өзгертілген жаңа конституцияны қабылдау қажеттігі өзекті мәселе болып отыр, - деген пікір айтады сарапшы.
XS
SM
MD
LG